Қырғызстан Қазақстанға пайдалануға жер беріп жатыр

878

2026 жылы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы бірқатар маңызды құжаттар бір мезгілде күшіне енеді.

Қырғызстан Қазақстанға пайдалануға жер беріп жатыр Фото: ЖИ

Ең алдымен, Бішкек пен Астана өз елшіліктерінің қажеттілігі үшін ғимараттар мен жер телімдерін бір-біріне өтеусіз пайдалануға береді.

Қырғызстанда Қазақстанмен дипломатиялық мақсаттарға арналған жылжымайтын мүлікті өзара беру туралы келісім күшіне енуде. Бұл құжатты Жоғорку Кеңеш ратификациялады, қаңтардың соңында депутаттар келісімді бірден үш оқылымда мақұлдады. Оған сәйкес, Астанадағы Қырғызстан елшілігінің ескі ғимараты сүріледі. Орнына Бішкек елордада дипломатиялық миссиясының жаңа ғимаратын салады.

Қазіргі уақытта Қырғыз Республикасының Қазақстандағы елшілігі Астана қаласы, Қыз-Жібек көшесі, 28/3 үй мекенжайында орналасқан жаңа ғимаратта (коттеджде) жұмыс істеп тұр. Ал, Қазақстанның Бішкектегі елшілігі Шыңғыс Айтматов даңғылы, 95А мекенжайында орналасқан.

Елшіліктерге арналған ғимараттар мен жер телімдерін өзара өтеусіз беру туралы алғашқы келісім 2005 жылғы 10 тамызда Бішкекте қол қойылған болатын. Қырғыз тарапы оны 2007 жылы, қазақстандық Парламент – тек 2011 жылы ратификациялады. Ал, 2025 жылғы 22 тамызда қол қойылған жаңа келісім 2005 жылғы шартты жаңартты.

Назар аударатын жайт, 20 жыл бұрынғы келісімге сәйкес, қырғыз тарапы Қазақстанға Бішкек қаласындағы "Ала-Арша" тұрғын қалашығында орналасқан №17 коттеджді (жалпы ауданы 531,66 шаршы метр) және құрылыс жүргізіп, елшіліктің жаңа ғимаратын салу үшін 0,17 гектар жер телімін 49 жыл мерзімге өтеусіз пайдалануға берген еді.

Қазақстан елшілігі бейімделген үй-жайдан арнайы тұрғызылған нысанына көшіп алды. Сондықтан жаңа келісімде Қазақстан елшілігінің салынған ғимараты көрсетіліп отыр. Бұрынғы келісімдегі коттедж енді Қазақстан Республикасының елшісі тұратын резиденция ретінде пайдаланылатыны жазылған.

Бұған жауап ретінде Қазақстан Қырғызстанға әлдеқайда ауқымды активтер ұсынатынын 24.kg агенттігі хабарлады. Ол қырғыз депутаттарына сілтеме жасап, Астанада қырғыз тарапына мынадай нысандар берілетінін жариялады:

  • Қырғыз Республикасының жаңа елшілік ғимараты бой көтеретін Астана қаласындағы ауданы 0,7412 гектар жер телімі;
  • Жалпы ауданы 1 267,8 шаршы метр болатын қолданыстағы ғимарат және оған тиесілі ауданы 0,125 гектар жер телімі.

Қазіргі кезде бұл ғимаратта елшілік уақытша орналасқан. Жаңа нысан салынған соң мұнысы елші өмір сүретін резиденцияға айналдырылады.

Салыстырсақ, бұрынғы келісім бойынша қазақстандық тарап Қырғызстанға Астананың дипломатиялық қалашығында орналасқан №В-5 коттеджді (жалпы ауданы 555,9 шаршы метр) және 0,247 гектар жер телімін 49 жыл мерзімге өтеусіз пайдалануға берген болатын.

"2005 жылғы келісімде көрсетілген дипқалашықтағы №В-5 коттедж енді күресінге жіберіледі. Өйткені оның айналасындағы басқа шет мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары баяғыда қаланың басқа аудандарына көшіп кеткен", – деп хабарлады 24.kg.

Осының аясында келісімдердің екінші топтамасы әлдеқайда қызықты, тосындау көрінеді. Ол Қырғызстанның атақты Ыстықкөл өңіріндегі Қазақстанға тиесілі курорттық-рекреациялық нысандарға қатысты.

2026 жылы күшіне енетін топтамаға екі ел үкіметтері арасындағы "2006 жылғы 4 шілдедегі Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектілеріне Қазақстанның меншік құқықтарын реттеу туралы келісімді және 2006 жылғы 4 шілдедегі Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектілеріне Қазақстанның меншік құқықтарын реттеу туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы" және "2009 жылғы 1 желтоқсандағы ҚР Ыстықкөл облысының Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартты және 2009 жылғы 1 желтоқсандағы ҚР Ыстықкөл облысының Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы" ратификациялаушы заңдар кірді. Бұл келісімді екі елдің парламенттері де ратификациялаған.

Әңгіме Ыстықкөлдегі 4 курорттық-рекреациялық нысан туралы: "Қазақстан" санаторийі, "Самал" демалыс үйі, "Университет" спорттық-сауықтыру лагері және "Олимп" спорттық-сауықтыру орталығы. Хаттамалар қазақстандық тараптың мынадай міндеттемелерін бекітеді:

  • "Қазақстан" санаторийін 4 жұлдызды қонақүй деңгейіне жеткізу (нысан ҚР Президенті Іс басқармасының қарамағында);
  • "Самал" мен "Университетті" 3 жұлдызды қонақүй деңгейіне жеткізу (ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты);
  • "Олимпті" жұлдыз санатына байламай, спорттық бағытын ескере отырып дамыту (ҚР Туризм және спорт министрлігі жауапты);
  • Міндеттемелерді орындау мерзімі – барлық ішкі мемлекеттік рәсімдер аяқталған сәттен бастап 5 жыл.

Келісім Қазақстанға осы курорттық объектілер тұрған жер телімдерін меншікке емес, тек 49 жыл мерзімге ғана уақытша пайдалануға беруді қарастырады, жер Қырғызстанның меншігінде қала береді.

"Алдыңғы келісім бойынша біздің тарап бұл нысандарды жыл бойы жұмыс істейтін 3 және 4 жұлдызды қонақүйлер деңгейіне жеткізу шараларын қабылдауға тиіс еді. Бірақ келісім талаптарын Қазақстан орындамады. Ал, бұрынғы келісімде мерзімді ұзарту көзделмеген. 2022 жылы екі ел үкіметтері Қазақстанның міндеттемелерін орындау мерзімдерін ұзарту және инвесторларды тарту мүмкіндігі туралы келісімге қол жеткізді. Келіссөздер қорытындысында хаттамалар жобаларына Қырғызстанның бұл келісімді енді біржақты бұзу құқығы туралы норма енгізілді", – деп түсіндірді Қаржы министрі Мади Тәкиев.

Қазақстандық депутаттар бұл топтаманы бірауыздан қабылдады. Бірақ жауабы табылмаған қаптаған сұрақ депутаттардың да көкейінде қонақтаған күйі қалды. Мысалы, бұл төрт курорттық "маржан" марқұм Брежнев заманынан бері тұр. Ондаған жылдар бойы олар әлеуметтік те, экономикалық та функция атқарған жоқ. Қазіргі күйі қандай? Ревизия қорытындысы Парламентте жарияланбады.

"Иә, оларда анда-санда бірдеңелер өткізілген. Бірақ 2006 жылғы келісімде көзделген мақсатқа жеткен жоқпыз. Нысандарды жөндеп, инвестиция салып, қалыпты жағдайға келтіру керек еді. Олай жасалмады. Сондықтан келісім тағы бір ұзартылып отыр", – деді Тәкиев.

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау қазақстандық шенеуніктердің қырсыздығын бетіне басты.

"2006 жылғы келісімнің шарттары бойынша бұл нысандар Қазақстанның меншігінде қалуы үшін біз оларды 2010 жылға дейін үш және төрт жұлдызды қонақ үй деңгейіне дейін жеткізуіміз керек еді, бірақ бүгінге дейін ештеңе жасамадық. Енді жаңа келісім бойынша егер Қазақстан 2029 жылға дейін аталған 4 курорттағы құрылысты аяқтамаса, онда Қырғызстан келісімді біржақты бұзып, 4 нысанды да Қазақстанның меншігінен өзіне тартып алады", – деді Нұргүл Тау.

"Бүгінде төртеуін заманауи қонақүйге айналдыру жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ баяу, кейбірінде тоқтап тұр. Келісімге сай біз 5 жылдың ішінде осы қонақүйлерді үш және төрт жұлдыз деңгейіне жеткізбесек, қонақүйлер Қырғызстанға өтеді", – деп растады бас қаржыгер.

Мәжілісмен Павел Казанцев бұл активтердің Қазақстанға табыс пен абырой әперетініне сенбейтін сияқты.

"ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты екі нысанды ("Университет" пен "Самал") қайта жаңғырту үшін инвесторларды тікелей Қырғыз Республикасының өзінен тарту жоспарланып отыр. Ғажайып жоспар. Қырғызстан бізге өз шарттарын таңады, оны қырғызстандық жұмысшылар салады дейді, инвестор ретінде нысанды өзі пайдаланып, пайдасын да өзі алады екен. Сонда қожайыны Қазақстанға не тиеді? Мұны түсінбедім. Негізгі сұрақтар сол күйі ашық: табыс қалай бөлінеді және Қазақстан үшін мұның экономикалық мәні бар ма, жоқ па?", – дейді Казанцев.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің аппарат басшысы Мадияр Қожахмет "Самал" санаторийінің Сәтбаев атындағы политехникалық университеттің балансына берілгенін хабарлап, сүйіншіледі.

"Біз инвесторға санаторийді 25 жыл мерзімге жедел басқаруға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл ретте инвестор университеттің, жалпы, Қазақстанның студенттерін осы санаторийде демалуға жіберуге тиіс. Қырғыз инвесторлары алдын ала жұмыстарды бастап та кетті. Санаторийдің айналасын тазалау, алаңды құрылысқа дайындау жұмыстары атқарылды. Инвестиция көлемі – 10 млрд теңге. Негізгі шарт – 25 жыл басқарып, пайдаланғаннан кейін санаторийді университеттің балансына қайтаруы керек", – деп нақтылады шенеунік.

Алайда ширек ғасырдан соң қайта салу қажет болуы мүмкін. Өйткені заман өзгереді. Сол кездегі уақыт талабына сай болмасы сөзсіз. Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев тағы бір спорттық-сауықтыру орталығына өзі 2025 жылғы қыркүйекте барған екен.

"Инвестор таптық, онымен меморандумға қол қойылды. Бұл – қазақстандық "Almara Petroleum" компаниясы, ол нысанды дамытуға 3,6 млрд теңге салуға дайын. Талап бойынша бұл нысан тек бір ғана мақсатқа – спортшыларды спорттық-сауықтыру және қалпына келтіру шараларын, сондай-ақ ҚР ұлттық құрамалары үшін оқу-жаттығу жиындарын өткізуге пайдаланылады. Біз талдау жүргіздік. Ыстықкөл облысында осы іс-шараларды өткізуге біз әртүрлі көздерімізден шамамен 1,5 млрд теңге жұмсап жатырмыз, енді бұл қаражат сол жерге бағытталады. Нысан инвесторға сенімгерлік басқаруға беріледі және соның есебінен ұсталады. Нысандағы құрылыс жұмыстары 2027 жылға дейін аяқталуға тиіс", – деді Жарасбаев.

Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев бұл төрт курортты ондаған жыл бойы ақшаны сорып тұрған қара құрдымға теңеді.

"Бір ғана "Қазақстан" шипажайына бюджеттен 9 млрд ақша бөлінген екен. Сол 9 миллиардтың қалай игеріліп жатқаны белгісіз. Қазақстандықтар сол шипажайдың қызметін қашан пайдалана алады? Ол да беймәлім", – деді Ерубаев.

Ресми мәліметке жүгінсек, "Қазақстан" бойынша 2024 жылы инвестициялық жоба басталған. Жобаның бастапқы сомасы 9,1 млрд теңгені құрапты. "Integra Construction" мекемесі құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Оны мердігер 2026 жылдың желтоқсан айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. 

Жанарбек Әшімжан ертеректе бұл шипажайды көргенін еске түсірді.

"Тозыңқыраған нысан. Ол нысан бір-екі айға ғана арналған, жыл он екі ай пайдаланылмайды. Төрт жұлдызды қонақүй салуға қомақты қаражат бөлген соң оның қайтарымы, рентабелділігі шамалы болады. Оның жыл он екі ай күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыны тағы бар", – деді депутат.

Депутат Магеррам Магеррамов бір қауіпті тұсқа назар аудартады.

"Жаңа келісім бойынша қырғыз тарапы Қазақстанға жер телімдерін 49 жылға жалға берді. Алайда келісімнің 3-бабында бұл жерлер жалдау мерзімі аяқталғанда Қырғызстанға қайтарылуға тиіс деп нық көрсетілген. Жалдау мерзімін ұзарту мүмкіндігі мүлдем қарастырылмаған! Жер Қырғызстанға қайтарылса, ғимараттар Қазақстанның меншігінде қалса, мүліктік құқықтарды бұлайша бөлісу болашақта халықаралық дауларға ұласуы мүмкін", – деді Магеррамов.

Шенеуніктердің тосын жауабы бар.

"Шынында да, жалдау шартына сәйкес жер 2058 жылға дейін беріледі. Біздің көршілерімізбен қарым-қатынасымыз мемлекетаралық сенімге негізделген. Халықаралық арбитражға сүйрейді деп ойламаймын. 2019 жылы екі елдің президенттері келісімді ұзарту туралы уағдаласты, 2024 жылы оған қол қойылды. Бұл – ұзаққа созылған процесс. 2058 жылға қарай бұл мәселені біржола жабамыз деп ойлаймын", – деп қорытты бас қаржыгер Мәди Такиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу