Қазақстан Олимпиаданың 9-шы жарыс күнінде үздік 20-ға енді

127

Бүгін қазақстандық спортшылар конькимен жүгіру, тау шаңғысы, фристайл-могул және биатлон түрлерінде сынға түсті.

Қазақстан Олимпиаданың 9-шы жарыс күнінде үздік 20-ға енді Фото: Туризм және спорт министрлігі

Италияда өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындары аясында ерлер арасындағы параллельді могул сайысында Қазақстан атынан өнер көрсеткен Павел Колмаков үздік 16 спортшының қатарына енді.

Ол 1/16 финалда Франция өкілі Арзур де Виллаукортты 22:13 есебімен жеңді. Алайда 1/8 финалда Пхенчхан Олимпиадасының чемпионы, канадалық Микаэль Кингсбери қарсылас атанып, Колмаков жарысты осы кезеңде аяқтады.

Биатлоннан 12,5 шақырымдық із кесу сайысында Владислав Киреев 42-орынмен мәреге жетті. Отандасымыз нысана көздеуде 4 рет мүлт кетті.

Ал тау шаңғысынан алып слалом бәсекесінде қызықты жағдай тіркелді. Жарыс жолына шыққан екі спортшы бірдей уақыт көрсетіп, қос күміс медаль берілді, ал қола жүлде табысталмады. Қазақстан атынан бұл сында өнер көрсеткен Александра Скороходова 2:23.31 нәтижемен 37-орынға тұрақтады.

Конькимен жүгіруден әйелдер арасындағы 500 метр қашықтықта Кристина Силаева 38.33 секунд нәтижемен 18-орын алып, үздік 20 спортшының қатарына енді. Арина Ильященко 39.38 секундпен 29-орынды иеленді. Келесі жарыс 17 ақпанда өтеді. Қазақстан әйелдер құрамасы командалық сайыстың D финалында Қытай құрамасымен кездеседі.

Айта кетейік, медальдар кестесінде Қазақстан құрамасы мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров жеңіп алған бір алтын медальмен 17-орында тұр. Норвегия құрамасы 11 алтын, 6 күміс және 7 қола медальмен көш бастап келеді. Жарыс қожайыны Италия құрамасының еншісінде 8 алтын, 4 күміс және 10 қола жүлде бар. Үздік үштікті 233 спортшымен қатысып жатқан АҚШ құрамасы түйіндеп тұр. Америкалық спортшылар әзірге 5 алтын, 8 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу