Қырғыз тауларында қалған альпинистердің жоғалу хронологиясы белгілі болды

ҚР Сыртқы істер министрлігі өкілдері тауда жоғалған альпинистер туралы ресми ақпарат таратты.

Қырғыз тауларында қалған альпинистердің жоғалу хронологиясы белгілі болды

ҚР Сыртқы істер министрлігі өкілдері берген мәліметтер бойынша, альпинистер 14 тамыз күні Победа шыңын бағындырған. Қайтар жолда ауа райы құбылып, үш альпинист қар құрсауында қалып қойған. Соңғы рет олар 15 тамыз таңертең байланысқа шыққан. Содан бері олардан еш хабар болмаған. Қазірге белгілісі, бір альпинист қаза тапқан. Ал қалған екеуінің қатты соққан желден жабдықтары ұшып кеткен. Сондықтан олар тауда ор қазып, қардың астында көмек күтуде.

"Біз GPS арқылы альпинистердің тұрақтаған жерін анықтау мақсатында Thuraya операторына хат жаздық. Олардан нақты ақпараттар күтудеміз. Сонымен қатар біздің елшілер қазақстандық тікұшақтардың Қырғызстан аумағына ұшуға мүмкіндік беретін құжаттар әзірлеуде. Қазір Төтенше жағдайлар комитеті арнайы тікұшақтар дайындап қойды. ҚР Қорғаныс министірлігі жедел іздестіру тобын жасақтады. Одан бөлек қатарында Қазақстан, Ресей, Қырғызстан альпинистері бар тағы бірнеше іздестіру тобы құрылды",-дейді ҚР Сыртқы істер министрлігі өкілдері.

Құтқару жұмыстарын қиындатып тұрған мәселе - аман қалған екі альпинист байланысқа соңғы рет 6900 метр биіктікке шыққан.  Мұндай биіктікке тікұшақтар көтерілмейтіндіктен, оларға тек жаяу іздестіру тобы бара алады. Әрі күн райының құбылуы жоғалғандарды күндізгі 12.00-ге дейін ғана іздестіруге мүмкіндік береді. Себебі 12. 00-ден кейін тауларды бұлт басып, құтқару жұмыстарына кедергі келтіруде.

"Альпинистердің туған-туыстары қазір Бішкекте. Елшілік жанында жедел штаб құрылды. Сол жерде олар барлық білетін ақпараттарымен бөлісуде, құжаттар дайындауда. Бір өз тарапымыздан альпинистер аман-есен ортамызға оралады деп сенеміз. Өйткені олар бұл салада 10-15 жылға жуық тәжірибесі бар мықты мамандар. Оған қоса мұндай шыңдарды бұрын бірнеше рет бағындырған болатын",- деп түйіндеді ҚР Сыртқы істер министрлігі өкілі.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу