Қырқында қамал алған Гена...

2302

Неге қазақ жанкүйерлері Генаның Сауль Альварестен жеңілетініне сенімді?

Қырқында қамал алған Гена...

Күні кеше ғана қырық жасқа толған Геннадий Головкин кезекті жекпе-жегінде Риота Муратадан басым түсті. Букмекерлік кеңселер отандасымызды фаворит санағанымен, біршама қазақстандық сараптамалық мақала жазатын сайттар Муратаның басымдылығына көп мән берді.

Мысалы, бірінші фактор жапониялық боксшы қазақстандық былғары қолғап шеберінен анағұрлым жас. Екіншіден, оның жылдамдығы мен бойының ұзындығы Головкинге өте ыңғайсыз жағдай тудырды. Үшіншіден, бұл шоу Жапония жерінде өтті. Одан бөлек, сағат белдеуі мен жергілікті климаттың Риота Муратаға оң әсерін тигізері анық. Міне осындай жағдайлардан соң қазақстандық жанкүйерлер де Генаның жеңісіне үлкен күмәнмен қарады. Әлеуметтік желілерде "жапониялық жеңіске жетеді" деп желпінген желі қолданушылары да болды. Жалпы алғанда бұл қазақстандық боксшыға отандастарымыздың сенімінің күрт азайып бара жатқанының дәлелі. Бізді алаңдатып отырған сауал да осы шығар, бәлкім. Бірінші болып дабыл қақсақ кешіріммен қараңыз.

Кез-келген спортшының эпикалық нүкте қоятын кезі туындайды. Головкиннің жағдайында ол трилогияның аяқталуымен тұспа-тұс келуі тиіс. Себебі Майқұдықтан шыққан сайыпқыранның Саульде қалған есесі бар. Үшінші кездесу қашан болары белгісіз. Бірақ қазақ жанкүйерлерінің өрістен бұрын шаң шығарып, GGG-ден күдер үзуінің аянышты екені көңілге тиеді. Қаншама жыл қазақстандық спорт сүйер қауымды жексенбі сайын жұлқып оятып, жанкүйерлік етуге "мәжбүрлеген" жоқ па еді? 16 жыл бойы халықтың сүйіктісіне айналған Генаның бар жеңістері мен титулдары енді жәй ғана естеліктерге айналғаны ма?

Муратаны Генадий тәжірибенің арқасында жеңіп шықты. Нокдаун мен нокауттарды көп көрген отандасымыз осы жолы тактикаға салды. Бас салып бірден шабуылға шықпай, әліптің артын бағып, қарсыластың қарымын байқады. Жапон жігітіне мүмкіндік беріп, бірнеше раунд барлау жұмыстарын жүргізді. Әйтеуір тоғызыншы раундта күрзі жұдырықты қарағандылық боксшы текетірестің тағдырын шешті. Екі қолымен екпіндеп, қатар соққы жасап, артқа енді шегіне берген кезде Олимпиада чемпионы есінен айырылды. Риота Муратаның бапкері шаршы алаңға ақ сүлгісін лақтырды. Осы кезде Генаның әлі екі раундқа шамасы бар тұғын. Ол үнемі 12-раундқа лайықтап бокстасады. Жапониялықты жеңді, енді біз сәл ертерек айтқан эпикалық нүкте қашан болмақ?

Даңқты боксшылар жеңіліспен аяқтайды деген рас болғаны ма? Мұхамед Әли, Джо Фрейзер, Майк Тайсон спорттық ғұмырларын жеңіліспен аяқтаған. Кәсіпқой боксшы негізгі бәсекелесінен реванш ала алмаса, онда спорттық мансабын аяқтап, қолғабын шегеге ілуі тиіс. Әгәрәки үшінші кездесу өткен жағдайда бізді күтіп тұрған шешім аянышты болуы әбден мүмкін.

Спортшы абыройы асқақтап тұрғанда мансабын аяқтап, жанкүйер жүрегінен орын алып, өзге салаға бет бұруы тиіс. Бірақ Канеломен кездеспей жатып боксшымызды жерден алып, жерге салып, күшіне күмән келтіріп жатқандар да аз емес. Қанша десе де Канелоны жеңсін, жеңбесін Гена әлем боксы тарихында есімін айшықтаған қазақстандық боксшы болып қала бермек.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу