Биылғы жылдың қыркүйек айында елімізде 161,3 мың көлік тіркеуге қойылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 17,4%-ға, ал тамыз айынан 9,8%-ға жоғары, деп хабарлады "ҚазАвтоӨндіріс".
Қыркүйек айында қолданыста болған көліктер нарығында көрсеткіштер жыл басынан бері ең жоғары межеге жетті. Яғни, 145,7 мың авто қайта тіркеуге қойылған. Бұл 2019 жылдың қыркүйегіндағы көрсеткіштен 13,6%-ға жоғары.
Алайда биылғы жылдың қаңтар-қыркүйегінде көліктерді тіркеудің жалпы көрсеткіші 14,9%-ға төмендеген. Оның 830,4 мыңы қолданыста болған автокөліктер. Бұл бір жыл бұрынғы статистикадан 18,6%-ға төмен.
Ал жаңа темір тұлпарларды тіркеу көрсеткіші 35,5%-ға немесе 99,7 мыңға артқан. Оның ішінде Армениядан жеткізілгені де бар. Айта кетейік, биыл аталған елден әкелінген 15,6 мың көлік уақытша тіркеуге қойылды.
Пандемияға қарамастан, бұл жолы электр қуатымен жүретін көліктерге қызығушылық танытып, сатып алғандар көп. Бұған статистика дәлел. Биылғы жылы елімізде 44 электромобиль тіркелсе, өткен жылы олардың саны 21-ден аспаған.
Елімізде саудаланған көліктердің үштен екісі 10 жылдан аса пайдаланылған. Оның 41%-ы немесе 343,3 мыңы 20 жылдан аса, 25,9%-ы немесе 215,3 мыңы 11 жылдан 20 жылға дейін, 17,3%-ы немесе 143,8 мыңы 4-тен 8 жылға дейін қолданыста болған.
Қолданыста болған автокөліктер нарығындағы автолардың басым бөлігі Алматы облысында (125 785 ) тіркелген. Одан кейінгі орында Алматы (107 719) және Түркістан облысы (76 171).
Алматы облысы тұрғындары көбінесе (70 930, 20,7%) 20 жылдан аса тізгінделген көліктерді сатып алған. Ал бір жылдан үш жылға дейін қолданыста болған көліктерді көбінесе (8 090, 20,4%) алматылықтар тіркеуге қойған.
Құралай Құдайберген