Қырым Ресей порттарына төнген "әскери қатер" өршитінін жариялады

3583

Украина Қырымның жанында, Керчь бұғазында Ресейдің санкциялық танкерін жарып жіберді.

Қырым Ресей порттарына төнген "әскери қатер" өршитінін жариялады Фото: bezformata.com

Кеше, сенбіде Киев қатаң ескерту жасап, Ресейдің Қара теңіздегі барлық 6 портының акваториясын "әскери қауіпті аймақ" деп жариялады. Яғни, осы порттарға кіретін кез келген кеме шабуылға ұшырауы мүмкін.

Салдарынан, өзге елдердің кемелері мен танкерлері ресейлік осы порттарға кіруден аяқ тартатын болады. Ал ескертуді елемеген кемелер не сақтандыруынан айрылады, немесе оларды сақтандыру құны еселеп артады да, олардың таситын жүктері күрт қымбаттайды.  

Украинаның "Госгидрографиясы" бұл аймаққа Новороссийск, Сочи, Анапа, Геленджик, Туапсе, Тамань порттары, олардың ішкі және сыртқы рейдтерінің акваториясы ілігетінін түсіндірді.

Киев бұл ескертуінің бос сөз еместігін сол күні дәлелдеді.

Сенбі күні белгісіз әскери техниканың көмегімен ұйымдастырылған шабуылдан соң Sig коммерциялық химиялық танкері жарылды. РФ ақпарат құралдарының хабарлауынша, танкер батып кетпеген, бірақ салмақты зақымданды. Ол біразға, тіпті соғыс аяқталғанға дейінгі мерзімге істен шығуы мүмкін.

Chemical tanker немесе орысша "химовоз" аталатын жүк кемелері – адамдар мен қоршаған ортаға қауіпті химикалияларды, қышқылдарды және басқасын тасымалдайды. Олар әдетте азаматтық сауда флотының құрамына кіреді.  

Бірақ Мәскеу оларды әскери мақсатқа жегуде. Мысалы, дәл осы танкердің Сирияда Башар Асадтың билігіне қарсы шыққан түркі ұлыстарын және басқа этностарды қыруға белсене атсалысқаны әшкереленді. Ол оппозиция билік еткен сириялық бейбіт шаһарларды, ауылдарды салмағы бірнеше тонна болатын алып авиабомбалармен соққылап, тып-типыл еткен әскери ұшақтарды, тікұшақтарды авиаотынмен қамтыды.

2019 жылы АҚШ сол кесірлі ісі үшін Sig танкерін және оның қожайыны Transpetrochart Co. Ltd. компаниясын санкциялық тізімге қосты. Оған Мәскеудің тапсырмасын түсіріп отырған "Совфрахт" мемкомпаниясы да батыстық санкцияға ілікті.

Енді міне, ол "туған айлағына" оралып келе жатқан жолда жарылды.

Хронологиясына тоқталсақ, түн 5 тамызға ауған шақта Қырым көпірінің ауданында, Яковенково елді мекенінің жанында қуатты жарылыс болған. Содан кейін ол маңда өрт басталған.

Мәскеу сағатымен таңғы 2-де РФ Тамань Теңіз құтқару қосалқы орталығы ақпарат құралдарына "Украина Қарулы күштерінің Керчь бұғазындағы шабуылы салдарынан танкерге зақым келгенін" мәлімдеді. Кеме экипажы зардап шекпегені айтылды.

02:37-да танкерге екі буксир жетті.

"Танкердің машиналық бөлімі бұзылған. Келтірілген зақым ауыр емес, бірақ біраз зардап шекті", – деген екіұшты түсініктеме берді Теңіз құтқару қосалқы орталығы.

Алайда 08:20-да РФ Теңіз және өзен көлігі федералдық агенттігі Қырым көпірі жанында шабуылға ұшыраған Sig кемесінің машиналық бөлімі тұтас қирағанын мойындады. Салдарынан оң жақ бортынан ішіне су тасқындай кірген. Содан оның ішіндегі суды сыртқа соруға тура келіпті. Дегенмен, кеме батып кетпеді, қалқымалы күйін сақтады.

Агенттік оған шабуылдың теңіз камикадзе дронының көмегімен жасалғаны туралы жорамалын жеткізді. 

Өз кезегінде Новороссийскінің Теңіз құтқару-үйлестіру орталығы танкерден отын төгілмегенін нақтылады. Соған қарағанда Украина жағы теңіз суын ластамау және онда экологиялық апат тудырмау үшін жоғары дәлдікпен, әдейі машиналық бөлімді істен шығарса керек. Сонымен бірге кеме экипажының сендіруінше, кеменің танктерінде отын болмаған, бос екен.

Украинаның аннексияланған Севастополь қаласының РФ тағайындаған губернаторы Михаил Развожаев қаланың жанында, Қара теңізде тағы бір суүсті беспилотник катері табылғанын мәлім етті. Оның айтуынша, теңіз дроны қозғалып бара жатқан, сондықтан Қара теңіз флоты оны жағалаудан көп қашықта жойып жіберген көрінеді. Бірақ соны дәлелдейтін бейнеайғағын көрсетпеді.

Украинаның Қауіпсіздік қызметінің басшысы Василий Малюк осы бір ғана аптада ресейлік кемелерге ірі үш шабуыл жасалғанын еске салды. Бұл Ресейдің Қара теңіз бен Дунай сағасындағы украиналық порттарды күйретуіне жауап болса керек.

"РФ кемелеріндегі немесе Қырым көпіріндегі кез келген жарылыс соғыс кезінде жауға қарсы жасалған толығымен қисынды және тиімді қадам болып табылады. Атап өтетін жайт, бұл арнайы операциялардың бәрі Украинаның аумақтық суларында жүргізілуде және толығымен заңды", – деді В.Малюк.

Бұл шабуыл РФ әскери флотына зиян келтірмегенімен, Ресейді қатты дүрліктірді. Мәскеу дереу Қырым көпірін жапты, украиналық дрондардың келесі легі алыстан көрмеуі үшін көпірдің барлық шамдары өшірілді. Қазіргі кезде көпірдегі қозғалыс ішінара қалпына келтірілді. Себебі, бұдан бұрын украиналық камикадзе катерлер Қырым көпіріне де шабуылдап, оның бір секциясын күйреткен болатын. Көпірдің ол тұсы әлі күнге жөнделген жоқ.

"Военкор" Юрий Котеноктың жазуынша, Sig химиялық танкері көпірден әлдеқайда алыста, Керчь бұғазынан 30 теңіз миліндей қашықтықта зәкірін тастап, аялдап тұрған. Украина жағы осы мүмкіндікті қалт жібермеді. 

"Кеме қалқымалы күйде қалды. Экипаж, кеме ішіндегі барлық 11 адам аман. Машиналық бөлімді су басып қалған", – деді ол.

The Bell басылымы Sig санкциялық кемесінің Керчь бұғазында зәкір тастап, тұрғаны Marinetraffiс сервисінде көрініс бергеніне назар аудартады. Ақпараттық ғасырда алып кемелерге тығылу күрделі. Бірақ түнгі 23 сағатта оның геопозициясы өшіріліп тасталыпты.

ТАСС мәліметінше, бүгінге дейін кемені зерттеу жұмыстары жүргізілген. Осы мақсатта танкерге "Водолаз Кузьминых" кемесі көмекке жетті: онда сүңгуірлер станциясы орналасқан. Кәсіби сүңгуір мамандар танкерге келген зақымдарды зерттеді, арнайы жабдықтармен су астындағы техникалық жұмыстарды атқарды.

Олардың қорытындысы кейін химтанкерді жөндеу жұмыстарының жоспарына негіз болады.  

Ресейлік әскери "Рыбарь" телеграм-арнасы бір қызықты мәліметке назар аудартады. Осының алдында украиналық теңіз дрондарының шабуылына тап болған қос әскери фрегат – "Василий Быков" пен "Сергей Котов" патрулдік әскери кемелері дәл осы Sig химиялық танкерін сүйемелдеп, еріп жүрді. Босфор бұғазынан шыққан соң, 1 тамызда оларға украналық теңіз беспилотниктері соққы берді. РФ Қорғаныс министрлігі барлық шабуылдардың беті тойтарылғанын мәлімдеді.

BBC News дерегінше, химтанкерге шабуылды Украинаның Қауіпсіздік қызметі мен Әскери теңіз күштері бірлескен операция аясында бірге жүзеге асырды. Шабуыл үшін 450 келі тротил тиелген суүсті дроны пайдаланылыпты.

Мәскеу аннексиялаған Қырым республикасының Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Владимир Константиновтың пікірінше, Украинаның ресейлік 6 портқа қатысты "әскери қауіп" туралы ескертуі осыған ұқсас шабуылдардың алда жаңа қарқынмен жалғасатынын білдіреді. Ол бұдан әскери ғана емес, өзге кемелер де зардап шегуі мүмкін екенін нықтады.

Онда Новороссийск портынан қазақстандық мұнайды тиеп, жаһандық нарыққа таситын кемелер де бұл істен бас тартуы ықтимал.

Ресей бастаған соғыс тоқтамай, сауданың заманауи керуен жолдары да қауіпсіз бола алмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу