Ресей және Украина арасында енді "Көпір соғысы" басталды. 2026 жылғы 17 қарашадағы қарсыластың шабуылы РФ-ті оккупацияланған Қырым түбегімен байланыстыратын ең маңызды көлік дәлізіне жойқын соққы болды. Автомобиль көпірінің аркасы опырылып, теңізге құлады.
Онымен қосарлама салынған теміржол көпірі де қатты зақымданды. Салдарынан Қара теңіз бен Азов теңізін жалғастыратын Керчь бұғазы арқылы ресейлік кеме қатынасы тоқтаған.
Бірақ оқиғаның салдары тек бұлармен шектелмейді: Мәскеудің қауіпсіздік жүйесіне, әскери логистикасына және саяси беделіне нұқсан келді. "Мәңгілік тұрады" әрі "әлемдегі ең мықты қорғалған" деген стратегиялық нысаны қирап, абыройы айрандай төгілді.
Қырым көпіріндегі апат: бір түнде өзгерген стратегиялық жағдай
2026 жылғы 16 қарашадан 17 қарашаға қараған түні Керчь бұғазында болған оқиға Ресей мен Украина арасындағы соғыстың тарихындағы ең резонансты эпизодтарының біріне айналды. Жарияланған фото және бейнежазбаларға сәйкес, Қырым көпіріне жасалған сұрапыл шабуыл оның автомобиль бөлігінің қирауына әкелген.
Ресейлік билік өкілдері шабуыл фактісін растады. Қырым басшысы Сергей Аксёнов көлік қозғалысының толық тоқтатылғанын хабарлады. Ресейдің Көлік министрлігі автомобиль және теміржол бағыттарындағы қозғалыс шектелгенін мәлімдеді. Алдын ала ақпарат бойынша, зардап шеккендер болмаған.
Алайда кейінгі ақпарат жағдайдың әлдеқайда күрделі екенін көрсетті. Украинаның Қауіпсіздік қызметі алып арка және оған сүйенген автомобиль өткелі толығымен жойылғанын, теміржол бөлігіне де салмақты залал келтірілгенін хабарлады, деп жазды германиялық DW.
270 метрлік арка су астында: көпірдің қандай бөлігі қирады?
Қырым көпірі – ұзындығы 19 шақырым болатын, қатар салынған автомобиль және теміржол өткелі. Оның шамамен 7,5 шақырымы Керчь бұғазының үстімен өтеді. Автомобиль жолы төрт жолақтан, теміржол бөлігі екі жолдан тұрады. Жобалық өткізу қабілеті жылына 14 миллион жолаушы мен 13 миллион тонна жүкке есептелген
Әрине, Украина тарапы бұл көпірді бұрындары да талай шабуылдауға талаптанды. Екі жыл бұрын тіпті суасты діңгегін күйретіп, жолдың бір секторын құлата алды. Алайда Ресей тарапы оны барынша тез, бірнеше айдың ішінде қалпына келтіре алды.
Сарапшылар бұл жолғы зақымның жөні бөлек дейді. Өйткені маңызды инженерлік проблема бар: арка және оған бекітілген автомобиль жолының үлкен бөлігі – біртұтас көтергіш жүйенің элементтері. Сондықтан мәселе бұрынғыдай дрон тескен асфальтты ауыстырумен немесе бірнеше металл бөлшекті дәнекерлеумен шешілмейді.
Біріншіден, ресейлік ақпарат құралдары зұлмат соққы салдарынан алдымен қисайып қалған, артынша бір күн ішінде өз салмағымен өзін-өзі жаншып, гүрс етіп құлаған алып арканың ұзындығы 270 метрден асатынын, салмағы 5,5 мың тонна тартатынын мәлім етті. Тасымалдауды, орнатуды және басқа жұмыстарды айтпағанда, оны жасаудың өзі тыс ұзаққа созылуы мүмкін.
Екіншіден, жаңа арка дайын болғанның өзінде, оны әкеліп, орната салуға болмайды. Бүкіл көпірдің орнықтылығына, барлық тіректерінің жағдайына асықпай, жан-жақты, терең зерттеулер жүргізілуге тиіс. Металл конструкциялардың деформациясын және су астындағы бөлігін де мұқият тексеру қажет.
Үшіншіден, салыстырмалы түрде алғанда бір көшеден екінші көшеге дейін жетердей өте ұзын, мыңдаған тонналық арка төменге құлады: теңіз астында жатыр. Мұны Reuters жарияланған бейнежазбалардан байқауға болады. Сол арканың қалдықтарын, үйінділерін су бетіне көтеріп шығару да Ресей үшін бір тауқымет болғалы тұр.
Содан болса керек, кейбір шетелдік эксперттер: "Қырым көпіріндегі автокөлік қозғалысы соғыс біткенше тоқтады!" деген байламға келді.
Теміржол бөлігіне қатысты жағдай өзгеше өрбіді. 17 қарашада қозғалыс толығымен тоқтатылғанымен, түстен кейін пойыздар бір жолмен қайта жүре бастады. Кешке қарай теміржол қатынасы толық қалпына келтірілгені хабарланды. Бірақ екінші жолда жөндеу жұмыстары жалғасқаны да мәлімделді.
Қалай болғанда, РФ Көлік министрлігі де Керчь көпірінің автомобиль бөлігін қалпына келтіру ұзақ уақыт пен орасан қаражатты талап ететін инженерлік міндет екенін жасырмайды.
Қарсылас қалай "Қырым көпірінің" түбіне жетті?
Ресейлік және әлемдік ақпарат айдынында ең көп талқылауға тамыздық болған тақырып – Мәскеу бірнеше жыл бойы "айрықша қорғалған нысан" ретінде таныстырған стратегиялық көпірдің неліктен мұндай ауыр зақым алғаны.
Украина Президенті Владимир Зеленский кешегі мәлімдемесінде шабуыл операциясы бірнеше апта бойы дайындалып, 7 кезеңнен тұрғанын жария етті. Оны Украина Қауіпсіздік қызметі және Қарулы күштерінің Бас штабы бірге үйлестірген.
Соққының соңғы кезеңінде автомобиль және теміржол бөліктеріне әртүрлі құралдармен қатар шабуыл жасалған. Reuters мәліметінше, операция барысында әртүрлі ұшқышсыз аппараттар, тіпті қанатты зымырандар қатар қолданылыпты.
Алайда мұндай күрделі әскери операцияның нақты техникалық тетіктері ашық жарияланбады, құпия қалды. Бәлкім, біраз жыл өткенде ашылар. Мәселен, қандай қарумен қай бағыттан шабуылдағаны, әр жүйеге жүктелген нақты міндеттер және қорғаныс құралдарының әрекет ету тәртібі жөніндегі көптеген мәлімет әзірге белгісіз.
Ресейлік әскери Telegram-арналар бұл бағытта бірнеше жүз дронның бірінен соң бірі ұшып келгенін, олардың бір бөлігінің жарылғыш заты болмағаны, бар көздегені – ресейлік әуе қорғанысының ресурстарын, снарядтарын сарқу болғанын жазуда.
"Рыбарь", "Военный осведомитель", "Русский инженер" сияқты ресейлік ресурстар Украина тарапының шабуылды ұтымды үйлестіргенін, бұл жолы дронмен шектелмей, Қырым көпіріне қарсы тұңғыш рет зымырандардың қолданылғанын және ресейлік қорғаныстың түк нәтиже шығара алмағанын талқылап жатыр.
Ресейлік сарапшылар арасында қызу айтыс-тартыс тудырған мәселе – РФ қорғаныс жүйесінің (ПВО) техникалық қуатының азайғаны, сондай-ақ оның әртүрлі қару түрімен жаппай әрі бірнеше толқынмен жасалатын үстемелете шабуылға пәрменді қарсы тұра алмайтыны. Оның үстіне шабуыл кезінде Украина алдымен шағын дрондармен ПВО жүйелеріне шабуылдап, соларды бірінші құртқан.
Ресейлік "Редакция" арнасының бағдарламасына қатысқан әскери шолушы Валерий Ширяев бір мәселеге назар аудартты: ресейлік қымбат қорғаныс құралдары саны жағынан арзан шабуылдаушы аппараттардан аз болды, сондықтан инфрақұрылымды толық қорғау мүмкін болмады. Оның ойынша, күрделі техника сақадай-сай болғанымен, оны басқаратын мамандардың дайындығы, шеберлігі мен шешім қабылдау сапасының төмендігі шешуші рөл атқарады.
Storm Shadow, Flamingo, Starshield: шабуылға қандай қару қатысқан?
Шабуылдан кейінгі ең қызу пікірталас оның барысында қолданылған қару-жарақтың түріне қатысты өрбуде. Әуелде британдық Storm Shadow және француздық-британдық SCALP зымырандары аталды. Сонымен қатар Украинаның өзі жасайтын FP-5 Flamingo зымыранының қолданылғаны туралы болжам тарады.
Ресейлік "Рыбарь" арнасы украиналық Flamingo зымырандарының бірден оннан астамы пайдаланылды деп жазды. Fire Point компаниясының тең қожайыны Денис Штиллерман Керчь көпірі құлағаннан кейін "жұмбақтап", өздері жасайтын осы зымыранға қатысты жазбаны бөлісті, тек оның шабуылда қолданылған-қолданылмағаны туралы тіс жармады.
Дегенмен, артынша Президент Зеленский Reuters агенттігіне берген мәліметінде Flamingo зымырандарының көпірге дәл бағытталған соққы жасағанын мәлімдеді. Оның дерегінше, байланыс жүйесі соңғы секундтарға дейін үздіксіз жұмыс істеген. Бірақ ол өзге елдердің ракеталарының қолданылғанын айтпады.
Сондықтан кейбір ресейлік эксперттер таратқан "НАТО елдерінің өз қаруымен тікелей қатысқаны" туралы тұжырым дәлелденбеді. Батыс елдерінің барлау деректерімен бөлісуі және Украинаға беретін әскери көмегі туралы мәселе бөлек, ал, нақты операцияға тікелей араласу – нық дәйектемені қажет ететін басқа деңгейдегі эскалация.
Қалай болғанда, Ресей және Украина арасындағы "көпір соғысы" жаңа деңгейге шыққанға ұқсайды. Осы шабуылдың қарсаңында Ресей Киевтегі Днепр арқылы өтетін Солтүстік және Оңтүстік көпірлеріне баллистикалық зымырандармен соққы жасаған болатын. Жалпы, Мәскеу біраздан бері украиналық ірі көпірлерді талқандауға күш салуда.
Тағы бір маңызды жайт: ертең, 19 қарашада, Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Ресей, АҚШ және Қытай басшыларының үшжақты саммиті өтеді. Оған АҚШ Президенті Дональд Трамп, Қытай төрағасы Си Цзиньпин және Ресей Президенті Владимир Путин қатысады (РФ басшысы ҚХР басшысымен кездесулер өткізуде).
Сонымен бір мезгілде Берлинде Дональд Трамптың арнайы өкілдері украиналық және еуропалық делегациялармен келіссөз жүргізуге тиіс еді. Демек, Қырым көпіріне шабуыл әскери оқиғамен қатар халықаралық дипломатияның да маңызды фонына айналды. Кремльдің қожайыны әлемдік державалар көшбасшыларының кездесуіне намысы аяққа тапталған күйде барды – Киевтің көздегені де осы болса керек.
Қырым көпірі 2014 жылдан кейін Ресейдің осы түбекті өз бақылауында берік ұстап отырғанын паш ететін ең ірі инфрақұрылымдық және саяси символдардың біріне айналды. Оның ашылуына Владимир Путиннің өзі қатысқан.
Сондай-ақ бұл – өте қымбат объект. Қырым көпірінің ресми бекітілген жалпы құны 227,92 млрд рублді (2016 жылғы бағамға сай 3,5 миллиард долларды) құраған. Сондықтан бұл нысанның зақымдануын тек көлік мәселесі ретінде қарастыру жеткіліксіз.
"Қырым көпірі міндетті түрде қалпына келтіріледі және ол бұрынғысынан да жақсы болады!", – деп шорт кесті өзінен түсініктеме сұраған ресейлік журналистерге Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песков.
Алайда мәселе тек жөндеу құнымен өлшенбейді. Қираған арканың орнына жаңасын жасау, оны жеткізу және орнату, теңіз түбіндегі қалдықтарды шығару, техникалық сараптама жүргізу және қозғалыс қауіпсіздігін қайта қамтамасыз ету – ұзақ әрі күрделі жұмыс.
"Ведомости" басылымының сарапшылары Керчь көпірінің автомобиль бөлігін толық қалпына келтіру мерзімі белгісіз екенін, жөндеу жұмыстарының аса күрделілігін нұсқады. Бұл жұмысты тез еңсере алуы немесе проблеманың шешімін ұзаққа созып алуы Мәскеудің қазіргі қуат-қауқарын әлемге паш ететін болады.