Қырғыз-Қытай шекарасында зілзаладан зардап шеккендерге көмек жеткізіліп жатыр

1125

Бұл дүмпуді Орталық Азияның бірнеше елі сезді және де таңертеңнен бері Шыңжаңда жер тағы 50 рет сілкінген. 

Қырғыз-Қытай шекарасында зілзаладан зардап шеккендерге көмек жеткізіліп жатыр  Фото: reuters.com

Сейсенбі күні Қырғызстан мен Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық Аймағының шекарасындағы Ақсу префектурасында (әкімшілік бөлік) 7,1 балдық жер сілкінісі болып, 6 адам зардап шеккен. Олардың төртеуі – балалар, екеуі – ауыр халде және де 120-дан астам үй қираған немесе зақымданған. Бұны Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдары хабарлап отыр, деп жазады inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Қытай жер сілкінісі басқармасының айтуынша, зілзаланың эпицентрі осы елдің солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағындағы Үштұрпан таулы шекаралық аймағында 22 шақырым тереңдікте анықталған және ол бүгін жергілікті уақытпен түнгі сағат 2:09-да болыпты.

АҚШ-тың Геологиялық қызметі болса, 7-баллдық дүмпу Тянь-Шянь тауларында анықталғанын хабарлап отыр. Бұл сейсмикалық белсенді аймақта қуаты дәл осындай жер сілкінісі 1978 жылы да болған екен.

"Синьхуа" агенттігі Шыңжаң жер сілкінісі агенттігіне сілтеме жасап хабарлағандай, зілзала ошағы Үштұрпаннан 50 шақырымдай жерде тіркелген және оның айналасындағы 20 шақырым радиуста 5 ауыл орналасқан.

Автор фото: Reuters

Ал Қытай жер сілкінісі желілері орталығының мәліметінше, таңғы сағат 8-дегі жағдай бойынша негізгі сілкіністен кейін жер тағы 50 астам рет дүмпіп, олардың қуаты 3 баллдан жоғары болған.

Қытайдың Weibo әлеуметтік желісінде желі қолданушылары зілзаланың Үрімші, Корла, Қашғар, Инин және олардың төңірегіндегі аудандарда қатты сезілгенін айтып отыр.

"Синьхуаның" өзге бір дерегінше, Шыңжаңда теміржол зақымданып, 27 пойыздың жүруіне тыйым салынды.

Қытайдың жер сілкінісімен күрес басқармасының зардап шеккендерге көмек көрсету штабы мен Төтенше жағдайлар министрлігі бірлесіп, жедел әрекет ету қызметтерін дереу іске қосып, жергілікті құтқару жұмыстарына басшылық ету үшін арнайы топ жібергенін мәлімдеді.

Жер сілкінісінен кейін Үштұрпан өрт сөндіру және құтқару бригадасы 10 адамнан тұратын алдын ала топты жедел түрде эпицентрге жіберді. Ақсу префектурасының өрт сөндіру және авариялық-құтқару жасағы да зілзала ошағына жету үшін 60 адамды жұмылдырған.

Автор фото: Reuters

Шыңжаң өлкелік өрт сөндіру және авариялық-құтқару бөлімінің мәліметінше, апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету миссиясына барлығы 182 техника, 800 адам және 32 ит тартылды.

Осы уақытқа дейін, Үштұрпан уезіне 1000 шатыр, 5000 мақта төсеніш, жылы киім, 10000 көрпе мен матрац, 5000 жиналмалы төсек және 1000 пеш жіберілген.

Жалпы алғанда, соңғы 24 сағат ішінде Шыңжаңда бірнеше рет күшті жер сілкінісі болған.

Қытайдағы дүмпуді Қазақстанмен бірге Қырғызстан, Өзбекстан тұрғындары да сезген.

Бұндай оқиғалар Қытайдың батысында, соның ішінде Ганьсу, Цинхай, Сычуань және Юньнань провинцияларында, сондай-ақ, Шыңжаң аймағы мен Тибетте жиі болып тұрады. Желтоқсан айында Ганьсудағы алапат зілзала 151 адамның өмірін қиды. Бұл – Қытайда соңғы тоғыз жылда болған ең жойқын жер сілкінісі екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу