Қысқы Олимпиада ойындарына баратын спортшылардың есімдері белгілі болды

2739

Қазақстандық спортшылар Пекинде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына спорттың 8 түрінен әзірге 82 жолдама жеңіп алды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін.

Қысқы Олимпиада ойындарына баратын спортшылардың есімдері белгілі болды

Шаңғы жарысынан ел қоржынында 30 лицензия бар. Спортшыларымыз фристайлдан тоғыз лицензия жеңіп алды. Оның ішінде 5 жолдама могул санаты бойынша, 4 жолдама акробатикадан. Конькишілеріміз бен биатлоншыларымызда 12 жолдамадан, шорт-тректен тоғыз лицензия бар. Тау шаңғысы бойынша және трамплиннен секіруден төрт лицензия, сондай-ақ ел құрамасы шаңғы спортынан қоссайыста екі лицензия иеленді.

Олимпиада құрамасында бүгінде 32 спортшы бар екені мәлім болды. Бұл соңғы деректер емес. ҰОК биатлон, шаңғы жарысы, могул және акробатика сияқты кейбір жарыстар бойынша халықаралық федерациялардан лицензияларды қайта бөлу нәтижелерін күтуде. Олимпиадаға қатысушылардың толық тізімі 20 қаңтардан кейін жарияланады.

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев XXIV қысқы Олимпиада ойындарына дайындық мәселелері бойынша жиын өткізді.

"Еліміз үшін осындай қысылтаяң шақта біз спортшыларымызға алдағы ақ Олимпиадада допингсіз, дау – жанжалсыз лайықты дәрежеде өнер көрсету міндетін қойып отырмыз. Әрине әр спортшы жеңіске жету жолында бар күш-жігері мен шеберлігін көрсететіні анық. Біз спортшыларымыздың кез-келген жетістігіне қуанамыз. Бұл үшін мемлекет қолынан келгеннің бәрін жасады. Спортшыларды даярлау, сапалы жаттығу процесі, жиындар мен біліктілік жарыстарына қатысу қаржыландырылды", – деді Мәдениет және спорт министрі.

Сондай-ақ Халықаралық конькишілер одағы (ISU) шорт-тректен Қазақстан алған олимпиадалық квоталар санын растады. 2022 жылғы ойындарға баратын спортшылардың құрамы да белгілі болды. ISU шешімі бойынша шорт-тректен Қазақстан құрамасына бес спортшыға (үш ер және екі қыз) тоғыз лицензия берілді. 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Әділ Галиахметов, Яна Хан және Ольга Тихоновалар еліміздің намысын қорғайды.

"Біз тамаша жұмыс атқардық. 10 лицензия аламыз деп жоспарладық. Бірақ бір лицензияға кем алдық. Жалпы лицензиялар саны тоғыз. Ольга Тихонова екі лицензия жеңіп алды. Сондай-ақ ерлер арасында екі, әйелдер арасында екі спортшы бақ сынайтын қосымша эстафета бар. Бұл эстафетада біздің команда 12-орынға ие болды. Сондықтан бізге тағы бір квота берілді. Осы жарысқа Яна Хан да дайындалып жатыр. Әлем кубогінің соңғы кезеңінде ол 500 метрге жүгіруде өте жақсы нәтиже көрсетіп, Қазақстан рекордын жаңартты.

Қазіргі таңда команда Нұр-Сұлтанда карантинде. Біз үздіксіз дайындық пен жаттығуды жалғастырудамыз. Барлығы бетперде киіп, карантиндік таларптарды сақтауда. Біздің басты міндетіміз – Ойындарға аман-есен бару", – деді шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков.

"Тау шаңғысынан қазақстандық спортшылардың үш квотасы бар. Ерлер арасында Захар Кучин Олимпиадаға барады. Ал әйелдер арасында Александра Троицкая мен Каролина Лата бір жолдамаға үміткер. Әйелдер квотасының тағдыры Пекинге аттанар алдында бақылау жаттығуында шешіледі", – деп хабарлады команданың бас бапкері Алексей Шубин.

Сайыстар үш негізгі жерде – Яньцин, Чжанцзякоу және Пекинде өткізіледі. Құрама 27 қаңтарда Air Astana әуе компаниясының чартерлік рейсімен Hұp-Сұлтан қаласынан шығады. Содан кейін Алматы қаласына аялдап, одан әрі Қытайға аттанады. Пекин Олимпиадасы  4 ақпанда басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу