Қыс мезгілінің сән үлгілері

Аида Есеналина Аида Есеналина
22936

"Биылғы қыста қандай тон сәнді?", – деп сұрарсыз сіз. Барлығы да. Биылғы қыс мезгілінде сан түрлі үлгідегі, ұзындық пен әр алуан түсті тондар сәнге кірді, бұл тон таңдау мәселесін одан бетер қиындатып жіберері хақ.

Қыс мезгілінің сән үлгілері

Сан алуан түстер

Классикалық қара, қоңыр және ақ түстен өзге сәнге жасылдан бастап күлгін түске дейінгі барлық түстер енеді, оларды Fendi, Max Mara, Gucci, Just Cavalli-дің топтамаларынан көруге болады. Көзге түсерлік жарқын түстерді кие алатын және айналасындағылардың таңданысына елең қылмайтындар, әрине, тонның жарқын түстерін таңдайды, ал байсалды және кербез сұлулардың ықыласы, әлбетте, Louis Vuitton, Giambattista Valli, Hermes және Altuzarra ұсынатын классикалық түстерге ауады.

Өңделген қой терісі бағалы

2017 жылы қой терісінен жасалған тондар бұрын-соңды болмаған сәнге кіреді. Nina Ricci сән үйін терінің осы түрін өңдеу мен пішудің шебері деп санауға болады. Сондай-ақ  бұйымға боялмаған табиғи реңк беретін қырқылмаған қой  терісі ерекше сән үлгісіне айналады.

Елтірінің нәзік терісі қалың әрі ұзын қой терісіне дес бермей келеді. Жануарларға жаны ашитын адамдар қанша қарсы болса да, туылмаған қозылардың терісінен жасалатын қаракөл елтірісі жылдар бойы сәннен шыққан емес.

Терінің сан түрін үйлестіру

Әр түрлі сән үйлерінің сәнгерлері терінің бір түрін пайдаланумен шектелмей, оларды түрлі тәсілдермен үйлестірді. Терінің өзгешелігі міндетті түрде байқалуы керек: әдетте табиғи тері мен жасанды тері,  тегіс қаракүзен терісі мен үлпілдек түлкі терісі, қалың қой терісі мен мамық елтірі қиюластырылып, түсі әр түрлі тері құрақтары пайдаланылып жатады. Көбінесе мұндай қиюластыруға Fendi, Marc Jacobs, Vera Wang, Paul Joe, Salvatore Ferragamo, Blumarine сән үйлерінің сәнгерлерді әуес. Егер сән талабына сай киінетін бикештерімізде осындай терінің сан түрі қиюластырылған тон болатын болса, оларды биылғы сән талабына дөп түскенімен құттықтауға болады.

Жыртқыш аң кескіні

2017 жылдың қысқы маусымында ендігі кезекте классикаға айналған жыртқыш аң кескіні назардан тыс қалған жоқ. Louis Vuitton, Zuhair Murad, Dries van Noten, Lisa Perry, House of Holland, No.21 брендтерінің дизайнерлері жыртқыш аң кескіні бар бірнеше сән үлгілерін жасаудан бас тартқан жоқ. Жыртқыш аң кескіні ішінде бірінші орында, әрине, біреуді сүйсіндіретін, енді біреудің ызасына келетін, бірақ ешкімді бей-жай қалдырмайтын барыс кескіні.

Гүлдесте

Қыстың қақаған аязында ертегі әлеміне бас сұғуды қалайтын романтикалық бикештер үшін  Valentino, Michael Kors, Fendi дизайнерлері арнайы гүл аппликациялары бар тон үлгілерін жасап шығарды. Бұл тондар батыл әрі жасампаз сұлуларға арналған себебі мұндай гүлді романтиканы дұрыс үйлестіре білу қажет.

Гринпистің арманы

Бірнеше жыл бұрын ғана жасанды тері талғамсыздықтың нышаны болып есептелсе, қазір ол соңғы маусымдардың үздік сән үлгілеріне айналды. Табиғи емес теріні пайдалану жануарлар әлемін қорғаушыларды, үнемшіл сәнқойлар мен бір маусымда бір тонмен шектелмейтін қыздарды қуантады. Мұндай бұйым сізге қаракүзен,бұлғын және ақтүлкіден арзанырақ түседі, бірақ түсі, пішілуі, сән үлгісімен табиғи теріден кем емес, оған Fendi, Michael Kors, Anna Sui, Marco de Vincenzo топтамалары дәлел бола алады. Дұрыс пішілген жасанды тері өте сәнді көрінеді және ең нәзік образға сәйкес келеді.

Оверсайз немесе өлшемсіз тон

Гендерлік ерекшеліктер өше бастаған дәуірде белдің бар жоғын білдіртпейтін оверсайз тондары ерекше сұранысқа ие. Мұндай бұйымдар классикалықтан бастап ең батыл түстерге дейінгі кез келген реңде орындалуы мүмкін. Елтірі, қой терісі және қаракүзеннен жасалған өлшемсіз тон үлгілерін  Fendi, Nina Ricci, Saint Laurent, Osman, Blumarine, Matthev Williamson, Au Jour Le Jour, Holli Fulton топтамалары  ұсынды.

"Қазақстанша" сән

"Mondial" тон дүкенінің кеңесшісі Жанар Сатыеваның айтуынша, биылғы жылы Қазақстанда түлкі, күзен және бұлғын терісінен жасалған тондар ерекше сәнге айналған.  Сондай-ақ  кесе көлденең пішілген тондар сұранысқа ие. Аязды қыс мезгілінде ыңғайсыз болғанына қарамастан, жарқын реңкті қысқа тондар да өзектілігін жоғалтпаған.

"2017 жылы дизайнерлер кескін мен түске ерекше көңіл аударған. Сызық кескіндер сәнге айналды. 2017 жылдың қаракүзен тондары – бұл жаңа үлгілер мен таңғаларлық идеялар. 2017 жылдың классикалық тондары тік пішілуімен және ұзын терісімен ерекшеленеді. Жағаның болмауы және ұзын қолғап сияқты қосымша аксессуарды талап ететін қысқа жеңді тондар кербездік пен салтанаттың нышаны іспеттес", – дейді Жанар Сатыева.

"Пушнина" тері дүкенінің директоры Юлия Тогобицкаяның пайымдауынша, елорданың сәнқой бикештерінің  аусары – әр түрлі жарқын түсті тондарда, десе де қоңыр және қара классикалық түстер де назардан тыс қалмаған .

Екі дүкен өкілінің айтуынша, Қазақстанның сәнқойлары арасында бірнеше маусым бойы сұранысқа ие болып келе жатқаны – бұлғын терісі және биылғы маусым да солай боларына сенімді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу