Қырғызстанда билікті басып алмақ болғандар ұсталды

708

Ұсталғандардың ішінде бас прокурордың бұрынғы орынбасары бар. 

Қырғызстанда билікті басып алмақ болғандар ұсталды Фото: gov.kg

Жексенбі күні Қырғыз Республикасында жергілікті басқару органдарына сайлау өтеді. Сол саяси шара қарсаңында үкіметті құлату мақсатында жаппай көтеріліс жоспарлады деген күдікпен жеті адам тұтқындалды.

Елдің ішкі істер министрлігі сейсенбі күні мәлімдегендей, ұсталған адамдар тәртіпсіздікті өршіту үшін ел астанасы Бішкекте спорттық ойындар мен жарыстарды пайдалануға әрекеттенген.

"Ұлттық спорт ойындарының атын жамылып, олар зорлық-зомбылық әрекеттеріне шақыруды, конституцияға қайшы үндеулер жасауды және 17 қарашада билікті одан әрі күшпен басып алу мақсатымен жағдайды тұрақсыздандыруды көздеген", – деп хабарлады осы министрлік.

Қамалғандардың арасында бірнеше шетел азаматы мен бас прокурордың бұрынғы орынбасары Әділ Кубанұлы бар.

Кубанұлын қауіпсіздік күштері үкіметті құлату мақсатындағы жаппай тәртіпсіздіктерге дайындықтың негізгі ұйымдастырушысы деп атады. Ішкі істер министрлігі оның ұйымдасқан топ құрды, қылмыстық топтарды қаржыландырды және билікті күшпен басып алмақ болды деген айыппен екі айға, яғни, 2025 жылдың 10 қаңтарына дейін қамауға алынғанын хабарлап отыр.

Айта кетейік, Кубанұлы 2024 жылдың сәуір айында Бас прокурордың орынбасары қызметінен босатылған болатын. Бұдан кейін президент Садыр Жапаров бас прокурор Құрманқұл Зулушев пен Табиғи ресурстар министрі Мелис Тұрғынбаевқа сөгіс жариялап, Кубанұлын қызметінен босатуды талап етті. Бұл шешімге табиғи ресурстар министрлігіне қарасты лицензиялау комиссиясының қызметіне прокурорлардың араласуы себеп болған.

Билік тәртіпсіздікті ұйымдастырушылардан қару-жарақ пен оқ-дәрілерді, сондай-ақ "халықты мас қылу үшін" 1000 бөтелке арақ, 2000 бөтелке су, бір тонна күріш және союға арналған жылқы тәркіледі.

Айта кетсек, Қырғызстанда 17 қарашада бірнеше ауданда жергілікті кеңестерге сайлау өтеді.

Бішкектен тыс жерде әскери базасы бар Ресей болса, сәрсенбі күні қауіпсіздік мәселесі бойынша қырғыз әріптестерімен үнемі байланыста екенін мәлімдеді.

"Екі жақты ынтымақтастық тетіктері  мен интеграциялық механизмдер аясында біз қырғыз достарымызбен үнемі байланыстамыз. Қауіпсіздік күштері арқылы да байланыстар бар. Біз Қырғызстан басшылығында заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін қажеттінің бәрі бар екеніне сенімдіміз", – дейді Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қырғыз елінде жолы кесілген төңкеріс жайында журналистер қойған сұрақтарға жауап бере отырып,

7 миллиондай халқы бар Қырғызстан соңғы жылдары бірнеше азаматтық толқуларды бастан кешті.

2020 жылы Бішкекте даулы парламенттік сайлаудан кейін наразылық шерулері басталып, оның нәтижесінде сол кездегі президент Сооронбай Жээнбеков отставкаға кеткені белгілі.

Этно-ұлттық стратегиялар агенттігінің директоры Александр Кобринскийдің айтуынша, Қырғызстандағы қазіргі жағдайды тұрақсыздандыру әрекеті төңкерісті көздеген нағыз қастандықтан гөрі элитаның ішкі тартысына көбірек ұқсайды.

"Бүгінде Қырғызстанда мұндай акцияларды қаржыландыруға қабілетті бизнесмендер жоқ. Төңкеріс жасау әрекетінің жолын кесу операциясын бұрынғыдай Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті емес, Ішкі істер министрлігі жүргізді, бұл қауіпсіздік органдары арасындағы мүдделер қайшылығын көрсетуі мүмкін", – дейді Кобринский Ресейдің "Независимая газета" басылымына берген сұқбатында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу