Қырғызстанда рұқсат етілген құжаттардың саны 45 пайызға азайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
24.kg агенттігінің жазуынша, елдің экономика және коммерция министрлігінде мемлекеттік органдар беретін рұқсат құжаттары бойынша комиссия отырысы өткен. Бұл комиссия бюрократияны азайту мақсатында құрылған.
Көршілес елде қайталанатын құжаттарды жою, ескірген және пайдаланылмайтын формаларды алып тастау, ұқсас рұқсат түрлерін біріктіру, процедураларды цифрландыру, жаңа заңнама мен халықаралық міндеттемелерге сәйкестендіру бағытында жұмыстар жүргізілген. Осылайша рұқсат құжаттарының саны 905-тен 496-ға дейін қысқарып, 45,2 пайызды құрап отыр. Бизнес иелерінің 16 құжатқа қатысты ұсыныстары да ескерілген.
Дайындалған құжаттар топтамасы Үкіметтің қарауына жіберіледі. Оны министрлер кабинеті бекіткеннен кейін Президент жарлығының жобасы әзірленбек.
БАҚ-тың жазуынша, басқа да рұқсат құжаттарын оңтайландыру жұмыстары мемлекеттік органдардың құзыреті аясында жалғасады.