Қырғызстандағы сайлау мен референдум. Қазір не болып жатыр?

9360

10 қаңтар – мерзімінен бұрын президент сайлауы мен референдум өткізілетін күн.

Қырғызстандағы сайлау мен референдум. Қазір не болып жатыр?

24.kg басылымының хабарлауынша, жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00-де президенттік сайлау мен референдумда дауыс беру аяқталды. Мемлекет басшысын сайлауға дауыс берушілердің шамамен 33,13%-ы (1 млн 180 мың адам), ал референдумға 33,08%-ы (1 млн 178 мың адам) қатысқан.

– Оңтүстік Кореядағы учаскеде дауыс беру аяқталды. Садыр Жапаров қарсыластарынан басым түсті. Оған 63 адам дауыс берген. Адахан Мадумаров 29, Клара Сооронқұлова 13, Мықтыбек Арстанбек 14, Бабыржан Төлбаев 18 дауыс жинаған.

– Ішкі істер министрлігі тәртіпсіздіктердің алдын алу қамына кірісті. Полицияның дерегінше, арандату туралы ақпарат түскен көрінеді. "Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға жол бермей, тәртіпсіздіктердің алдын алуға дайын", - дейді ведомство өкілдері.

– Сахалиндегі учаскеде мерзімінен бұрын президент сайлауы мен референдум аяқталды. Алдын ала мәлімет бойынша, 851 сайлаушының 459-ы учаскеге келіп өз таңдауын жасады. Олардың басым бөлігі, яғни 345 адам Садыр Жапаровқа дауыс берген. Екінші орында Адахан Мадумаров. Оны 100 адам қолдаған.

– Орталық сайлау комиссиясына заң бұзушылық туралы 20 хабарлама келіп түсті. Бұл туралы брифингте комиссия мүшесі Тынчтыкбек Шайназаров хабарлады. Оның айтуынша, жабдықтың істен шыққаны туралы 4 хабарлама, қылмыстық-атқарушы кодексіне 14 шағым,  сайлау алдындағы үгіт-насихат шарттарының орындалмағаны туралы бір хабарлама және аумақтық немесе учаскелік комиссиялардың талаптары мен ескертулерін орындамалмағаны туралы тағы бір хабарлама тіркелген. Шайназаров әкімшілік ресурстарды қолдану және пара алу фактілері тіркелмегенін айтты.

– Бішкекте заңдылықты қолдайтындардың тоғызыншы бейбіт шеруі өтіп жатыр. Негізі, белсенділер мен құқық қорғаушылар әр жексенбіде конституцияға түзетулер енгізуге қарсы осындай акцияға шығады.Олар референдумды өткізуге және елдің негізгі заңын өзгертуге қарсы. Белсенділер әдеттегідей теміржол вокзалынан бастап "Эркиндик" бульварының бойымен "Ақ үйге" дейін жүріп өтті.

– Президенттікке үміткер Равшан Джеенбеков сайлау бұрынғыға қарағанда заң бұзышулықсыз өтіп жатыр деп санайды. Ол әкімшілік ресурстың араласуы аз деген пікірде. Сонымен қатар ол саяси тартыстың екінші кезеңі болады дегенді айтты. 

– Экс-президент Сооронбай Жээнбеков референдумда Қырғызстандағы президенттік басқару формасын таңдап дауыс бергенін мойындады. Ескере кететін жайт, ол бұған дейін елде парламентаризмді дамыту керек деп бірнеше рет мәлімдеме жасаған еді.

– 24.kg басылымының хабарлауынша, байқаушыларға дауыс беру процесі өтетін сайлау учаскелерінде заң бұзушылықтарды тіркеуге тыйым салынған көрінеді.

"Бақылаушылардың құқықтары тапталып жатыр, көптеген учаскелерде аппараттардың істен шыққанын суретке не видеоға түсіруге тыйым салынды", — дейді Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы мүшесі Атыр Абдырахматова.

– ТМД бақылаушылары сайлауда заң бұзушылықтардың болмағанын жеткізді.

"Әзірге барлығы да заңға сәйкес жүзеге асып жатыр", – деді Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бақылаушылар миссиясының басшысы Василий Волков.Байқаушылар миссиясының құрамында 138 адам бар.

Табиғат Нұрболат

Фото: aljazeera.com

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу