Қырғызстандықтар Қытайға пойызбен бара алады

292

Теміржолды пайдалануға беру 2031 жылға жоспарланған.

Қырғызстандықтар Қытайға пойызбен бара алады Фото: ЖИ

Қырғызстан азаматтары Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолының құрылысы аяқталғаннан кейін Қытай Халық Республикасына жолаушылар пойызымен тікелей сапарлай алады. Бұл туралы "Биринчи радио" эфирінде "Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржол компаниясы" бас директорының орынбасары Ұлан Құлов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 24.kg агенттігіне сілтеме жасап. 

"Әрине, жолаушылар тасымалы да көзделген. Бұл – жүк және жолаушылар тасымалына арналған теміржол. Ол пайдалануға берілгеннен кейін Қырғызстаннан Қытайға пойызбен тікелей қатынауға болады", – деді Ұлан Құлов. 

Компания жолаушыларға арнап заманауи әрі жайлы вагондар сатып алуды көздеп отыр. Қазір жолаушылар пойыздарының ықтимал бағыттары пысықталып жатқаны белгілі болды.

"Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан" теміржолындағы пойыздардың жобалық жылдамдығы сағатына 140 шақырымға дейін жетеді. Магистральдың Қырғызстандағы учаскесінің ұзындығы – 304 шақырым. Осы аралықта 29 тоннель мен 50 көпір салынады.

Бекітілген кесте бойынша теміржол 2031 жылы іске қосылуы тиіс. Дегенмен, құрылысшылар жұмысты мерзімінен бұрын, яғни 2030 жылы аяқтауды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу