Қырғызстанның алғашқы жер серігі орбитаға шығарылды

534

Жер серігі Калифорниядағы Ванденберг әскери-әуе базасынан SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыраны арқылы ғарышқа жіберілді.  

Қырғызстанның алғашқы жер серігі орбитаға шығарылды Фото: ЖИ

Ұшыру рәсіміне Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров АҚШ-қа жұмыс сапары барысында қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Ол бір зымыранмен ұшырылған бірнеше ғарыш аппаратының құрамында орбитаға орналастырылды. Ғарыш аппаратының салмағы – 5 келі. Оны әзірлеуге және құрастыруға 2,5 жыл жұмсалған. Жобаның құны 10-12 миллион сомды құрайды.

Спутник Бішкектегі Ленин атындағы зауытта құрастырылды. Жобаға 10 инженер қатысқан. "Кыргыз электроника" компаниясының директоры Илья Черныйдың айтуынша, аппарат көпфункционалды және жоғары ажыратымдылықтағы камералармен жабдықталған. Спутниктен алынған суреттерді Қырғызстанның ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланбақ.

Илья Черныйдың сөзінше, аппараттағы технологиялардың басым бөлігі ресейлік. Оның айтуынша, спутникті нөлден бастап әзірлеуге 5-10 жыл қажет.

Жоба Қырғызстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асты. Жер серігін басқару Бішкектегі орталықтан жүргізіледі. Ғарыштан алынған ақпарат ауыл шаруашылығы алқаптарын, мұздықтарды, су нысандарын, ормандар мен жайылымдарды бақылауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ деректер табиғи экожүйелердегі өзгерістерді, жер қойнауын заңсыз пайдалануды және рұқсат етілмеген қоқыс орындарын анықтауға қолданылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу