Қырыққабатқа бөлінген несие Үкімет резервіне қайтарылды

11117

Тек 4 шаруа қожалығы ғана несие алып үлгерген. 

Қырыққабатқа бөлінген несие Үкімет резервіне қайтарылды

Түркістан облысындағы көктемгі дала жұмыстары мен орақ науқанына бөлінген 1,6 млрд теңгенің игерілмей қалғаны туралы ақпарат тараған болатын. Inbusiness.kz мәселенің мән-жайын Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасынан сұрап білді. Бұл несие негізінен өңірдегі қырыққабат алқаптарына бағытталуы керек болған екен. Биыл көктемде шекаралардың жабылуына байланысты қырыққабат өнімдері өтпей қалып, еңбегі еш болған шаруалардың проблемасы Үкімет деңгейінде қаралған болатын. Алайда Үкімет резервінен бөлінген қаржы құжат жинаудың қабат-қабат сатысынан өтіп, диқандарға жеткенше уақыт өтіп кетсе керек. Оның үстіне пандемия аталған өнімге деген сұранысты күрт азайтқан.

"Бұл Үкіметтің резервінен бөлінген ақша болатын. Несиенің тиісті құжаттары әзірленіп, іске салынғанша тамыз айы болып кетті. Ал біздің өндірушілер ол уақытта екінші өнім егіп қойған болатын. Тек 4 шаруашылық нысан 3 млн 130 мың теңгеге өтінім беріп, несие алды.  Қалған қаражат түгел республикаға қайтарылады. Бірақ бұл келесі жылы бөлінетін несие көлеміне әсер етпеуі керек. 2021 жылы, бұйырса, көктемгі дала жұмстарын жүргізуге тура сол тізім  бойынша қайтадан қаражат бөлініп, несие таратылатын болады. Яғни, 1,6 млрд теңге сомасы өзгермеуі керек", – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бөлімінің басшысы Әлібек Плалов.

Маманның айтуынша, жыл сайын өңірдегі диқандар 8 мың гектардан астам алқапқа қырыққабат егіп, жайлы болған маусымдарда ақпаннан қоңыр күзге дейін 3 рет өнім алып үлгереді екен. Биылғы карантиндік шектеулер қырыққабат өсірушілердің қолын байлап, адымын аштырмай тастаған. Үкіметтен сұратқан қаржының игерілмей кері қайтарылуына осы себеп болған.

"Бізде 8 мың гектардан астам жерге қырыққабат дақылы егілген болатын. Пандемияға байланысты тойханалар мен мейрамханалардың көрші мемлекеттерде де жабық болуына байланысты қырыққабат өтпей қалды. Сондықтан иегірлемеген қаражатты кері қайтарып отырмыз", – дейді басқарма өкілі.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу