Қырғызстанда ТЖМ басшысы 3 апта жұмыс істеп, қызметінен босатылды

329

Ол бұрын министрдің орынбасары болып жүрген кезінде пара алды деген күдікке ілінді. 

Қырғызстанда ТЖМ басшысы 3 апта жұмыс істеп, қызметінен босатылды Фото: Кабар

Қырғызстанда президенттің жарлығымен Төтенше жағдайлар министрі Урматбек Шамырканов қызметінен босатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы министрдің қызметке тағайындалғанына бір ай толмай жатып жұмыстан алыну себебіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Урматбек Шамыркановтың лауазымынан босатылуына бұрын ведомство басшысының орынбасары болып жүрген кезінде пара алды деген күдікке ілінуі себеп болған.

"Мәліметке сәйкес, 2025 жылдың жазында ол министрліктің бір қызметкерін лауазымда көтеру үшін пара талап еткен. Қызметкердің айтуынша, келісілген соманың жартысын сол кездегі Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары У.Шамыркановтың электронды әмиянына аударған. Шамырканов министр болып тағайындалғаннан кейін әлгі қызметкер параның қалған жартысын бере алмайтынын айтқан. Оның сөзінше, осыдан кейін министр оны Баткен облысындағы бөлімшеге қызметке ауыстырған", – деді Асқат Алагөзов.

Баткенге ауыстырылған қызметкер ел президенті Садыр Жапаровқа арыз жазған. Қырғызстан басшысы өтініште көрсетілген айыптауларды тексеруді Бас прокуратураға тапсырды.

"Қадағалау органы өтініште көрсетілген деректердің расталғанын хабарлады. Осыған байланысты Садыр Жапаров Төтенше жағдайлар министрі Урматбек Шамыркановты қызметінен босату туралы шешім қабылдады", – деп мәлімдеді Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу