Қысқы Олимпиада ойындарында көк туымыз желбірей ме?

2257

4 ақпан күні Қытай астанасы Пекинде Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Бұл додада қазақстандық спортшылар тек санаулы спорт түрінен бақ сынайды. Дегенмен жүлдеден үмітіміз бар.

Қысқы Олимпиада ойындарында көк туымыз желбірей ме?

Пекинге аттанатын Қазақстан құрамасының делегациясы 2020 жылғы жазғы ойындарға Токиоға барған делегациядан әлдеқайда аз болады. Хоккейшілер турнирге жолдама ала алмады. Олар іріктеу турнирінде алға қойған мақсаттарын орындамады. Сондай-ақ еліміздің атынан скелетон, мәнерлеп сырғанау, фристайлдың кейбір түрлері, бобслей, керлинг, сноуборд жарыстарынан олимпидаға спортшылар бармайды. Ал 2018 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Юлия Галышевадан (фристайл-могул), Жанбота Алдабергеновадан (фристайл акробатика), шорт-трек және конькимен жүгіруден сынға түсетін спортшылардан медаль күтеміз.

Болжам әртүрлі әлемдік жарыстардағы өнер көрсету нәтижелеріне ғана негізделіп жасалып отыр. Бұл ретте Пекинде ерлер арасында мықты могулистер де өнер көрсететінін айта кеткен жөн. Қазақстандықтар Павел Колмаков пен Дмитрий Рейхерд тек ұлттық құраманың ғана емес, 2022 жылғы Олимпиадаға қатысушылар арасында фавориттердің қатарында.

Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін қазақстандық спортшылардан лицензия иелерінің нақты тізімі анықталмаған. Себебі кейбір спорт түрлері өткен демалыс күндері ғана іріктеу кезеңін аяқтады. Халықаралық Олимпиада комитеті жақын арада Олимпиадаға қатысушылардың есімдерін жариялайтын болады.

Ашылу салтанаты 4 ақпанда өтеді. Жарыстар әдеттегідей ашылу салтанатына дейін – 2 ақпанда керлингтен, ал 3 ақпан күні хоккей мен фристайлдан басталады. Мәнерлеп сырғанаудан жарыстар (командалық турнир) 4 ақпан күні таңертең, ашылу салтанаты алдында басталады. Алғашқы медальдар 5 ақпанда биатлон, коньки тебу, шаңғы жарысы, шаңғымен секіру, фристайл және шорт-тректен ойнатылады. Олимпиаданың соңғы күнінде 20 ақпанда жабылу салтанаты өтеді. Сонымен қатар бобслей, керлинг, шаңғы және хоккейден медальдар үшін спортшылар сынға түседі. Пекинде 15 спорт түрі бойынша барлығы 109 медаль сарапқа салынады. Бұл 2018 жылы Пхенчханда өткен жарыстардағы медальдардан жетіге (102 медаль), ал 2014 жылы Сочиде өткен ойындардағы медальдардан он бірге көп (98 медаль).

Сондай-ақ биыл тарихта алғаш рет қысқы ойындарға спортшыларын жіберіп отырған ел де бар. Тау шаңғысынан Сауд Арабиясы құрамасының екі мүшесі іріктеуден өтті.

"Шаңғышылар Салман әл-Хувайш пен Файек Абди патшалық пен бүкіл Парсы шығанағы аймағынан қысқы ойындар тарихындағы алғашқы спортшылар ретінде Пекинде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына ресми жолдама алды", – деп хабарлады Р-Спорт.

Жалпы 2022 жылғы қысқы Олимпиадаға 3 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу