Қысқы Олимпиадада Қазақстан құрамасы 28 жыл бұрынғы нәтижені қайталады

147

16 ақпанда қысқы Олимпиадада шаңғымен тұғырдан секіруде қазақстандық спортшылар тарихи нәтиже тіркесе, шорт-трекшілеріміз медальға деген үміт сыйлады. 

Қысқы Олимпиадада Қазақстан құрамасы 28 жыл бұрынғы нәтижені қайталады Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қысқы Олимпиада ойындарында Валь-ди-Фьеммеде өткен шаңғымен тұғырдан секіруден үлкен трамплиндегі командалық жарыста Илья Мизерных пен Данил Васильев 11-орын алды.

17 ел қатысқан сайыста қазақстандықтар алғашқы айналымнан өтіп, осы нәтижемен жарысты аяқтады. Осылайша, шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан үшін Милан Олимпиадасы аяқталды.

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің мәліметінше, дәл осындай нәтижені қазақстандық спортшылар 28 жыл бұрын Нагано Олимпиадасында да тіркеген.

Бұған дейін жекелей сында Илья Мизерных үлкен трамплинде 8-орын алып, ел тарихындағы ең жоғары нәтижені тіркеген еді.

Ал Италияның Бормио курортында өткен Олимпиада ойындарының ерлер арасындағы слалом жарысында 18 жастағы қазақстандық Ростислав Хохлов өнер көрсетті. Алғашқы мүмкіндікте отандасымыз мәреге жете алмады. Қолайсыз ауа райына байланысты 50-ден астам спортшы жарысты аяқтай алған жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында шорт-тректен ерлер арасындағы 500 метр қашықтықта Қазақстан құрамасының спортшылары Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, ширек финалға жолдама алған еді.

Ширек финалдық жарыстар 18-інен 19 ақпанға қараған түні өтеді. Барлығы төрт топ бар. Әр топтан 1–2-орын алған спортшылар жартылай финалға тікелей өтеді. Сондай-ақ, мәреге үшінші болып жеткен екі спортшы үздік уақыт нәтижесі бойынша жартылай финалға қосылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу