Қырғыздар Қазақстанға су беретін болды ма? Үкімет неге үнемдеуге көшті

2361

Су ресурстары және ирригация министрлігі Шу және Талас өзендері бассейндеріндегі су шаруашылығы жағдайы өткен жылмен салыстырғанда қолайлы болады деп болжап отыр.

Қырғыздар Қазақстанға су беретін болды ма? Үкімет неге үнемдеуге көшті Фото: canva.com

13-14 қарашада екі тарап өкілдері Шымкентте кездесіп биылғы маусымның кестесін бекітті, демек Қырғызстан Қазақстанға 40 текше метр су беруге келісіп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Былтыр Қырғызстан Шу мен Талас өзендерінде су тапшы деп, Қазақстанға екі ел арасындағы мәмледе көрсетілген кестеге сәйкес судың қажетті мөлшерін бермеді. Салдарынан Жамбыл облысы, Киров қоймасындағы су қоры бір жылда 145 млн текше метрге азайып, Байзақ, Талас және Жамбыл аудандары тапшылықтың дәмін татып, егіс алқаптарына орасан зиян келтірілді.

Сол кезде (17-19 шілдеде - ред.) Шу және Талас өзендеріндегі суды бөлу мәселесін шешу үшін Бішкек қаласында Қырғызстан мен Қазақстан өкілдері кездесіп, біздің тарап жамбылдық диқандардың күрделі жағдайын тілге тиек етіп, 18-31 шілде аралығында Киров су қоймасынан берілетін суды секундына 45 текше метрге дейін арттыруды сұраған.

Келісім бойынша бізге 40 текше метр су берілуі тиіс болатын, алайда қырғыздар да су тапшылығына шағымданып, 45 текше метрден су жіберетін болса, 1 тамызға қарай Қазақстанның үлесі 3,54 млн текше метр болатынын, секундына 10 текше метр шығын кезінде су 4 тамызға дейін таусылатынын ескерткен еді.

Берілген есеп пен дәлелдерге қарамастан Қазақстан тарапы өтінішінен бас тартқан жоқ, бірақ тамыз айының екінші онкүндігінен бастап Қазақстанға су берілмейтіні туралы хаттамаға қол қойды. Дегенмен Қырғызстан Киров су қоймасына құйылатын ағыс ұлғайған жағдайда Қазақстанға арнап су жинайтынын айтып, мәселені жылы жапқан еді, бірақ Ауыл шаруашылығының өзі хабарлағандай, келіп жатқан судың көбейетін түрі жоқ.

Жалпы Қырғызстанның су бермей қалуы – жиі қайталанатын құбылыс, мысалы, 2006-2011 жылдар аралығында Қазақстан суды өзіне қажетті деңгейден аз мөлшерде алып келген. Жамбыл облысының Шу өзені есебінен сумен қамтылу деңгейі қажетті деңгейдің 90 пайызын, ал су аз жылдары небәрі 77 пайызын құраған. Ирригациялық жүйелер жағдайының нашарлығынан Талас өзені суының орташа 27, Шу өзені суының 23 пайызы ысырап болған.

Ал "Қазгидрометтің" ақпаратына сәйкес, биыл да жазда аптап ыстық күтіліп, жауын-шашын мөлшері нормадан төмен болатынын ескерсек, тағы да көршімізге мойын бұратынымыз сөзсіз.

"Алдын ала болжам бойынша жаздың басында жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде нормадан аз болады деп күтілуде. Шілдеде және тамызда Қазақстанда ауаның орташа температурасы нормаға жуық болып күтілуде, тек тамызда-елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында әдеттегіден сәл ыстық болады (нормадан 1°С жоғары). Көпжылдық мәннен төмен жауын-шашын елдің оңтүстік-батысында және оңтүстік жартысында шілдеде, сондай-ақ Қазақстанның орталығында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында тамызда күтіледі", – делінген inbusiness.kz сұрауына берілген хабарламада.

Дегенмен Су ресурстары және ирригация министрлігі Шу және Талас өзендері бассейндеріндегі су шаруашылығы жағдайы өткен жылмен салыстырғанда қолайлы болады деп болжап отыр және екі тарап осы жылға кестені бекітіп қойғанын мәлімдеді.

"2023 жылғы 13-14 қарашада Қырғыз Республикасы Бішкек қаласында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі мен Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің су ынтымақтастығы мәселелерін талқылау бойынша өткізілген кездесуде Тараптар 1983 жылғы 23 ақпандағы КСРО-ның Су шаруашылығы және мелиорация министрінің орынбасары бекіткен "Шу өзені ағынын бөлу туралы" және "Талас өзені ағынын бөлу туралы" Ережелерге сәйкес су ресурстарын қамтамасыз ететіндерін растады", – делінген министрліктің редакцияға берген жауабында.

Демек биыл Қырғызстан келісімге сәйкес Қазақстанға 40 текше метр су беруге келісіп отыр, ал сәуірде Шымкент қаласында өтетін Шу және Талас комиссиясының кезекті 33-ші отырысы аясында Шу және Талас өзендері бассейндеріндегі мемлекетаралық пайдалануға арналған су шаруашылығы нысандарының жұмыс кестелері бекітілмек.

Қазақстан су жағынан бір ғана Қырғызстанмен байланыс орнатумен шектелмейді, себебі су ресурстарының тек жартысы ғана ел аумағында түзіледі. Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Ресей мен Қытаймен де келісім жасалған. Аталған келісімдерді жүзеге асыру мақсатында трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі бірлескен комиссиялар мен жұмыс топтары қызметін жүзеге асырады.

Олардың аясында трансшекаралық өзендердің негізгі мәселелері бойынша шешімдер қаралады және қабылданады. Сондай-ақ, көрші елдермен су бөлу мәселесі бекітілген Ережелерге сәйкес жүргізілуде.

Су тапшылығы – бір ғана келісіммен шешілетін мәселе емес, оның алдын алудың тағы бір жолы ретінде министрлік суды үнемдеуге ден қоймақ.

"Жақын болашақта 9 облыс аумағында 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту, 3,5 мың шақырым каналды цифрландыру жоспарланып отыр.  Аталған іс-шараларды іске асыру – тасымалдау кезінде судың өнімсіз шығынын 50%-дан 25%-ға дейін азайтуға, қолда бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға ұлғайтуға, сондай-ақ экономика салаларын кепілдендірілген сумен қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту үшін гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін жақсартуға мүмкіндік береді", – делінген хабарламада.

Қызылордада австралиялық Rubicon Water компаниясымен ирригациялық каналдарды жаңғырту бойынша бірлескен жоба жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Бір ай ішінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталуы тиіс. Содан кейін оны Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары зерттейді.

Ал Қонаев қаласында тамшылатып суару жүйелерінің қослқы бөлшектерін шығртын зауыт ашылады. Зауыт – қазақстандық және Қытай кәсіпкерлерінің бірлескен жобасы. Кәсіпорын қуаты аптасына 500 гектарға дейін жерді тамшылатып суару технологиясымен қамтамасыз етуге жетеді деп күтіліп отыр. Алдағы уақытта Тараз қаласында да осындай зауыт ашу жоспарда бар.

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі егін алқаптарын қысқарту арқылы су тапшылығымен өзінше күресіп жатыр.

"Үкімет тапсырмасын және вегетация кезеңінде фермерлерді суармалы сумен қамтамасыз етуде туындайтын проблемаларды ескере отырып, ылғалды көп қажет ететін дақылдар алаңдарын қысқарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылы өткен жылмен салыстырғанда мақта алқаптарының 116 мың гектардан 100 мың гектарға дейін, яғни 16 мың гектарға қысқаруы болжанып отыр, күріш алқаптары 6,4 мың гектарға қысқарып, 93,9 мың гектарды құрайды", – делінген министрліктің редакцияға берген жауабында.

Ақыр соңында суды үнемдейтін суару технологияларын жылына 150 мың гектарға дейін енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Министрлік Су ресурстар және ирригация министрлігімен бірлесіп Ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларын өзгертпек.

"Су берушілерге субсидияларды тікелей төлей отырып, құнын арзандату жолымен суармалы су беру жөніндегі қызметтерді сатып алуға арналған шығындар өтеледі. Осылайша, фермерлер келіп түскен субсидияларды күтпестен, арзандатылған құны бойынша су беру қызметтерін сатып алатын болады. Қазіргі уақытта бұйрықтың жобасы мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жолданды", – делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу