Қыс қарсаңында Азия мен Еуропа энергетикалық дағдарысқа тап болды

3465

Ғалам экономикасының пандемиядан ес жиюы мұнайға да, газға да, көмірге де сұранысты күрт арттырды. Бірақ ұсыныс осының бәріне сай болмай шықты. 

Қыс қарсаңында Азия мен Еуропа энергетикалық дағдарысқа тап болды

Дүйсенбі күні Венада ОПЕК пен оның Ресей, Қазақстан тәрізді одақтастары пандемия кезінде қысқарған өндірісті қалпына келтіруге дереу емес, біртіндеп көшіп, қарашада тәулігіне 400,000 баррель ғана қосуға келіскеннен кейін, әлем нарығында мұнай бағасы тағы да көтерілді.

Жаһандық экономика жанданып жатқандықтан жағдай өзгерді. ОПЕК+ шешімі бензин мен авиакеросин сияқты мұнай өнімдеріне сұраныстың артуына сәйкес қабылданып отыр. COVID-19 пандемиясына қарсы шектеулердің жеңілдетілуіне байланысты қазір бүкіл әлемде көлікпен жүру және ұшақпен ұшу жиіледі.

Оның үстіне, табиғи газ бағасының ерекше жоғарылауы Азиядағы кейбір электр қуатын өндірушілерді мұнайға негізделген өнімдерге көшуге итермелеп отыр.

Биылдың өзінде 50 пайызға қымбаттаған Brent маркалы мұнай баррелінің құны Австрия астанасынан жеткен хабардан кейін бірден 2,9 пайызға өсіп,  81,57 долларға жетті. Бұл – 2014 жылдан бергі максимум.

Айта кетсек, ОПЕК+ Америка Құрама Штаттары мен Үндістан сияқты ірі тұтынушылардың қысымына ұшырап отыр. Вашингтон мен Делидің талабы -  көмірсутегі бағасын төмендету үшін өндіріс көлемін ұлғайту.

Кейбір сарапшылардың ойынша, мұнай нарығы осы қарқынмен өсе беретін болса, әлемде инфляция күшейіп, пандемиядан кейінгі қалпына келу процестеріне қауіп төнуі мүмкін. Алайда ОПЕК+ өкілдері Reuters агенттігіне берген сұхбатында айтқандай, "олар коронаның төртінші толқынынан қорыққандықтан" өндірісті арттыру бойынша ірі қадамға бара алмай отыр.

Өткен аптада Американың Goldman Sachs инвестициялық банкі болжағандай, бұл энергетикалық шикізаттың бағасы жыл соңына дейін 90 долларға жетуі ықтимал. Дегенмен, қазір мұнай мен газ ғана емес, көмір де қымбат.

Қытай қазақ көміріне мұқтаж

Әлемдік энергетикалық дағдарыс көмір саудалау жолдарын өзгертіп, қара  отынға деген мұқтаждықтың өскенін байқатып отыр. Ал, бұған дейін көптеген сарапшылар мұндай отынға сұраныс төмен деп есептеген еді.

Қытайдың шығысындағы Чжэцзян провинциясы жуырда теңіз арқылы алғаш рет қазақстандық көмірге қол жеткізіп, оны сирек те болса Шыңжаңнан да теміржолмен тасымалдай бастаған. Коммунистік елдің Fengkuang Coal Logistics салалық басылымының хабарлауынша, Еуропаның электр станциялары екі жылда бірінші мәрте индонезиялық көмірді сатып алуға мүдделі екенін байқатты.

Солтүстік жарты шарға қыс түсерде көптеген құрлықтарда қылаң берген энергетикалық дағдарыс барысында көмірді мүмкіндігінше молырақ жинап алғысы келетін мемлекеттер көбеймесе, азайған жоқ. Сондықтан, бұл отынның бағасы, әсіресе, ірі нарық - Азияда рекордтық деңгейге жетіп отыр.

"Блумберг" агенттігінің дерегіне сәйкес, Қазақстаннан Ресейдің Железный Рог портына құрлықпен жеткізілген көмір тамызда Caro деген тасымалдаушыға тиелген. Мемлекеттік Zhejiang Energy Group мәлімдемесіне жүгінсек, бұл кеме 30 күнде теңізде 15744 шақырым жүзіп, 136,000 тонна жоғары сапалы көмірді Қытай жеріне түсіріп отыр.

"Бұл – отын жетіспей тұрған шақта Қытайдың кейбір аудандарында сұраныстың артқанын көрсетеді. Сондықтан, бірқатар провинциялар бүгінде өзге көмір өндірушілермен байланысқа түсіп отыр", - дейді Shanxi Jinzheng Energy консталтингтік компаниясының сарапшысы Цзэн Хао.

ҚХР отын тапшылығына қалай тап болды? Қытай шахталарында қауіпсіздікті тексерудің күшейтілуі көмір өндірісіне кері әсер етті. Сондықтан, бұл отынды жеткізу қиындап, үкімет энергияны үнемдеп беру режиміне көшті. Өндірістің қысқаруы кесірінен жыл басынан бері Қытайда көмір 80 пайызға қымбаттаған.

Көмір саудагерлерінің айтуынша, жаңа импорт көздерін табу оңай емес. Өйткені, қазір Ресей Еуропаның энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандырумен әлек болып жатса, Индонезияда жаңбырдан көмір өндірісі тоқтап тұр. Ал, бұл отынды Моңғолиядан импорттауға жүк тасымалдауға қойылған шектеулер кедергі.

Еуропада жарық та, газ да қымбат

Испанияда жарықтың бағасы үш есеге өсті. Бұндай жағдайды соңғы апталарда Еуропа одағының өзге елдерінен де байқауға болады. Электр энергиясының қымбаттауы алдағы қыстың қиыншылығын елестетеді. Өйткені, үйлерге жылу керек, демек, маусымдық тұтыну деңгейі енді өспесе, кемімек емес.

Еуропада бағаның өсуіне бірнеше жайт себепші. Солардың қатарында табиғи газ қорының азаюы, көгілдір отынның шетелге жөнелтілуі, жел диірмендері мен күн электр станциялары өнімділігінің төмендігі, ядролық генераторлар мен басқа да қондырғылардың жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтап қалуы тәрізді факторлар бар.

Уақыт өте аз. Себебі алдағы айларда сұраныс өседі. Дегенмен, электр станцияларының техникалық тексеруден кейін қайта жұмыс істеу перспективасы мен Ресейден Германияға тартылған Nord Stream 2 газ құбырының іске қосылуы нарықтағы жағдайды жеңілдетеді деген үміт бар.

Испания, Италия, Грекия, Ұлыбритания және аймақтың өзге де мемлекеттері COVID-19 пандемиясынан экономика енді ес жиып келе жатқанда азаматтарын шығындардың өсуінен қорғау үшін субсидиялаудан бастап бағаны шектеуге дейінгі ұлттық шараларды қолдануды жоспарлап отыр.

Бензин емес, жүргізуші тапшы

Автокөлік жүргізушілері жанармайды жанталаса сатып алып жатқандықтан, Ұлыбританияның бензин құятын насостары құрғап барады. Жергілікті жұрт мұндай жағдайды соңғы онжылдықта көрген емес. Үкімет қанша жерден сабырға шақырғанымен, отын бекеттерінің маңында кейінгі кездері төбелес жиілеп кетті.

Бірақ, мәселе бензин тапшылығында емес – оны мұнай өңдеу зауыттарынан саудагерлерге жеткізетін жүк тасымалдаушылардың жетіспеушілігінде болып тұр. Бұл – Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығуының жағымсыз әсерлерінің бірі және де пандемия кезінде жүк тасымалдаушыларды сертификаттау мен оларды кәсіптік даярлықтан өткізу кейінге қалдырылған.

Қазір Біріккен Корольдікте жүк таситын 100 мыңдай жүргізуші жетіспей отыр.  Премьер -министр Борис Джонсон үкіметі бұл түйіткілді шешу үшін мыңдаған шетелдік шофер-маманға виза беріп, оларды нарыққа жанармай тасу жұмыстарына тартпақ. Көмекке армия да дайын тұр. Проблема мерекелерге дейін шешіледі деген үміт бар.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу