Қырқында қамал алар еді...

3810

Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов бүгін, 4-сәуір 40 жасқа толар еді...

Қырқында қамал алар еді...

Спортта жасындай жарқылдады деп айтып жатамыз ғой. Иә, осы сөзді тура Бекзаттың спорттағы қысқа ғұмырына арнап айтса болардай. Жасындай жарқ етті де, жоқ болды. 20 жасында Олимпиада чемпионы атанып, қазақ спортының көгіне бір-ақ шығып еді. Бүкіл дүние жүзінің кіл мықтылары келген Сидней Олимппиадасында Бекзат Саттарханов 57 келі салмақ дәрежесінде қарсыласының барлығын жеңіп шықты. 

Елге келе салысымен, әуежайда табаны жерге тиісімен, "Елдің намысы үшін, ауылдағы ағайынның абыройы үшін бокстастым" деп ағынан жарылды. Бокс өнерін ұлттық спортындай көріп кеткен қазақ жанкүйеріне Бекзат болашағы жарқын былғары қолғап шебері болып елестеді. "Әлі екі Олимпиаданы бағындырады", "келесі жылы Әлем чемпионы болады", "қазақтан шыққан тұңғыш екі дүркін Олимпиада чемпионы болуы тиіс" деген ойлар айтылып жүрді. Мемлекеттік орындардан марапаттарын алып болған соң, ауылдағы ағайын Бекзаттың аяғын жерге тигізбеді. Үстіне шапан жауып, астына ат мінгізді. 2000 жылы туған көптеген нәрестеге еліміздің әр түпкірінде Бекзат деген есім беріліп жатты. Сол тұста Саттархановтан асқан сері, Бекзаттан асқан бақытты адам жоқ еді. 

Алайда, жас талант чемпиондығының қадір-қасиетін көп сезе алмады да. 2000 жылдың 31-желтоқсан күні жол апатынан мерт болды. Қазақ спорты ғана емес, жалпы жұрт қайғыдан қара жамылды. "Көре алмайтындар қастандық жасады", "Қазақтың маңдайына сыймай кетті", "Асыра мақтап, адамды есінен адастырды" деген сыңайда сөз тарады. Әлі талай жарыста Қазақстан көк туын желбірететін Бекзаттан бір күнде айырылып қалдық. Жазмыштан озмыш жоқ. 

Дегенімен, бір Олимпиаданың өзінде ол күллі жанкүйер көңілін жаулап үлгерді. Қатысқан жарыстарының біршамасында "доданың үздік боксшысы" атағын алатын. Мәскеуде өткен ТМД елдерінің кубогы жарысында "Үздік боксшы" номинациясын жеңді. Жеңіл қимылдап, ауыр соққы жасап, бокстың бар мәнерін нақышына келтіретін. Талант десе талант болатын. Осындай алтын ұлдан айырылған әке-шешенің де ішінде не дүлей жатқанын кім білсін? Осы жақында ғана әкесі Сейілхан ағамыз да дүниеден өтті. Егер Бекзат арамызда болғанда бүгін 40 жасқа толар еді-ау. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу