Оқиға тікелей эфирде көрсетіліп, трансляция барысында спортшының жан айқайы естілді.
2010 жылғы Олимпиада чемпионы, әлемнің екі дүркін чемпионы, 41 жастағы Линдси Вонн трассадағы жалаушаға ілініп, әуеде айналып барып жерге қатты соғылған. Құлау салдарынан жарыс уақытша тоқтатылды. Спортшы қар үстінен өздігінен тұра алмай, оған дереу медициналық көмек көрсетілді.
Айта кетейік, Линдси Вонн жарысқа тізесіндегі ауыр жарақатқа қарамастан шыққан. Тікелей эфир кезінде оның ауырсынудан жылап, айқайлаған дауысы анық естілген.
Жарыстан кейін америкалық спортшы жедел түрде тікұшақпен ауруханаға эвакуацияланды.
– Линдси Вонн жарақат алды, алайда қазіргі таңда жағдайы тұрақты. Ол америкалық және италиялық дәрігерлерден құралған кәсіби медициналық топтың бақылауында, – делінген ресми мәлімдемеде.
Еске сала кетейік, қаңтар айының соңында Линдси Вонн Швейцарияның Кран-Монтана қаласында өткен Әлем кубогы кезеңінде де құлап, сол жақ тізесінен жарақат алған болатын.
Кезекті жарақаттан кейін бұл Олимпиада ойындары оның спорттық мансабындағы соңғысы болуы мүмкін.