Қытай АҚШ-пен сауда соғысын қаламайды

2260

АҚШ енгізетін жаңа салық әлем экономикасын да әлсіретуі мүмкін.

Қытай АҚШ-пен сауда соғысын қаламайды

Дональд Трамп Бейжіңге салық енгіземін деп сес көрсетіп, сауда текетіресін үдетіп жіберген еді. Егер Құрама Штаттар тағы салық салса, Қытай бұған бей-жай қарап қалмайтынын білдірді. Өз кезегінде Си Цзиньпин үкіметі тиісті шаралар қабылдайтынын жариялады. 

Естеріңізге сала кетсек, бейсенбіде Трамп қыркүйектен бастап құны 300 млрд доллардан асатын Қытай тауарларына 10 пайыздық салық енгізетінін мәлімдеген болатын. Bloomberg сарапшыларының айтуынша, бұл қадам керісінше жергілікті тұтынушыларға кері әсерін тигізбек. 

"Егер АҚШ қосымша салық жариялайтын болса, Бейжіңнің тиісті шаралар қабылдауына тура келеді",– деді ҚХР СІМ-нің баспасөз хатшысы Хуа Чунин.

Бірақ нақты қандай шара екенін ашып айтпады.

Қытай тарапы Вашингтонның бұл шешімі Осакада екі ел көшбасшылары қол жеткізген келісімді бұзып отыр және күрмеуі қиын түйткілдің түйінін тарқатуға кедергі келтірмек деген пікірде. ҚХР СІМ салықтың әлем экономикасын да әлсірететінін алға тартты. 

Бейжің бұл сауда соғысын қаламайтынын, экономикалық текетірестен ешкімнің де жеңіп шықпайтынын тілге тиек етті. 

Бірақ Трамп басқа пікірде. "Егер Қытай бізбен сауда жасағысы келмесе, көңіл-күйім бірқалыпты болып қалады", – деді Ақ Үй басшысы.

Дегенмен оның саясатын қолдамайтындар да жетерлік. АҚШ-тың Ұлттық ритейлер федерациясының өкілі Дэвид Френч CNN арнасына берген сұхбатында: "Қосымша баж салығы тек жергілікті жұмысшыларға кесірін тигізіп, халық қолданатын күнделікті тауарлардың бағасы өсіп кетуі мүмкін. Былтыр енгізілген салық еш нәтиже берген жоқ, сондықтан тағы бір салықтың жергілікті кәсіпкерлер мен тұтынушыларға пайдасы тимейтіні сөзсіз ",– деді. 

Бұған дейін Трамп Осакадағы саммит кезінде Қытай басшысы Си Цзиньпинмен бас қосқан еді. Кездесу барысында ол АҚШ-тың екі жаққа да тиімді сауда келісімін орнатуға дайын екенін басып айтты. Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, ол кезде америкалық тарап қытайлық тауарларға жаңа салық енгізбейтіндей сыңай танытқан. 

Табиғат Нұрболат
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу