Қырғызстан 100 вагонға тапсырыс берді

3548

Екібастұздағы вагон құрастыру зауытының тамырына қан жүгірді.

Қырғызстан 100 вагонға тапсырыс берді

Екібастұз қаласында 2010 жылы пайдалануға берілген "Қазақстанның вагон жасау компаниясы" ЖШС 2015 жылға дейін 4823 әмбебап және екі жабық вагон шығарды.

2015 жылдың ортасында еліміздегі дағдарысқа байланысты кәсіпорынның жұмысы тұралап қалды. Зауыт өнімінің өтпей, тоқырауға ұшырағанын кәсіпорынның сол кездегі бас директоры Сүйіндік Қуандықов: "Мәселе өнім құнының бәсекеге қабілетсіздігінен туды", – деп түсіндірді.

Жұмыс алға баспағандықтан, зауыт жұмыскерлерге берешек болып қалды. Шыдамдарының шегі үзілуге жақындағанда жұмыскерлер жалақыларын талап етті. Абырой болғанда мәселе оң шешіліп, 2016 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жұмыскерлердің жалақысы толық төленді.  Зауыт әупірімдеп жүріп  130 млн  теңге көлеміндегі жалақы қарызынан құтылды.

2016 жылдың мамыр айында Екібастұз қаласының әкімі қызметіне келген Қайрат Нүкенов дәл осы зауыттың жұмысын жандандыруға күш салды. "Қазақстан темір жолы" ҰК АҚ және "ҚазақТеміртранс" АҚ-мен байланысқа шыққан шаһар басшысы мемлекеттік бағдарлама  аясында зауытқа лизинг бөлуге қол жеткізді.

Қазақстанның Еуропа мен Қытайды жалғайтын дәліз екенін ескерген зауыт басшылығы  вагон жасау нарығын зерттей келе заманауи үлгідегі жартылай вагондарды шығарумен бірге алдағы уақытта әмбебап фитингілік платформа жасаумен айналысу туралы шешім қабылдады.

Әмбебап фитингілік платформа дегеніміз – кез келген көлемдегі жүкті, мәселен, контейнерлерді, тракторлар мен ауыр көліктерді, станоктарды тасымалдауға қажетті платформа. Аталмыш платформаға қажетті ірі түйінді құрастыру бөлшектері Ресейден сатып алынатын, ал тіркемелер зауыттың өзінде жасалатын болды.

"Қазақстан вагон жасау компаниясы" ЖШС бас директорының орынбасары Берікбай Әміржановтың айтуынша, қазіргі уақытта кәсіпорында 300-ден астам адам жұмыс істейді. Ол сөз арасында зауыттың тұрақты жұмыс істемегендігінің салдарынан  ұжымның жартысына жуығы тарап кеткенін, кәсіпорын кәсіби мамандарды жоғалтқанын да айтып қалды.

Берікбай Әміржанов көршілес қырғыз елі – 100, "Қазтеміртранс" ЖШС – 1800 және еліміздің жекеменшік компаниялары 300 вагонға  тапсырыс бергенін баяндады.

"2018 жылы зауыт 2500 вагон құрастыруды жоспарлап отыр. Қосалқы құрал-жабдықтарды жақын жердегі "Проммашкомплекттен" тасымалдаймыз. Екі кәсіпорын арасында міндеттеме белгіленген", – деді Берікбай Әміржанов.

Дәл қазір вагон жасау зауытында жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Мұндағылар бірінші кезекте Қырғыз елінің тапсырысын орындамақшы.

Дария Ерғазина, Екібастұз

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу