Қырғызстанда 1 ағаш кескендер орнына 5 көшет отырғызатын болады

649

Мемлекет қажеттілігі үшін ағаш кесілген жағдайда, меншік иелеріне келтірілген шығын толық өтелуі тиіс екені айтылды. 

Қырғызстанда 1 ағаш кескендер орнына 5 көшет отырғызатын болады Фото: Азертадж

Қырғызстанда бір ағаш кескендер орнына бес ағаш отырғызуға міндеттелуі мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жогорку Кенеш тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа бастамашылық жасаған депутаттың бірі Дастан Бекешев заң жобасының негізгі мақсатын түсіндірді. Оның айтуынша, елдімекендердегі жасыл желектер халықтың экологиялық қауіпсіздігі мен санитарлық-гигиеналық саулығын қамтамасыз ететін аса маңызды инфрақұрылым ретінде арнайы құқықтық мәртебеге ие болуы тиіс. Осыған орай, заңда "беске бір" принципі бойынша көгалдандыру нормасын енгізу ұсынылып отыр. Бұл ретте жергілікті өзін-өзі басқару органдары бөлетін баламалы учаскелерге ағаш отырғызылып, көшеттердің толық жерсініп кетуі қамтамасыз етілуі қажет.

Депутат Алтынбек Кылычбаев талқылау барысында жыл сайын көгалдандыруға қомақты қаражат бөлінетінін айтып, жылына қанша көшет отырғызылатынын сұрады. Жиынға онлайн режимінде қатысқан Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрлігінің басқарма басшысы биыл 9 миллион көшет отырғызу жоспарланғанын жеткізді. Өз кезегінде депутат Алтынбек Кылычбаев тек ағаш отырғызып қоймай, оны әрі қарай күтіп-баптауға да ерекше көңіл бөлу керек екенін баса айтты. Сонымен қатар ол мемлекет қажеттілігі үшін ағаштар кесілген жағдайда, олардың иелеріне тиісті өтемақы төленуі тиіс екенін ескертті.

Бұл ретте депутаттар жаңа егілген көшеттерге үш жыл бойы тиісті түрде күтім жасалуын бақылауда ұстауды ұсынып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу