Қыркүйек жақындағанда мектепті жөндеуге кірісті

4008

Қарағанды облысының Бұхар жырау ауданына қарасты Тұзды ауылының тұрғындары "балаларымыз биыл қайда оқиды" деп алаңдап отыр.

Қыркүйек жақындағанда мектепті жөндеуге кірісті

Қыркүйек жақындағалы Тұзды ауылының тұрғындарынан маза қашты. Себебі сол, ала жаздай бос тұрған мектепте жөндеу жұмыстары енді ғана қолға алына бастаған. Оның өзінде мердігердің қимылы сылбыр. Ата-аналар 43 жылда мектепке бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмегенін айтады.

"Шатырды профлистпен жабыңыздар дедік, бірақ олар тағы бикрост төсеп жатыр. Осыдан барып төбеден жаз, күз бойы су ағады. Күрделі жөндеуге 200 миллион теңгедей қаражат бөлінген екен, ол қайда кеткені белгісіз", – деп қынжылады Тұзды ауылының тұрғыны Алесья Тканова.

Тозығы жетіп тұрған мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуді жаз бойы ешкім ойламаған тәрізді. Алайда мектеп директоры мен ауыл әкімі бар жауапкершілікті тапсырыс беруші мен мердігерге ысырып қойып отыр. Мектепке жөндеу жүргізуге тапсырыс беруші Бұхар жырау ауданының білім бөлімі көрінеді. Білім бөлімі мамандарының мәліметінше, жобаның сметалық құжатына сараптама қажет болған, аталған сараптаманың үш айға созылуы жөндеу жұмыстарын дер кезінде бастауға қол байлау болған. Енді оқу жылы таяп қалғанда шенеуніктер балаларды қайда апарарын білмей дал болуда. Бұхар жырау ауданы білім бөлімінің бастығы Әсет Ахметов балаларды көршілес Петровка ауылына апарып оқыту мәселесін шешуді қарастырып жатқанын айтты. Алайда ауыл тұрғындары балалардың көрші ауылға қатынап оқуына рұқсат бермейміз деп шу көтеруде.

"Сабақтың басталуына санаулы күндер ғана қалды. Менің де балам екінші сыныпқа барады. Оны басқа ауылдардағы мектепке апарып оқытуға мен қарсымын, бұл қолайсыз әрі ол кішкентай бала ғой. Өзім ауруханадан ауыр халде келген әжеме қарайлап отырмын, науқас адамды тастап баланы мектепке алып барып, әкеле алмаймын. Егер қысқа дейін мектептің жөндеу жұмысы бітпесе, балалар қыстың суығында қалай жолда жүрмек?", – дейді Тұзды ауылының тұрғыны Наталья Попинкова.

Жөндеу жұмыстарына жақында ғана кіріскен мердігер Сержан Нұрмағамбетов мәселенің бәрі өзіне ғана байланысты емес екенін айтады. Бастапқыда Тұзды ауылындағы жалпы білім беретін орта мектепті жөндеуге жоба бойынша шамамен 190 млн бөлінеді десе, кейін жобаның сметалық құжатында бұл қаражат қысқартылып, 109 млн теңге болып көрсетілген. Сондай-ақ бюджет қысқартылған соң сметалық құжатта кейбір жұмыстар қысқартылған. Дегенмен осы қаражатқа жөндеу жүргізуге келіскен мердігер сметалық құжат пен жобаның сәйкес келмейтінін айтып қынжылады. Құжаттардың дұрыс болмауынан мердігер толыққанды жұмысқа кірісе алмай отырғанын айтады.

"Маған мектептегілер "сен олай жасама, басқаша жаса" дейді, ал менің қолымдағы сметалық құжатта басқаша көрсетілген. Мен одан ауытқып жасай алмаймын. Жұмысты жасауға толықтай арнайы мекеменің рұқсаты жоқ, құжаттары дұрыс емес", – деп мәлімдеді мердігер Сержан Нұрмағамбетов.

Тұзды ауылындағы мектептің шатыры ауыстырылып, іші-сырты жөнделуі керек,әрі терезелері ауыстырылып, жылу жүйелері жөнделуі тиіс болатын. Бүгінде мектептің электр желілері ғана ауыстырылған. Ал өзгесі бәз-баяғы қалпы тұр. Ата-аналар болса аудандық білім бөлімінің мамандары ала жаздай ай қараған ба деп ренжулі.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу