Бүгін Олимпиада ойындарында фристайл-акробатика бойынша жоспарланған барлық жарыстар қолайсыз ауа райына байланысты кейінге шегерілді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, толассыз жауған қар, желдің күшеюі мен көріну деңгейінің төмендеуі спортшылардың қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін.
Фристайл-акробатика - қысқы ойындардың ең экстремалды әрі көрермені көп дисциплиналарының бірі. Спортшылар биік трамплиннен секіріп, ауада бірнеше күрделі айналым мен бұрылыстар орындайды. Мұндай жағдайда ауа райы шешуші рөл атқарады. Себебі желдің бағыты мен жылдамдығы спортшының нәтижесіне тікелей әсер етеді.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін 14:45-те фристайл-акробатикадан әйелдер арасындағы іріктеу кезеңінде Аяна Жолдас сынға түсуі керек еді. Ал, кешкі сессия 17:30-да ерлер арасындағы фристайл-акробатика іріктеуінде Қазақстан сапынан Асан Асылхан, Дінмұхаммед Райымқұлов, Шерзод Хаширбаев және Роман Иванов жарыс жолына шығуы тиіс болатын.
Жарыстардың жаңартылған кестесі жақын арада ресми түрде хабарланады.