Қырғызстанның 102 жүк көлігі кері қайтарылды

3748

Айыр қалпақты ағайынның бизнес-қоғамдастығына түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Қырғызстанның 102 жүк көлігі кері қайтарылды

Қазақ-қырғыз шекарасындағы "Қарасу" кеден бекетінің қызметкерлеріне шекарадан асырмақ болған жүктерінің ілеспе құжатын ұсынбаған Қырғызстанның 102 жүк көлігі кері қайтарылды. Бұл шешімді қырғыз жүргізушілері ерікті түрде өздері қабылдады

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Қуат Рахимов кедендік тексеріс кезінде 18 жүргізушінің тиеген жүгі мен дәл осы жүкті тасымалдауға рұқсат беретін құжатының сәйкессіздігі мен 1 жүк тасымалдаушының қолында мүлде құжат жоқ екені анықталғанын айтты.  

Бұдан бұрын inbusiness.kz қазақ-қырғыз шекарасындағы "Қарасу" кеден бекетінде 300-ден астам жүк көлігі кептелісте тұрғанын хабарлап, Қуат Рахимовтың: "Қырғыздар Қытайдан халық тұтынатын тауарларды тиеп алғанмен, декларацияда басқа тауар түрлерін белгілейді. Салдарынан кедендік тексеріс кезінде жүк пен құжаттың сәйкессіздігі анықталады. Барлығы талапқа сай болса, кез келген жүк көлігі 15-20 минуттық тексерістен соң шекарадан өткізіледі", – деген пікірін жариялаған.

Бүгін мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі бұған дейін айтқан ойын тарқатып, құжатта көрсетілген тауар ғана тасымалдануға тиіс екенін, шекарадан құжатта көрсетілмеген тауар алып өтуге әрекеттену заң бұзу болып табылатынын нақтылады.

"Бір тауар келе жатқаны хабарланғанмен, елімізге жеткенде әлгі тауардың құжатқа сәйкес еместігі анықталады. Демек тауардың мөлшері, құны басқа болып шығады", – деді Қуат Рахимов.

Оның сөзінше, Қазақстан мен Қырғызстанның жауапты тұлғалары мәселенің түйінін тарқату үшін кездесу ұйымдастырған. Нәтижесінде тараптар мәселені оң шешуге, тиісті талаптарды сақтауға және орындауға уағдаласқан.

"Қазір Қырғызстанның мемлекеттік кеден комитетінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының аумағындағы бақылаушы ретінде Қырғыз бизнес-қоғамдастығына түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр", – деді Қуат Рахимов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу