Жөндеу жұмыстары қыркүйекте аяқталған балабақша әлі ашылған жоқ

1242

Ал ата-аналар бүлдіршіндерді жалғыз қалдыруға мәжбүр. 

Жөндеу жұмыстары қыркүйекте аяқталған балабақша әлі ашылған жоқ

Павлодар облысы Успен ауданы Константиновка ауылында соңғы 30 жылда алғаш рет "Айгөлек" балабақшасы күрделі жөндеуден өтті. Бірақ мекеме тәрбиеленушілері қалпына келтіру жұмыстарының игілігін көре алмай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бір топ ата-ана қыстың көзі қырауда балаларды үйде жалғыз қалдыруға тура келетінін алға тартып, дабыл қағуда. Олардың айтуынша, пешпен жылытылатын баспаналарда бүлдіршендерді қараусыз қалдыру қауіпті. Алайда одан басқа амал болмай тұр. Сондықтан қыркүйек айында жөндеуі аяқталған балабақшаны қайта ашуды сұрайды.

"Осы жылдың мамыр айында балабақша күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жабылды. Содан бері жарты жылдан астам уақыт бойы балаларымыз үйде отыр. Жауапты азаматтар мекеме 1 қыркүйек күні ашылады деп еді. Алайда арада үш ай өткенмен, балабақша жабық тұр. Ауыл, аудан әкіміне өтінішімізді жеткіздік. Бірақ ешқандай алға жылжу жоқ. Пеш жағылатын үйде жалғыз қалатын балалардың өміріне алаңдаймыз", – дейді ата-аналар.

"Айгөлекті" жаңғыртуға "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы бойынша 119 млн теңге жұмсалған болатын. Бұған дейін мұнда бастауыш сынып оқушылары білім алды. Кейін бұл ғимарат балабақша болып қайта құрылды.

Успен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айнагүл Жиренова мектепке дейінгі білім беру мекемесінің уақытылы ашылмауына жиһаздардың кеш жеткізілуі мен құжаттарды ресімдеу барысы себеп екенін атап өтті.

"Қазіргі уақытта бұл нысан облыстық құрылыс басқармасының балансында тұр. Облыс әкімдігіндегі тиісті құжаттарға қол қойылған соң аудандық білім беру бөліміне ауысады. Сондай-ақ балабақшаға қосымша жиһаздар әлі толығымен жеткізілген жоқ", – дейді бөлім басшысы.

Бұл ретте Айнагүл Жиренова ата-аналарға балаларды уақытша үш шақырым қашықтықта орналасқан мектептегі шағын орталыққа орналастыру ұсынылғанын алға тартты. Мұндай тәжірибе жаз кезінде қолданылған көрінеді. Атап айтқанда, бүлдіршіндер сол кезде жергілікті шағын орталыққа барған. Ал қазір ата-аналарға көрші ауылға балаларды апарып-алып келу тиімсіз. Сондықтан олар бұл ұсыныстан бас тартып, балабақшаның тезірек ашылуын талап етіп отыр. Жергілікті билік мекеменің Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылатынына уәде берді.

Жалпы соңғы уақытта Павлодар облысында жаңадан салынған, жөндеуден өткен ғимараттардың уақытылы пайдалануға берілмеу тенденциясы байқалады. Естеріңізде болса, бұған дейін 11 млрд теңгеге салынған қазандықтың әлі іске қосылмағанын жазған едік. Сол сияқты 2017 жылы Тәуелсіздік мерекесіне орай сән-салтанатпен ашылған қысқы дизель отынын шығару кәсіпорны да бірде бір литр өнім дайындаған жоқ. Тізе берсек, мұндай нысандар жетіп артылады. Бұл биліктің немқұрайлығы ма, әлде жүйесіз жоспарлаудың "жемісі" ме? Қалай болғанда да тиісті жұмыстардың белгіленген кестеден кешігуі тұрғындарға қолайсыздық тудыратыны рас.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу