Қырғыздың тауарына бағытты жол картасы нұсқайды

1682

Қазақстан Республикасы және Қырғызстан Республикасының бірінші вице-премьерлері "сауда дүрдараздығынан" шығудың жолын әзірлейтін болды.

Қырғыздың тауарына бағытты жол картасы нұсқайды

Кеше Қырғызстан Республикасының премьер-министрі Сапар Исаков бастаған ресми делегация Қазақстан Республикасының премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевпен келіссөз жүргізді.

Қырғызстанның министрлер кабинеті басшысы қырғыз тарапының бастамасымен болған телефон арқылы әңгімеден кейін сапармен келді.

"Мен, Қырғызстан премьер-министрі ретінде, сындарлы жұмыс жүргізуге ниеттімін", – деп атап кетті Сапар Исаков.

Қазақстан Республикасы премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен Қырғыз Республикасы премьер-министрі Сапар Исаков шағын және кеңейтілген құраммен кездесулер өткізді.  Кездесу барысында ЕАЭО және ДСҰ нормалары мен ережелеріне сай шекаралық, көлік, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау, кедендік және салықтық әкімшілендіруге қатысты мәселелер қаралды.  

"Біріншіден, біз екіжақты экономикалық қарым-қатынастың проблемалық тұстарын қарастырдық. Бұл біздің елдердің шекара, көлік, фитосанитарлық және ветеринарлық қадағалау саласындағы өзара әрекет етумізге қатысты мәселелер. Сондай-ақ ЕАЭО нормалары мен ережесіне сәйкес келетін кедендік және салықтық әкімшілендіруге қатысты проблемалық мәселелер қаралды", – деп  дәйектеді ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар бұл жерде Қазақстанның кеден органы қырғызстандық импорттаушылардың  Қытайдан алып келе жатқан тауарларды Қазақстан аумағы арқылы Ресейге алып өтуде жалған декларациялау фактілерін анықтағаны сөз етілді.

"Осыдан біз тікелей шығынға ұшыраудамыз", – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Бұған дейін ҚР қаржы министрлігі және оның бақылауындағы мемлекеттік кіріс комитеті шекарадан өтетін тауарлардың тасымалына бақылауды күшейту керек екенін айтқан болатын.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов журналистерге Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекараларының жаңа периметрлерін сапалы жарақтандыру және ЕАЭО-ға мүше барлық елдердің экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында сыртқы бақылауды нығайту үшін Қазақстан көршілерге 41,2 млн доллар мөлшерінде көмек көрсету туралы келісімді ратификациялағанын айтты. Сонымен қатар Бішкекке Мәскеуде көмек көрсеткен.

ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитеті төрағасы Ардақ Теңгебаев 1 қазаннан бастап "Астана-1" жаңа ақпараттық платформасының "Транзит" қосалқы жүйесі іске қосылғанын сөз етті. Ол кедендік декларацияларды электронды түрде ұсынуға және тиімді кедендік бақылауды іске асыруға мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар автоматты түрде тәуекелдерді басқару жүйесі кедендік шаралар бойынша шешім қабылдауда және әкімшілендіруде адами фактордың болмайтынын көрсетеді. Сөйтіп жемқорлықты азайтады.

Ардақ Теңгебаев бүгінгі күні жаңа ақпараттық жүйе 13599 транзиттік декларацияны рәсімдегенін тілге тиек етті. Көп жағдайда тәуекелдерді басқару жүйесі Қырғызстанның транзиттік декларациясы бойынша іске қосылған.

"Қытай Халық Республикасынан Қазақстан аумағы арқылы Қырғызстанға тауарларды транзиттеу көлеміне сараптама жасау – мұндай тасымалдың көлемі күрт өскенін көрсетеді. 2015 жылы 130 мың тонна тауар, 2016 жылы 216 мың тауар орналастырылған. 2017 жылдың тоғыз айы ішінде тауарлар көлемі 160 мың тонна болған. Сонымен бірге Қырғызстанға кететін қытай тауарлары транзиті артқаннан кейін Қазақстанға келетін қытай тауарлар импорты қысқарған", – деді ол.

Мұнымен қатар кедендік құнның төмендегені байқалады. Қазақстан мен Қырғызстанда кедендік тазарту барысында қолданылатын тауарлардың кедендік құны индексін салыстыру– Қырғызстан Республикасының кеден органдары қолданатын кедендік құн Қазақстанның қолданатынынан көп төмен екенін көрсетті. 

Кей жағдайларда ауытқу Қазақстанның кедендік құнынынан екі немесе бірнеше есе болып жатады. Мемлекеттік кіріс комитеті мұның барлығы Қазақстанда тауарлардың кедендік құнын қатаң әкімшіліктендіру, сондай-ақ Қырғызстан Республикасының кедендік органы тарапынан келетін тауарлардың кедендік құнын және декларацияның дұрыстығын бақылаудың олқылығы салдарынан болып отыр деп атап кетті.

Қытайдан Қырғызстанға өткізілетін тауарларға мониторинг жүргізу барысында тек төмендетілген кедендік құн фактісі ғана емес, сондай-ақ  тауарлық-көліктік жүкқұжатта нақты салмағы мен тауардың атауын көрсетпей, тауарлардың атауын айырбастап, контрабандалық жолмен тауар әкелу фактілері белгілі болды.

Қырғызстаннан тауарды дұрыс әкелмеу салдарынан тек осы күндердің өзінде бюджетке 5 млрд теңге түспей қалған.

"Біз декларациядағы мәліметтерді алып қарадық. Онда тауар ағынының жартысы көрсетілмеген. Біздің есептеуіміз бойынша, декларация жасалмаған тауарлардың құны шамамен 49 млрд доллар болған. Яғни бұдан Қазақстан бюджетіне ҚҚС түспейді деген сөз. Сонда біз 5 млрд теңгеден астам шығынға батып отырмыз. Осыған байланысты тап қазіргі уақытта мемлекеттік кіріс органы Қырғызстан Республикасынан келетін тауарларды бақылауда", – деді Ардақ Теңгебаев.

Қырғызстан шекарасындағы көлеңкелі тауар айналымынан ЕАЭО елдері шамамен 300 млн доллар шығынға батуда.

ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бақылауды күшейткен кезде көлік тасымалы саласында заң бұзушылықтың бар екені анықталғанын айтты.

"Бастапқы жеті күнде 2721 көлік тексерілді де, 193 заң бұзышылық анықталды. Бұл заң бұзушылықтың 60%-дан астамы Қырғызстан көліктеріне тиесілі. Яғни әрбір алтыншы немесе жетінші қырғыз көлігі Қазақстан аумағы арқылы заң бұзып өтеді", – деді Жеңіс Қасымбек.  

Оның айтуынша, тасымалдаушыларда көбінесе тауарлық-көліктік жүкқұжат болмайды, машиналар үлкен жылдамдықпен жүреді, сондай-ақ бірқатар басқа да заң бұзушылық бар.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, қырғызстандық тарап қойылған мәселелермен келісті.

"Премьер-министр Сапар Исаков Қырғызстанның өз міндетін орындауына байланысты проблемаларды шешуге сындарлы тәсілді қолдануға, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде экономикалық мүдделерді сақтауға кепіл берді", – деді Қазақстан үкіметінің басшысы.

Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мен Қырғызстанның премьер-министрлерінің бірінші орынбасаларының төрағалық етуімен жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобы бес күн ішінде бірлескен жол картасын әзірлеуге тиіс. Жол картасы қабылданғаннан кейін тараптар қол жеткізілген уағдаластықты толық қамтамасыз етеді.

Қырғызстан үшін нақты табыс әкелетіндерге тоқталсақ, онда тараптар жеке жүгін алып өтетін жеке тұлғалар, үнемі жолаушылар тасымалдайтын автокөлік құралдары,  бос жеңіл көлік пен жүк көліктері үшін екі ел арасындағы мемлекеттік шекараны кесіп өтудің басымдыққа ие тәртібін қамтамасыз етуге келісті.

Осылайша, жүк тасымалына қатысты қатаң бақылау сақталатын болады.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев бірнеше рет жағымсыз мәлімдеме жасағаннан кейін Қазақстан-Қырғызстан шекарасында адамдардың және жүктің өтуі қатаң бақылауға алынған болатын. 10 қазаннан бастап Қазақстан жағы бақылау-өткізу бекетіндегі бақылауды күшейтті. Осыдан соң бақылау-өткізу бекетінде жүздеген жүк машинасы тұрып қалды, оның ішінде тез бұзылатын өнім тиелген жүк көліктері бар. Қырғызстан тарапы кәсіпкерлерінің шеккен шығындары туралы мәлімдеме жасады. Қырғызстан Қазақстанға және Қазақстан аумағы арқылы Ресейге бірқатар тауар тасымалдауды жолға қойған, оның ішінде жеміс-көкөніс, сүт және мата өнімдері бар.  

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу