Мұндай ақпаратты бірінші болып ҚХР Сыртқы істер министрлігі өз мәлімдемесінде хабарлаған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Қытай АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылын және Халықаралық атом энергиясы агенттігінің кепілдігінде тұрған ядролық нысандарға бағытталған бомбалауды қатаң айыптап отыр.
– АҚШ-тың бұл қадамы Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын, сондай-ақ халықаралық құқықты елеулі түрде бұзу болып саналады және Таяу Шығыстағы жағдайды одан әрі ушықтырады, – деп жазылған Қытай Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.
Қытай өз кезегінде барлық елді татулыққа, бейбітшілікке шақырып, тез арада диалог пен келіссөздерді бастағанын қалайды.
– Қытай тарапы халықаралық қауымдастықпен бірлесіп әрекет етуге, әділеттілікті қорғауға, Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықты қалпына келтіруге жәрдемдесуге дайын, – деп хабарлаған мәлімдемеде.
Айталық, 22 маусымға қараған түні АҚШ Қарулы күштері Иран аумағындағы үш ірі ядролық нысанға жаппай соққы жасаған болатын.