Бүгін, 14 қаңтарда Италияның Турин қаласында 2025 жылғы Қысқы универсиаданың алғашқы жарыс күнінде қазақстандық спортшылар биатлон, фристайл-могул және шайбалы хоккейден сынға түседі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алдымен 14:00-де биатлоннан ерлер арасында жекелей сында Вадим Куралес, Кирилл Бауэр, Ержанат Қуандық, Никита Акимов сайысқа түседі.
Ал 15:00-де фристайл-могулдан іріктеу кезеңінде Анастасия Гордко, Аяулым Әміренова, Максим Емельянов, Федор Бугаков, Семен Русаков, Антон Бондарев жарысқа шықса, 18:30-де финал белгіленген.
Сондай-ақ 17:00-де биатлоннан әйелдер арасында жекелей сында Милана Генева, Полина Егорова, Алина Скрипкина, Айша Ракишева ел намысын қорғайды.
Сағат 20:30-де шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы Оңтүстік Корея, 20:30-де еліміздің әйелдер құрамасы Чехиямен мұз айдынға шығады.
Айта кетсек, 13 қаңтарда Италияның Турин қаласында 2025 жылғы Қысқы универсиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Дүбірлі дода 13-23 қаңтар аралығында өтеді. Оған әлемнің 57 елінен 2000-нан астам спортшы қатысады.