Қытай АҚШ пен Ресейден қалмау үшін жаңа зымырандар бәсекесіне қосылды

3524

Ядролық державалар арасында ең мықты қорғалған әуе кеңістігіне де қас қағым сәтте басып кіре алатын гипердыбысты ракета жасау жолында жарыс күшейіп келеді. 

Қытай АҚШ пен Ресейден қалмау үшін жаңа зымырандар бәсекесіне қосылды

Әлем ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қытай тамыз айында ядролық оқтұмсық тасымалдайтын гипердыбысты ұшу аппаратын сынақтан сәтті өткізген. Бұл тәжірибе анықталуы әрі құлатылуы немесе аулануы қиын зымырандар (алыс қашықтыққа арналған) жасау жолында бәсеке қызып келе жатқан шақта жүзеге асып отыр, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі.

Америка Құрама Штаттары мен Ресей өздерінің гипердыбысты қаруын өткен айларда сынаса, Солтүстік Корея әсіре жылдам ракетаны қыркүйекте ұшырып көргенін хабарлап отыр.

Гипердыбысты ракета қалай жұмыс істейді?

Гипердыбысты зымыран атомосфераның үстіңгі қабатындағы дауыс жылдамдығынан бес есе тез немесе сағатына 6200 шақырым жылдамдықпен ұшады. Әрине, бұл – құрлықаралық баллистикалық ракетадан баяулау көрсеткіш.

Гипердыбысты ракета мықты қорғалған әуе кеңістігінен оп-оңай өтіп, құлатылғанға дейін айлақтарға, аэродромдарға және өзге де нысандарға шабуыл жасап үлгеруі ғажап емес. Сонымен қатар мұндай аппарат орбитаға да шығып, қарсыласты жауап қайтару мүмкіндігінен және дәстүрлі қорғаныс механизмдерінен айыра алады.

Құрлықаралық баллистикалық зымырандар болса, керісінше, атомдық бомбамен ғарышқа ұшқанымен, орбитаға ешқашан жете алмайды.

"Қырғи-қабақ" соғыс жылдарында АҚШ пен КСРО орбитадан белгілі бір нысанды бомбалау тәсілін зерттеді. Ал 1970 жылдары Кеңес одағы мұндай зымырандық жүйені өз жеріне орнатқанымен, 80-ші жылдардың ортасына таман оны қару-жарақ қатарынан шығарып тастаған.

Қарулану жарысында кімдер алда келеді?

Financial Times газеті сенбі күні хабарлағандай, Қытай гипердыбысты жоспарлаушы аппаратпен жабдықталған ракетаны ғарышқа жіберген және де сол зымыран өзі көздеген объектіге бағыт алмас бұрын жер шарын айналып өтті. Алайда Қытай үкіметі дүйсенбі күні мәлімдеме жасап, атомдық заряд тасымалдайтын зымыран ұшырғанын жоққа шығарып, орбитаға енген "гипердыбысты" объектіні "ғарыштық кемемен жасалған қарапайым ғана эксперимент" деп сипаттады.

Ресей өзінің "Циркон" атты гипердыбысты қанатты ракетасын шілде айында сынақтан өткізді. Президент Владимир Путин жарнамалағандай, ол зымырандық жүйелердің жаңа толқынына жатады. Сонымен қатар Мәскеу бұл қаруды алғаш рет суасты қайығынан да жіберіп, тәжірибеден өткізген.

Қыркүйектің соңында Құрама Штаттар әуе-реактивтік гипердыбысты арсеналды сынағанын жариялады. Яғни бұл қару қанатты ракета тәрізді атмосфераға өз бетімен ұшып бара алады.

АҚШ-тағы сынақтан кейін бірнеше күн өткенде, Солтүстік Корея да жаңа гипердыбысты зымыран ұшырғанын хабарлап, оны елдің қорғаныс қабілетін арттырған "стратегиялық қару" деп атады. Алайда кейбір оңтүстіккореялық сарапшылардың ойынша, бұл сынақ сәтсіздікке ұшыраса керек.

Қауіпті қадам

Соңғы сынақтар жанталаса қарулану жолындағы қауіпті қадамға ұқсайды. Бұл жарыста Азияның шағын елдері ірі әскери державалармен бәсекеге түсіп, алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарды жасауға ұмтылып жатыр.

Гипердыбысты қару алаңдаушылық тудыруы мүмкін, себебі олар зымыран қалқандары мен ерте ескерту жүйелерінен жалтаруға қауқарлы болуы мүмкін.

Дегенмен кейбір сарапшылар Қытайда тамыз айында жасалған зымырандық сынақтарға таңырқамаған жөн деген пікірде.  

"Қытайда АҚШ-қа соққы бере алатын ядролық қару-жарақпен жабдықталған 100-ге тарта құрлықаралық ракета бар. Жоспарлаушы аппаратпен біріктірілген бұл зымыран сондай үлкен жаңалыққа жатпайды. Бірақ ол ракеталық шабуылдан қорғауғы тиіс жүйеге төтеп берудің құралы ретінде қайтадан маңызға ие болып отыр", – дейді АҚШ-тағы Джеймс Мартин атындағы Ядролық қаруды таратпау жөніндегі зерттеу орталығының зымыран бойынша маманы Джеффри Льюис FT басылымына берген сұхбатында.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу