Қыш өнеріне балам әкелді – Ақбаян Байтубаева

Павлодарлық көп балалы ана ерекше балаларды оңалтумен айналысады.

Қыш өнеріне балам әкелді – Ақбаян Байтубаева

Павлодар қаласының тұрғыны Ақбаян Байтубаева – өңірдегі жалғыз қыш құмыра жасау студиясының иесі. Педагог-психолог әрі қаржыгердің өнерді кәсіпке айналдыруына ұлы себеп болды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Суретшінің қызы Ақбаян бала кезінде әкесінің түрлі бейнелерді қағазға түсіріп, ақ қағазда әдемі көріністердің пайда болғанына куә болғанымен, бұл салаға онша-мұнша қызығушылық таныта қоймапты. Сондықтан қаржыгер болуды ойластырып, мектепті тәмамдаған соң осы мамандық бойынша оқуға түсті. Кейін тұрмыс құрып, ана атанды. Бірақ дүниеге әкелген екінші баласы – Қанат есімді ұлына дәрігерлер "аутизм" деген диагноз қойды. Бұл сәт жас ананың өмірін де, көзқарасын да, мамандығын да түбегейлі өзгертті.

"Әрине, бастапқыда мұндай диагнозды есту оңай болған жоқ. Жалпы баласы қандай да бір дертке шалдыққан әр ананың шығар жаны ғана қалатыны анық. Сол кезде жолдасым, ата-енем, анам мен әпкем қолдау көрсетіп, демеді. "Мен сынаққа сынып кетсем, ертеңгі күні баламның жағдайы қалай болмақ" деп өзім де әл-күшімді жинап, ұлыма көмектесудің амалдарын ойластыра бастадым. Педагог-психолог мамандығы бойынша білім алдым. Бастапқыда аутист балаларға арналған дамыту орталығын ашуды ойластырған едік. Десе де, осыдан бірнеше жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы қыштан құмыра жасау орталықтарының біріне барғанымда баламның көзінен от байқадым. Оған бұл іс ұнады. Кейін қышпен жұмыс жасау маториканы жетілдіруге, сөйлеу қабілетін дамытуға жақсы әсер ететінін білдім. Сөйтіп балама қолдау көрсету үшін осыдан тура бір жыл бұрын қышпен айналысу орталығын аштым", – дейді Ақбаян Байтубаева.

Бүгінде 11 жасар Қанат бұрынғыдай көп адамнан, үлкен кеңістіктен қорықпайды. Қыштан қандай да бір формадағы заттар жасауға болатынын жақсы түсінеді. Анасы алдағы уақытта бұл іс күнелтудің жолына айналып, нанын тауып берсе екен деп үміттенеді. Себебі ерекше балаларға өз жолын табу қиын.

"Қыштың балалардың дамуына оң әсер беретінін өзімнің баламнан да, орталыққа келетін басқа бүлдіршіндерден де байқадым. Әуел баста өнердің бұл түрінен мүлде алшақ болғандықтан, қолдан мүсін сомдау курстарына қатыстым. Кейін елордадағы қышпен жұмыс істеу оқуына жазылып, қыр-сырын түсіндім. Қазіргі уақытта да интернет желісі, онлайн шеберлік сағаттары арқылы білімімді толықтырып жүрмін. Мүмкіндігі шектеулі балаларға бағытталған қыш терапиясы курсынан өттім. Бұл ретте көп нәрсенің тәжірибемен келетінін аңғардым. Балалардың, басқа да келушілердің талап-тілектеріне, икемдік қабілеттеріне қарай жұмысты жетілдіреміз", – дейді ол.

Құмыра, басқа да заттарды дайындауға қажет балшықты Отырардан, Екібастұз қаласынан сатып алады. 100 келі балшық бірнеше айға жетеді.

"Бір құмыра дайындау үшін шамамен бір келі балшық, су мен оны айналдыратын шарғы керек. Балалар да, артерапияға келген ересектер де заттарды жалғыз өзі жасамайды. Біз құмыраның, басқа да заттың көлемін қалыптастыруға, оны әдемілеуге көмектесеміз. Кейін дайындалған затты кептіріп, күйдіреміз. Келушілердің қалауы бойынша бояумен әрлеп, глазурь жағуға болады. Мәселен, ыдыстар осындай жолмен әзірленеді. Кейін орталыққа келушілер күйдірілген, кептірілген, ысталған әрі әрленген затты қалаған уақытында алып кетіп, күнделікті тұрмыста пайдаланып, үйіне сән келтіру үшін қоя алады", – дейді кәсіпкер.

Орталықтағы балаларға арналған шеберлік сағаттары 5 мың теңге, ересектерге арналған артерапия 7 мың теңге тұрады. Соңғы уақытта "Жастардың кездесуі" шарасы зор сұранысқа ие. Бұл уақытта жастар қыштан заттарды бірге дайындап қана қоймай, love story түсіріп үлгереді. Тіпті, осыған дейін бес азамат сүйіктілеріне дәл осы орталықта тұрмысқа шығу туралы ұсыныс жасаған екен. Мұндай кездесудің бағасы – 18 мың теңге.

Байқағанымыздай, өңірдегі жалғыз қыштан құмыра жасау студиясына сұраныс уақыт өткен сайын артып келеді. Бастапқыдай мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары ғана емес, жастар мен ересектер тарапынан да қызығушылық зор. Әуелде аутист балаларға көмектесу орталығы ретінде жұмысын бастаған аймақтағы жалғыз студия бүгінде кәдімгідей табыс көзіне айналып үлгерді. Осы орайда Ақбаян Байтубаева көпбалалы ана екенін атап өту керек. Келушілерді қарсы алып, оларға шеберлік сағаттарын ұйымдастыруға Айдар есімді көмекшісі қолғабыс жасаса, үйдегі шаруаларын атқаруға жолдасы, қайынатасы мен балалары қол ұшын созады.

Соңғы кездері шеберлік сағаттарымен қатар, дайын өнімдерді сатып алуға деген сұраныс артып келеді. Сондықтан кәсіпкер алдағы уақытта кеңірек ғимаратты жалға алып, қыштан дайындалған өнімдерді саудаға шығаруды ойластырып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу