Қырғызға жүлде әперген Смағұлов ұлттық құрама тізгінін ұстады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3870

Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері ауысып, Ермек Имамбековтің орнына Айдын Смағұлов тағайындалды.

Қырғызға жүлде әперген Смағұлов ұлттық құрама тізгінін ұстады Фото: fdk.kz

Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің шешімен, дзюдодан ерлер арасындағы ұлттық құрамаға Айдын Смағұлов бас бапкер болып бекітілген. Бұл ақпаратты ҚР дзюдо федерациясының ресми сайты таратты.

Айдын Смағұлов – көпшілікке танымал отандық маман. Дзюдодан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы. "Даңқ" орденінің иегері. 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Дзюдодан бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы.

Айдын Құдайбаргенұлының аты аталғанда, есімізге ең әуелі 2000 жылғы Сидней Олимпиадасы түседі. Себебі "Жасыл құрлықтағы" Олимпиада қарсаңында Смағұлов Қазақстан ұлттық құрамасы сапына ілікпей, қырғыз елінің намысын қорғаған. Әрі Сидней Олимпиадасында қола жүлдеге ие болып (60 келі салмақ дәрежесінде), бармағымызды тістегенбіз. Себебі Қазақстан құрамасының бапкерлері үкілеп қосқан, біздің елдің намысын қорғаған үздігіміз 5-орынды қанағат тұтқан болатын...

Сөйтіп Қырғызстан Айдын Смағұловтың арқасында Олимпиада ойындарынан алғаш рет жүлде алып, қуанышқа бөленген. Сонымен қатар, Смағұлов Сидней Олимпиадасына дейін, 2000 жылғы мамыр айында Осакада өткен Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болған. 2002 жылғы Азия ойындарында 5-орынға ие болған соң өз елімзге қайтып келді.

Жалпы, татамиде Смағұлов абыройсыз болған емес. Қазақстан чемпионы болып, бірнеше халықаралық турнирлерде топ жарған. Атап айтқанда, С.Жандосовты еске түсіруге арналған халықаралық турнирдің төрт дүркін жеңімпазы болды. Ж.Хамитжановты еске түсіруге арналған халықаралық турнирдің (1999 ж) және Түркияда өткен Халықаралық турнирдің жеңімпазы (1998). Орталық-Азия ойындарында да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген (1999).

2005 жылы шәкірт тәрбиелеуге кірісіп, Алматы облысының аға жаттықтырушысы болды. 2008-2010 жылдар аралығында Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы қызметін атқарды. 2010-2012 жылдары "Жастар" спорт кешенінде директордың бірінші орынбасары лауазымында еңбек етті. 2012-2017 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрама командасында жаттықтырушы қызметін атқарып, тәжірибесін толыстыра түсті.

Енді, міне, ұлттық құрама тізгінін ұстап отыр. Басқасы басқа, бірақ Айдын Смағұлов өз балуандарымызды бағалап, олардың бақтарын ашуға ықпал етеді деп сенеміз. Өзі де "дзюдошыларымыздың деңгейін көтеруге тырысып, аянбай тер төгеміз" депті, ұлттық федерация сайтына.

Ал Айдын Смағұловқа дейін дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасын Ермек Имамбеков жаттықтырған болатын. Ол 2012-2017 жылдар аралығында бас бапкер қызметін атқарды. Ермек Әбуұлы да сенімді ақтауға тырысып, шүмектетіп тер төкті. Әр түрлі халықаралық турнирлер мен әлем кубогының кезеңдік белдесулерін есепке алмағанда, Қазақстан туы сан рет көкке көтерілді. Нақтырақ айтқанда, ерлер арасындағы Қазақстан құрамасы жазғы Олимпиада ойындарынан 1 күміс, Әлем чемпионатынан 1 алтын, 2 күміс, Азия ойындарынан 1 алтын, 1 күміс, 1 қола және командалық белдесуде күміс медаль жеңіп алып, еліміздің абыройын асқақтатты.

Енді, Айдын Смағұловтың – кезегі. Бүгін Тунисте әлемдік Гран-при топтамасының бірінші кезеңі басталады. Әлемнің 48 елінің ығай-мен сығайлары жиналған бүкіләлемдік турнирге Қазақстан құрамасын Смағұлов бастап кетті. Жас бапкер шәкірттерін жаңа жетістіктерге жетелейді деп сенеміз.  

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу