"Қытай әлемге жаңа коронавирусты инфекцияны экспорттауда"

8634

Отандық медициналық ұйымдар ауруды емдеуге дайын.

"Қытай әлемге жаңа коронавирусты инфекцияны экспорттауда"

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин әлемдегі коронавирусты инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайды түсіндірді.

"Жаңа коронавирусты инфекция Қытайдың Ухань қаласында пайда болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сәйкес, осындай 41 жағдай тіркелді. Оның жетеуі ауыр жағдайда болып, екеуі қайтыс болды. Бүгінгі күні Ухань қаласының муниципальды басқармасының сайтында жаңа коронавирусты инфекцияның 198 жағдайы тіркелгені жайлы ақпарат бар. Оның ішінде 25 науқас емделіп, үш жағдай өліммен аяқталған. Қолда бар ақпараттарға сүйенсек, қазір бұл инфекция Қытайдың Ухань қаласынан шетелге шығып, яғни экспортталып жатыр. Нәтижесінде Жапонияға және Тайланд еліне осындай ауру барды. Бұдан басқа да ақпаратымыз бар. Гонконг қаласында коронавирусқа күдікті 6 жағдай тіркелді. Бірақ олар әлі нақты анықталған жоқ. Қытайдың басқа да аймақтарында бірен-саран осындай жағдай кездесіп жатыр", – деп ескертті бас санитарлық дәрігер.

Қытайдағы эпидемиологиялық жағдайдың шиеленісуіне байланысты, Жандарбек Бекшин Қазақстан тарапынан қандай профилактикалық іс-шаралар атқарылып жатқанына тоқталып:

"Біріншіден, халықаралық әуежайлар тәрізді шекарадан өту орындарында бақылауды күшейттік. Ол жерлерде қашықтықтан термометрия жасап жатырмыз. Бүгінгі күнге дейін 13 мыңнан астам жолаушы қаралды. Экипаж мүшелері де термометриядан өтеді. ҚХР-дан келгендердің арасынан дене қызуы жоғары және ауру белгілері барлар анықталған жоқ. Қазіргі таңда Қытайдың бес қаласына ұшатын әуе рейстеріміз бар. Теміржолмен келетін жолаушылар да бақылауға алынды. Бортсеріктер және жолсеріктермен тікелей жұмыс жасап, ауру симптомдарын анықтауға жаттығулар өткіздік. Олар жолаушылармен тікелей қарым-қатынас жасайтындықтан, ауру белгілерін бірінші болып байқайды әрі бізге дереу хабар беруге мүмкіндіктері бар", – деді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, Ухань қаласында таралып жатқан вирустың геномы анықталды. Ол Таяу Шығыста орын алып жатқан респираторлық синдромға вирустық аурудың құрамымен 20%-ға ұқсас.

Жандарбек Бекшин бұл еліміздегі зертханаларға өзінің коронавирустық тест жүйесін әзірлеуге, әрі қолдануға мүмкіндік беретінін айтты.

"Бүгінгі күні Денсаулық сақтау министрлігі жүйесінде екі зертхана бар. Ол зертханалар коронавирусты анықтап қана қоймайды, сонымен қатар оның түрін де анықтайды. Ал Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің барлық облыстық зертханасы индикация жасап, жалпы вирусты анықтап бере алады. 2012 жылғы Таяу Шығыс синдромы мен жаңа коронавирус 20%-ға ұқсас. Таяу Шығыс синдромынан содан бері 700-ден астам адам қайтыс болды. Бұл вирус адамнан адамға жұғады деген нақты дәлел жоқ. Біздің медициналық ұйымдар осы инфекцияларды емдеуге дайын. Короновирустың арнайы дәрі-дәрмектері жоқ. Сондықтан біздің медициналық ұйымдар симптоматикалық емдеуге дайын", – деді бас санитарлық дәрігер.

Алдын-ала эпидемиологиялық тексеруге сәйкес, науқастанған адамдардың көпшілігі "Хуанань" теңіз өнімдерінің көтерме сауда нарығында жұмыс істейтіндер мен онда жиі келетін адамдар.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу