Қырғызстанда Қытай жобасы доғарылды

5376

Тұрғындар шеруге шыққаннан кейін, Бейжің Нарын облысында ауқымды логистикалық орталық салмайтын болды. 

Қырғызстанда Қытай жобасы доғарылды

Қытайлық компания Қырғызстанда 280 млн долларға сауда және логистикалық орталық салу жоспарынан бас тартты. Мұндай шешім жүздеген адам шеруге шығып, Бейжіңге наразылық білдіргеннен кейін қабылданып отыр.

Қырғызстанның Қытаймен шекаралас ауданында орналасқан "Ат-Башы" еркін экономикалық аймағында қоймалар, көлік терминалдарын, қонақүйлер мен өзге де нысандардарды тұрғызу туралы келісімге былтыр президент Си Цзиньпиннің Орталық Азияға сапары кезінде қол қойылды.

Алайда бұл идея жергілікті халыққа ұнамады. Тұрғындар оны алып көршіге жер беру деп қабылдап, жобаны тоқтатуды талап етіп, бірнеше рет митинг ұйымдастырған.

China’s One Lead One компаниясы мен оның қырғыз серіктестері құрылыстың доғарылатынын дүйсенбі күні хабарлады. Өйткені "халықтың бір бөлігі қарсылық білдіріп жатқанда, мұндай ұзақмерзімдік жобаны жүзеге асыру" мүмкін болмаған.

"Олар тәуекелді ескеріп, осындай шешім қабылдап отыр", – дейді Қырғыз Республикасы премьер-министрінің баспасөз өкілі Мұхаммедқали Әбілғазиев.

Былтыр Қырғызстанның Нарын облысының тұрғындары Қытайдың алтын өндіруші компаниясының жұмыскерлерін суды улады, малды қырды деп айыптап, олармен қақтығысты. Сол оқиға кезінде 20 адам жараланып, Бейжің Бішкекті дипломатиялық деңгейде айыптаған еді. Дегенмен, қырғыз үкіметі топырақ пен судан химиялық заттар мен жоғары деңгейдегі радиацияны таппағанын хабарлады.

Салынбай қалған логистикалық орталық дәл осы аймақта бой көтеруі тиіс еді.  "Рейтердің" хабарлауынша, мұндай жанжалдар елдің өзге аймақтарында да болды.

Бірлескен кәсіпорын өкілдерінің сөзінше, логистикалық орталық салынып, іске қосылғанға дейін-ақ 15 мыңдай адамды жұмыспен қамтамасыз етер еді.

Қырғызстанның орталығындағы Нарын аймағы полицейлерінің мәлімдеуінше, бұл құрылысқа қарсы демонстрацияға мың шақты адам қатысты. Өзге бір мәліметтерге қарағанда, орталыққа екі мыңдай кісі жиналды. Бішкектің Ала-Тоо алаңында өткен шеруге кейбіреулер республика туын желбіретіп, атпен барған.

"Біз Қытайға жер бермейміз", – дейді митингке қатысушылардың бірі "Франс-пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Қырғыз үкіметінің атын көрсетпеуді өтінген бір өкілі осы агенттікке айтқандай, халықтың көтерілуіне "логистикалық орталықты салатын қырғыз-қытай бірлескен кәсіпорны құрылысқа қажетті жерді жалға алмай, өздері иеленбек" деген қауесет себепші.

Белсенділердің бірі Аманбол Бабакуловтың айтуынша, демонстранттар шенеуніктерге жобаны 1 наурызға дейін доғармасаңдар, "нақты қадам" жасаймыз деп ескерту жасаған.

Айта кетсек, Қырғызстан да  Бейжіңнің  ғаламдық сауда инфрақұрылымын салуға бағытталған "Бір белдеу, бір жол" атты амбициялық бастамасына тартылған ел.  Кейбір сарапшылардың ойынша, логистикалық орталық құрылысының доғарылуы Азияда, Еуропада, Африкада жүзеге асырылып жатқан осынау инициативаның Қырғыз жерінде уақытша тоқтағанын білдіреді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу