Қыркүйек айында Павлодар облысының жеті елді мекенінде құс тұмауы тіркеліп, ауылдар карантинге жабылған болатын. Қауіпті вирустың салдарынан 3163 үй құсы арам қатты. Тағы 28 118 құсты ветеринарлар тұрғындардың қораларанын жинап әкетіп, көзін жойды. Сөйтіп, мемлекет палводарлықтарға шамамен 31 мың тауық, үйрек, қаз бен күркетауықтың құнын қайтаруға міндеттелді.
Жергілікті ауыл шаруашылық басқармасының мәліметінше, бүгінде 11 729 құс үшін 35 млн 163 мың теңге төленді. 15 қарашада статистика органдары құстардың нарықтағы орташа бағасын есептеп шығарған соң өтемақы төлеу бойынша комиссияның отырысы өтеді. Сол кезде қырылып қалған қалған құстар үшін берілуі тиіс қаржы көлемі нақтыланады.
"Өтемақы көлемі әр ай сайын есептелетін статистикалық мәліметтерге сәйкес белгіленеді. Мәселен, осы жолы өтемақы берер кезде бір қаздың бағасы 6500 теңгеге, күркетауық 5000 теңгеге, үйрек 3516 теңгеге бағаланды. Бір тауықтың бағасы оның тұқымына байланысты 1187-2029 теңге аралығында болды. Бүгінде өтемақының 40%-ы өтелді. Жалпы құс тұмауына байланысты тұрғындарға барлығы 87,5 млн теңге төлеуіміз тиіс", – дейді Павлодар облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Әпсалықов.
Басқарма өкілдері әлі күнге дейін өтемақы ала алмаған тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ екенін алға тартты. Құжаттардың барлығы қабылданып, реттеліп, республикалық эпизоотияға қарсы жасаққа берілген көрінеді. Бұл мекеме мәліметтерді реестрге енгізген соң, құс иелеріне кезек-кезек өтемақы сомасы банк шоттарына аударылады. Ал қазіргі кезде құс тұмауы анықталған жеті елді мекенде карантинді алып тастау шаралары жүргізілуде.
Ажар Дәулетова
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!