Қырғызстан мейрамханаларында "қызмет ақысы" үшін бөлек төлем алуға тыйым салынады

376

Жаңа қаулы тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында қабылданған.

Қырғызстан мейрамханаларында "қызмет ақысы" үшін бөлек төлем алуға тыйым салынады Фото: freepik

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қырғызстандағы қоғамдық тамақтану орындары келушілерден қызмет көрсеткені үшін қосымша ақы талап ете алмайды. Бұл туралы Экономика және сауда министрлігінің Монополияға қарсы саясат басқармасының басшысы Акылай Кожомбердиева мәлімдеді, деп хабарлайды  inbusiness.kz сайты.

Құжатқа сәйкес, кафе мен мейрамханалар өздерінің жұмыс шарттарын заң аясында белгілеуге құқылы, алайда тағам ұсыну, сервировка жасау немесе даяшының қызметі үшін бөлек ақы алуға болмайды.

Барлық көрсетілетін қызметтердің бағасы мәзірде көрсетілген сомаға толық кіруі тиіс. Ал мәзір мен нақты төлем арасында ешқандай айырмашылық болмауы қажет.

Акылай Кожомбердиеваның айтуынша, енді ешбір мейрамхана немесе кафе "қызмет ақысы" деген атаумен қосымша төлем қоса алмайды.

"Даяшылардың еңбекақысын тұтынушы емес, мекеме иесі төлеуі тиіс. Кейбір кәсіпкерлер "онда тамақ қымбаттайды" деп қорқытады, бірақ аспаздың еңбегі мен қызметкерлердің шығыны тағам бағасына бұрыннан енгізілген", – деді министрлік өкілі.

Сонымен қатар, жаңа талаптарды орындамаған кәсіпкерлерге әкімшілік жаза қолданылатыны ескертілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу