Қытай АҚШ-қа бір мәселеде қатаң ескерту жасады

Синьхуаның жазуынша, Қытай Сыртқы істер министрлігі АҚШ-ты "бір Қытай" қағидатын қатаң сақтауға шақырған.   

Қытай АҚШ-қа бір мәселеде қатаң ескерту жасады Фото: rbc.ru

Мұны елдің СІМ-нің ресми өкілі Мао Нин 12 қазанда өткен кезекті баспасөз мәслихатында мәлім етіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның сөзінше, Вашингтон "бір Қытай" қағидатын және Қытай мен АҚШ арасындағы үш бірлескен коммюникенің ережелерін сақтап, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың тұрақтылығын, сонымен қатар аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге нақты үлес қосуы тиіс. 

Қытай дипломаты бұл мәлімдемені АҚШ Мемлекеттік департаментінің өткен аптада Тайваньның шығыс жағалауындағы Қытайдың теңіз қызметін "аймақтық тұрақтылыққа нұқсан келтіреді" деп бағалауына жауап ретінде жасаған. 

– Қытай бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын бірнеше рет нақты түсіндірді. Тайвань аралының шығысындағы теңіз айдынында Қытайдың айрықша экономикалық аймағы мен құрлықтық қайраңы бар. Сондықтан, аталған сулардағы қызметіміз егемендік құқықтарымыз бен заңнамамыз аясында жүзеге асырылады. Бұл заңды әрекет және оны сынауға негіз жоқ, – деді Мао Нин.

Ол Қытайдың аталған аймақта шиеленіс тудыруға немесе тұрақтылықты бұзуға бағытталған әрекеттер жасамағанын алға тартты. 

– Қытай тарапы ешқашан бұл аймақта арандатушылық жасап, тұрақтылыққа нұқсан келтірген жағдай болған емес. Тайвань мәселесі – Қытайдың ішкі ісі. Оған қандай да бір сыртқы араласуға жол берілмейді, – деп нақтылады ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу