Тәуелсіз сарапшылар балалардың құқықтары, соның ішінде білім алу құқығы ресейлік Конституцияның 43-бабында бекітілгенін еске салады. Онда мемлекеттің әрбір бала үшін мемлекеттік және муниципалдық білім беру мекемелерінде қолжетімді әрі тегін, мектепке дейінгі және жалпы білімді кепілдендіретіні қол қойылғандай жазылған. Бұл ретте 9 сыныпқа дейінгі негізгі жалпы білім міндетті деп жарияланған. Бұл құқық баланың ұлтына, жынысына және "өзге де жағдайларға" тәуелді емес, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алайда Ресейде заңнамада жазылған мен өмірде жасалып жатқанның арасында баяғыдан бері терең құз пайда болды. Сарапшылар кейбір шетел азаматтарының балалары осы "кепілдендірілген" құқықтан айырылып жатқанына назар аудартып, дабыл қақты. Оның үстіне, оларға мәжбүрлі түрде елден қуылу қаупі төнді. Бұған қоса, шетелдіктердің балаларының үстінен үздіксіз бақылау орнатылуда екен.
2025 жылғы 1 сәуірден орыс тілін білмейтін әрі елде болуының заңды екенін растай алмаған мигранттардың балаларын оқу орындарына қабылдауға тыйым салатын заң күшіне енді, деп жазады 24.kg.
Алайда бұл тек бастамасы ғана еді. 2026 жылғы 28 қаңтардан бастап шетел азаматтарының балалары туралы деректерді ІІМ мен білім беру органдары арасында өзара алмасуға арналған жаңа федералдық заң күшіне енді. Бұдан былай шетелдік азаматтардың балаларын миграциялық есепке қою, мектептерге не колледждерге қабылдау, оқудан шығару және өмірбаяндық өзге де кезеңдер туралы мәліметтер ведомстволар арасында еркін айналып жүреді – "тиісті шешімдер қабылдау үшін". Ол шешімдердің қандай болатынын болжау қиын емес.
Бұл заң мигранттарға бақылауды күшейтіп, оларды есепке алудың ашықтығын арттырады, деп мәлімдеді Мемдума төрағасы Вячеслав Володин Max платформасындағы арнасында. Ашықтық – кез келген биліктің сүйікті сөзі. Әсіресе, әңгіме өзіне қатысты болмаған кезде.
Оның түсіндіруінше, 2025 жылғы 31 шілдедегі №314-ФЗ федералдық заң профильді ведомстволарды мигрант балалар туралы ақпаратты бір-біріне жедел түрде беруге міндеттейді. Володиннің сендіруінше, бұл норма кәмелетке толмаған шетел азаматтарының нақты қайда жүргенін дәлірек анықтауға және миграциялық заңнаманың сақталуын күшейтуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Caliber.Az.
Володин жаңа механизм тек мигранттардың балаларын бақылауға ғана емес, олардың ата-аналарының Ресейде тұруының "қалаусыздығы" туралы шешім қабылдауға да мүмкіндік беретінін нықтады.
Бұған да тоқтамаған Ресей билігі 2027 жылғы 31 наурызға дейін мигрант балаларының ел аумағында болу шарттарын да нақтылауды жоспарлап отыр. Мұндай тармақ үкіметтің тиісті қаулысында бар, деп мәлім етті ТАСС. Сол шарттар аясында балалардың ресейлік білім беру ұйымдарына баруға құқығы бар ма, жоқ па – соны шешеді. Онымен ата-аналарымен жұмыс істеу тетігі де айқындалады. Бұл "жоғары миссия" ІІМ мен РФ Оқу-ағарту министрлігіне жүктелген.
Балалармен жұмыс барған сайын жедел-іздестіру шараларына ұқсай бастады. Қуғындау өз "жемісін" беріп отыр. Ресейдегі мигрант балалардың саны шамамен 25%-ға азайып кеткен. Бұл туралы РФ ІІМ-нің ресми өкілі Ирина Волк жариялады.
Оның дерегінше, елде бір жыл бұрынғыдан әлдеқайда аз мигрант балалары қалды (нақты санды атамады). Министрлік бұл төмендеуге балаларды да қамтитын бақылауды күшейту шаралары ықпал еткенін жеткізді.
Мұндай бастамалар Ресейдің одақтастарын да төбесінен жай түскендей етіп отыр. ЕАЭО-ға мүше Қырғызстанның парламенті биліктен РФ-те жұмыс істеп жүрген қырғыздардың құқығын қорғауды талап етті. Бұл туралы Жоғорку Кеңеш отырысында бірнеше депутат мәлімдеді.
Қалаулы Ұлықбек Қарыбекұлы өзіне Ресейдегі мигранттардан "күн сайын тап болып жатқан" қиындықтар туралы көптеген жанайқай хабарлама түсетінін мәлімдеді. Депутат Айгүл Ахмедова РФ-та ондаған мың қырғызстандықты болмашы сылтаумен "бақыланатын тұлғалар тізіліміне" енгізіп, депортациялайтынына назар аудартты. Адамдар үнемі қорқынышта өмір сүреді, бұл Еуразиялық одақтың негізін қалаушы қағидаттарына – жұмыс күшінің, халықтың еркін қозғалысына қайшы келеді, деді ол.
"Заң бұзды деп танылғандарды Мәскеу түбіндегі "Сахарово" орталығына апарып, қамап тастайды. Жаншошырлық жағдайда бір ай ұстайды. Ауыр әрі адам төзгісіз қара жұмыстарды істеуге мәжбүрлейді. Құжатты рәсімдеу шамамен 70 мың рубль тұрады, кейбір азаматтар екі-үш ай кезек күтіп, РФ-та жұмыс таба алмай жүр", – деді депутат.
Осыған орай Қырғызстан мигранттар жөніндегі келісімдерді орындамауына байланысты ЕАЭО сотына талап арыз түсіріп, Ресейді сотқа берді. Бұл туралы Жоғорку Кеңештің салалық комитетінің отырысында Міндетті медициналық сақтандыру қорының төрағасы Азамат Мұқанов мәлімдеді.
"ЕАЭО-ға мүше 5 ел арасында еңбек мигранттарына қатысты келісім бар. Алайда Ресей бүгінде осы келісімнің 96–97-баптарын бұзып, мигранттардың отбасы мүшелеріне медсақтандыру полисін беруден бас тартып отыр. Қырғыз Республикасы ЕАЭО сотына жүгінді, процесс жүріп жатыр, шешім екі аптада шығады. Ресейдің вице-премьері Алексей Оверчук Қырғызстанға келгенде де бұл мәселені көтердік. Бірақ былқ етпеді", – деді Мұқанов.
Мұндай саясат шетелдік жұмыс күшін басқа елдерге аууға мәжбүрлеуде. Соның кесірінен Ресейге баратын шетел азаматтарының – туристердің және мигранттардың жалпы саны 2024 жылғы 6,3 миллионнан 2025 жыл қорытындысында 5,7 миллионға дейін қысқарды.
"Бұлайша төмендеу, ең алдымен, кәмелетке толмаған шетел азаматтары санының шамамен төрттен бірге азаюымен байланысты", – деді РФ ІІМ басқарма басшысы Александр Перегожин.
Билік бұл тұрғыда арынын басар емес. Бүгінде Ресейде жаңа тыйымды енгізу талқылануда: патентпен еңбек етіп жүрген визасыз елдердің, соның ішінде одақтастардың мигранттарынан алғашқы 1 жыл бойы бір жерде тапжылмай істеу талап етілуі, жұмыс орнын ауыстыруға тыйым салынуы мүмкін. Заң жобасын ЛДПР депутаттары және Слуцкий бастаған сенаторлар ұсынды.
Егер заң осы күйде қабылданып кетсе, визасыз елдердің азаматтары кемінде бір жыл жұмыс берушісінің "құлына" айналуы ғажап емес: одан кетуіне рұқсат жоқ, басқа жерде қосымша жұмыс істеуіне де, орнын ауыстыруына да құқығы жоқ болады. Осыны бекіту үшін "РФ-тегі шетел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы" заңның 13.3-бабына өзгеріс енгізу ұсынылды.
Егер мигрант 12 ай толмай еңбек шартын бұзса, оның патенті жойылып, өзі елден кетуге міндетті болады. Содан 5 жыл кері орала алмайды. Тіпті компания банкрот болып, таратылса, төтенше жағдай жарияланса немесе жалақы төленбесе, яғни, құрметтеуге тұрарлық себебі болса да, мигрантқа жаңа жұмыс табуға бар болғаны 30 күн беріледі. Мерзім өткен соң – депортация.
Бұдан бөлек, РФ Үкіметі табыла қалса, депортацияға негіз болатын аурулардың тізімін кеңейтетін болды. "Единая Россияның" бұл ұсынысын премьер-министр Михаил Мишустин және Үкімет мүшелері қолдады, деп хабарлады Мемдума вице-спикері Ирина Яровая.
Мұның бәрі көршідегі демографиялық апат аясында болып жатыр. Сарапшылардың байламы үрейлі: мигранттарсыз Ресей гүлденбейді де, дамымайды да. Шетелдік жұмысшыларға адам төзгісіз жағдай жасау арқылы РФ өзі отырған бұтақты өзі кесіп жатыр.
"Ресей демографиялық мәселелерді өз күшімен шеше алмайтын шекке жетті. Әлеуметтік төлемдерді арттыру нәтиже бермейді. Бұл жағдайда елді көбейтудің жалғыз жолы – Ресей қоғамына сіңісе алатын мигранттардың келуі. Мигранттарға деген көзқарасты өзгертуге тура келеді: ТМД елдерінен қоныс аударушыларсыз Ресей өмір сүре алмайды. Бұл – объективті шындық", – деді ресейлік демограф Ирина Петухова.
Сарапшының айтуынша, РФ демографиялық саясат тұжырымдамасында халық санын тұрақтандыру қажеттігі белгіленген. Бірақ бұл тек өте көп мигрант қабылданған жағдайда ғана мүмкін болады. Ресейге қатысты түрлі болжам бар – оларды ресейлік зерттеу орталықтары, Росстат, БҰҰ-ның халықты қоныстандыру бөлімі, тіпті АҚШ Санақ бюросы жасаған. Сандары әртүрлі болғанымен, тоқтамы бір – РФ-та халық саны азаяды.
БҰҰ-ның төмен (пессимистік) сценарийі бойынша, 2101 жылға қарай Ресей халқы 53 миллионға дейін азайып кетеді, ал базалық сценарийде – 80 миллиондай ғана халық қалады. Сонда РФ аумағының әрбір шаршы километріне небәрі үш адамнан келуі ықтимал.
Ресей ғылым академиясының әлеуметтанушылары да 2027 жылдан бастап енгізілетін "ұйымдасқан түрде мигрант қабылдау" тетігі шағын бизнеске кері әсер етіп, кейбір өңірлерде жұмыс күші тапшылығын туындатуы мүмкін екенін ескертті, деп жазады Forbes. Өйткені көптеген шетелден еңбекші ұжыммен, ұйымдасқан түрде емес, өз бетінше келеді.
Бұл салдарлар туралы РҒА-ның Демографиялық зерттеулер институтының маманы, әлеуметтану ғылымдарының докторы Виктория Леденева мәлімдеді, деп жазды РБК. Оның тұжырымдауынша, жатжұрттық еңбекшілер аз келетін өңірлер "мүлде мигрантсыз қаламыз" деп қатты алаңдап отыр.
Еске сала кетсек, РФ ІІМ 2027–2029 жылдар аралығында ұйымдасқан түрде ғана мигрант қабылдау бойынша сынақ-эксперимент өткізуді ұсынды.
Ғалымның мәліметінше, өңірлік шектеулер қазірдің өзінде құрылыс, такси, курьер, қоғамдық тамақтану салаларында өткір кадр тапшылығына соқтырды. Краснодар өлкесінде патентке тыйым салу мигранттардың жаппай кетуіне және жергілікті жұмысшылардың жалақыны 15 пайызға көтеруді талап етіп, соған қол жеткізуіне түрткі болды. Бұл өз кезегінде, жергілікті өнімдердің өзіндік құнының қымбаттауына алып келді. Санкт-Петербургте такси, ТКШ және жеткізу қызметтері қымбаттады.