Қырғызстан әлемнің үздік бестігіне кіріп, айды аспанға бір-ақ шығарды

763

Алатаудың ар жағындағы ағайын ел 2025 жыл қорытындысында бүкіл дүниежүзіндегі ең тез дамушы экономикасы бар мемлекетке айналғалы тұр.

Қырғызстан әлемнің үздік бестігіне кіріп, айды аспанға бір-ақ шығарды Фото: canva

2025 жылдың басынан бері, қаңтар-қыркүйек айларында Қырғыз Республикасының жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) ғаламат 10%-ға өсіп, жер-жаһандағы ең жоғарғы қарқынды паш етті. Осылайша, ЖІӨ-сінің көлемі 1 триллион 240,5 миллиард сомды (шамамен 7,5 триллион теңгені) құрады. Бұл туралы "24 kg" хабарлады.

Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, 2025 жылдың қорытындысында Қырғызстанның ЖІӨ-сінің өсімі 10,3 пайызға жетуі мүмкін. Осының арқасында Дүниежүзілік банктің жаңа болжамына сәйкес, Алатаудың арғы бөктеріндегі туысқан республика әлемдегі ең жылдам дамушы елдердің көшбасшылары қатарындағы орнын нығайтып, ТОР-5-ке кіреді.

Халықаралық қаржы ұйымының түсіндіруінше, бұған елдегі орнықты ішкі сұраныс, құрылыс, қызмет көрсету секторының белсенді дамуы, сондай-ақ осы елдің басты бір экспорттық өнімі – алтын бағасының тарихи рекордтар орнатуы да ықпал етеді.

Бұл ретте Дүниежүзілік банк сарапшылары геосаяси ахуал мен сыртқы конъюнктураға байланысты Қырғызстанға құйылып жатқан инвестициялардың өсімі баяулауы мүмкін деп санайды. Өйткені инвесторлар дамушы елдерден, соның ішінде посткеңестік кеңістіктен қашып жатыр.

Бұған қоса, халықаралық сарапшылар Қырғызстан, Еуразиялық одақтың өзге мүшелерімен бірге Ресейге Батыс елдерінің, жалпы, дамыған мемлекеттердің санкцияларын айналып өтуге, санкцияға іліккен тауарларды РФ-қа "сұр экспортпен" тасуға көмектесіп жатқанына, содан салмақты табыс табатынына назар аудартады.

Алайда АҚШ және Еуропалық Одақ тарапынан Ресейге көмектесуші елдерге қайталама санкция салу қысымы артқан сайын Қырғызстанның реэкспорттан табатын табысы да кеми түсуі, экспорттық мүмкіндіктері шектелуі ықтимал, дейді халықаралық сарапшылар.

Сондай-ақ Дүниежүзілік банк өз болжамында 2025 жыл қорытындысында ҚР бюджеттік тапшылығы ЖІӨ-сінің 2,2%-ына жетуі, ал, ағымдағы шоты ЖІӨ-нің 8,3 пайызы көлеміне дейін қысқаруы мүмкін екенін де ескеріпті.

Осының алдында Азия даму банкі 2025 жыл қорытындысында Қырғызстанның экономикасы 8,3 пайызға өсетінін жорамалдап, бұрынғы болжамын (8,5 пайыз) сәл түзетті.

Бірақ осының бәріне қарамастан, биыл Қырғыз Республикасы бәрібір бүкіл Орталық Азияның және ТМД кеңістігінің сөзсіз көшбасшысына айналады.

Әйтсе де, қырғыз сарапшылары өз мемлекетінің өсім әлеуеті мол екеніне сенімді. Interpost.kg аналитиктері 2025 жылғы қаңтар-наурызда қырғыз ЖІӨ-сі таңғаларлық – 13,1%-дық өсімге жеткенін еске салады. Биылғы бірінші жартыжылдықта 12% өсім тіркелді.

Мұнайға тәуелді Қазақстаннан айырмашылығы және артықшылығы сол, Қырғызстан экономикасы әртараптандырылған және қызмет көрсету, өңдеу сияқты әлемдегі жағдайдың өзгеруіне тез бейімделетін икемді секторларға сүйенеді.

Биылғы жылы Қырғызстанның жалпы ішкі өнімінің құрылымы келесідей қалыптасты:

Қызмет көрсету секторының үлесі – 50%,

Өнеркәсіп – 17,5%,

Азық-түлік өндірісі – 15,3%,

Құрылыс секторы – 7,9%,

Ауыл шаруашылығы – 9,3%.

ҚР ЖІӨ-сінің жаһанды таң-тамаша қалдырған экономикалық өсімінің негізгі драйверлері – құрылыс (ондағы жылдық өсім – +29,6%), көтерме және бөлшек сауда, сондай-ақ автокөлік пен мотоциклдер жөндеу (өсімдері +15,6%), өңдеу өнеркәсібі (+8,2%) болды.

Нәтижесінде, елдің ЖІӨ-сінің құрылымындағы құрылыстың үлесі 1,3%-ға, өңдеу өнеркәсібінің еншісі тағы 0,9%-ға артты.

Қырғыз экономикасы биылғы 9 ай қорытындысында да 12–13 пайыздық адам сенбес жоғары өсімді паш етер ме еді, әттең, кейбір салаларда өсім қарқыны бәсеңдеген. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы өндірістің өсу қарқыны – 1,5%-ға, өнеркәсіптегі өндіріс – 1,3%-ға, қызмет көрсету секторында – 0,3%-ға баяулады.

Бұл көрші сондай-ақ инфляцияның төмендігі бойынша да ТМД-дағы көшбасшыға айналды. Мысалы, қазақстандық Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы қаңтар-қазан айларында Қазақстандағы инфляция жылдық мәнде 12,6%-ға жетті. Елді қымбатшылық ен жайлауда.

Қырғызстан Үкіметі биылғы тамызда 9,4%-ға дейін шарықтаған инфляцияны бүгінде 8,4%-ға дейін түсіре алды.

Инфляцияны құрықтау үшін Қырғызстанның Ұлттық банкі басты ставканы 9,25%-ға дейін көтерді. Салыстырғанда, Қазақстанның Ұлттық банкі базалық ставканы таяуда 18%-ға дейін шығандатты. Салдарынан, Қазақстанда халыққа несие қолжетімсіз бола бастады, банктер ипотека беруден жаппай бас тартуда. Бұлар экономиканың тежелуіне үлес қосуы ғажап емес.

Қырғыз Үкіметі экономикалық өсімнің жоғары қарқынын сақтау үшін шаралар қабылдауда. Мысалы, Қазақстан жаңа Салық кодексін қабылдап, барлық дерлік бизнес нысанына салықты күрт арттырса, ал, Қырғызстан керісінше, кәсіпкерлердің бірқатар санатына, соның ішінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қосылған құн салығын (ҚҚС) 2030 жылға дейін төмендетті.

Сарапшылардың байламынша, салықтың төмендеуі қырғызстандық өнімдер бағасының арзандауына игі ықпал етіпті. Сондай-ақ олардың халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күрт арттырған.

Кедендік ресми статистикасының куәландыруынша, 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында Қырғыз Республикасының үшінші елдермен сыртқы сауда көлемі 9 млрд 36,01 млн долларды құрады.

Физикалық көлем бойынша сыртқы сауда айналымы бірден 23,3%-ға артты. Егер 2024 жылғы 9 айда қырғыздар 4 млн 96,85 мың тонна тауарды ғана жаһандық қара базарға өткізе алса, биылғы ұқсас кезеңде экспорт көрсеткіші 5 млн 51,97 мың тоннаға жетті.

Қырғыздың Экономика министрлігі Еуразиялық одақтың адым аштырмай тұрғанын меңзеді: Қырғызстанның ЕАЭО-ға қатысушы елдермен өзара тауарайналымы құлауын жалғастырыпты. Биылғы 9 айда небары 3 млрд 349 млн доллар ғана болған және өткен жылғымен салыстырғанда тағы 3,3%-ға кеміді.

Ведомство одақ елдерімен тауарайналымдағы көп үлес дәстүрлі түрде Ресейге (65,7%) және Қазақстанға (32,1%) тиесілі екенін мәлім етті. Осыдан он жыл бұрын Қырғызстан Еуразиялық одаққа кіргенде, осы басты қос серіктесімен сауда-саттығын еселеп арттырудан дәмеленген еді. Онысы әзірге ақталмай тұр.

Сарапшылар Қырғызстан экономикасына төнуі мүмкін қауіптерді атады.

"Қазіргі кезде негізгі проблема және қауіп-қатер – Украинаның ресейлік мұнай өңдеу зауыттарын, мұнай өнімдері қоймаларын үстемелете соққылауы салдарынан РФ-та бензин, дизель және басқа жанар-жағармай материалдарының қымбаттауы. Себебі, ЖЖМ-нің үлкен бөлігін Қырғызстан Ресейден импорттайды. Бұл жайт таяу уақытта жергілікті нарықта бағалардың өсуіне түрткі болуы мүмкін. Бұған қоса, билік ет бағасына мемлекеттік бақылау енгізді. Бірақ азаматтардың мәліметінше, шектеу барлық жерде бірдей сақтала бермейді", – деп назар аудартты Interpost сарапшылары,

Олардың пікірінше, Қырғызстандағы инфляциямен күрестегі ары қарайғы жетістіктер биліктің баға саясатын сақтауда және жарияланған жоспарларды орындауда қаншалықты батыл әрі тиімді қимылдайтынына байланысты болады.

Халықаралық және жергілікті сарапшылардың пікірі бір арнада тоғысады: Қырғызстан әлемдегі мемлекеттердің басым көпшілігінде ешқашан болмаған өте жоғары экономикалық өсімді бірнеше жыл қатарынан сақтауда және болашақта осы қарқынмен өсу әлеуетіне ие.

Ендеше өткен ғасырда тез арада дамыған елдерді қуып жеткен "Азия жолбарыстары" үлгісінде енді "Қырғыз барысының экономикалық ғажайыбы" туралы айта беруге болатын сияқты.

Еске сала кетсек, ел Президенті Садыр Жапаровтың 2023 жылғы 30 желтоқсандағы жарлығымен қар барысы ресми түрде Қырғыз Республикасының ұлттық символына айналды. Құжатта барыстың қырғыз халқының мәдени және ұлттық мирасын бейнелейтіні, тәуелсіздіктің, қуаттың және тектіліктің рәмізі болып табылатыны көрсетілген. Ал, 2025 жылғы 23 қазанда Қырғызстанның Министрлер кабинеті елдің ұлттық символы – қар барысының ресми логотипін бекітті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу