Қытай Астанада жаңа жылдық концертін өткізді

6110

Елорда тұрғындары мен қонақтары Астана концерт залында керемет кештің куәсі болды. Гуандун Қытай провинциясының Ұлттық оркестрі көктем мерекесіне арналған жаңа жылдық концертін берді.

Қытай Астанада жаңа жылдық концертін өткізді

Abctv тілшісі концерт аясында Гуандун ұлттық оркестрінің музыкалық жетекшісі әрі бас дирижері Чжан Ли мырзамен тілдесті.

Ия, 8 қаңтар – қытайлықтар үшін көктем мерекесі, елдегі ең басты мейрамның бірі әрі бірегейі. Осыған байланысты Қытай әлемге әйгілі концерттік форматын елорда төрінде ұсынды. Олар соңғы 16 жылда дүниежүзінің 15-тен астам еліне жаңа жылдық концертін қойып үлгерген. Танымал сахналарда өнер көрсеткен ұлттық оркестрдің концертін астаналықтар да жылы қабылдады.

Өнердің ұлтқа бөлінбейтіні ақиқат. Жан дүниеңді тебірентер музыка әлемі бойыңды сергітіп, бір сәт тыныштыққа бөлейді. Қытай оркестрінің репертуары, әсіресе ұлттық музыкаға аса бай екен. "Айдаһарлар қайығындағы жарыс", "Құрлықтағы қайық биі", "Керемет түн" секілді өнер туындылары қайталанбас ұлттық бояуымен ерекшеленеді. Қазіргі заман музыкасы да шет қалмаған. Оркестрдің сүймелдеуімен орындалған "Кемпірқосақ ұзындығы" туындысы жаңа заманның лебін сездіреді. Музыкалық аспап демекші, оркестрдің құрамындағы музыканттардың эрху, бамбук, сыбызғы және барабан аспаптарында ойнаудың хас шебері екені көрініп тұр. Ал ұжымның орындауындағы "Балықшы" шығармасы Мәскеуде өткен фестивальде алтын медальге ие болған.

Астаналықтар бұл кеште халық музыкасымен қоса классикалық өнердің дәмін татты. Композитор Лю Тянхуа мырза өзінің "Әдемі түн" шығармасын орындай отырып, шоқтығы биік өнердің тамаша үлгісін көрсетті. Сонымен қатар оркестрдің орындауындағы "Салтанатты рәсім", "Күзгі науқан әні", "Мәңгілік қуаныш" секілді туындылар тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

Концерт барысында Гуандун ұлттық оркестрінің музыкалық жетекшісі әрі бас дирижері Чжан Ли мырзамен әңгімелесуді ұмытпадық. Ол екі ел арасындағы мәдени байланысты ғана емес, экономикалық әріптестігімізді де жоғары бағалайтынын айтты. Екі елдің достық қарым-қатынасы туралы ойларын ортаға салды.

"Қытай музыкасының әлемдік өнерде қайталанбас қолтаңбасы бар. Үлкен жаңа жылдық концерттеріміз арқылы өзге елдерге ұлттық мұрамызды мойындатып жүрміз. Біздің ұлттық оркестрдің іргесі ертеде қаланған. 1949 жылы құрылған оркестрде дәстүрлі музыканың ең үздік орындаушылары жұмыс істейді. Он жыл ішінде қытай музыкасын барынша дәріптеп келеді", – дейді ол.

Чжан Лидің айтуынша, өнер ұжымы түрлі фестивальде жоғары марапатқа ие болған. Мәселен Қытай және Сингапур фестивалінде, Гонг-Конгтағы жастар халықаралық байқауында, Шанхай халықаралық көктем музыкасы фестивалінде оркестрдің бағы жанған. Таяу және қиыр шетелде өнер көрсетіп, жұрттың ыстық ықыласына бөленгені өз алдына.

Дирижер Чжан Лидің өзі өнер сүйер қауымға кеңінен танымал. Ол Қытай ұлттық оркестрлері қоғамының, Қытай музыканттары мен директорлары қауымдастығының мүшесі және Қытай дирижерлері комитетінің бас хатшысы.

"Қытай мен Қазақстан достығының 25 жылдығы аясында 2017 жаңа жылды Астана төрінде қарсы алып отырғанымызды мақтан етемін. Өйткені Гуандун ұлттық музыкалық оркестрі Жібек жолымен қадам басып, тарихы терең, табиғаты көркем, қонақжай, ән мен бидің мекені Қазақ еліне табан тіреді. Қазақстан – Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше ел әрі Қытайдың бизнес саласындағы беделді әріптесі. Бас хатшы Си Цзиньпин мырзаның "Жібек жолы экономикалық белдеуі" жобасында Қазақстан біз үшін маңызды мемлекет. Оның үстіне екі ел өзара достығы жарасқан көрші ел деп айтылған.

Айта кетейін, осыдан 2000 жыл бұрын Чжан Цянь Хань әулеті талай қиындыққа төтеп беріп, Шығыс пен Батыс өркениетін жалғап, әлем мәдениетіне орасан жаңалық әкелді. Қазақстан сол тарихтан бері Шығыс пен Батыс мәдениеттерін жалғайтын көпір ретінде белсенді рөл атқарады. Осы ретте сан мың жылдық мәдени тарихы бар Қытай халқының әуезді әндерін арқалап келгенімізге қуанамын" дейді ол.

Чжан Ли симфониялық, ұлттық және оркестрге арналған бірнеше шығармалардың авторы. Кино үшін де арнайы музыка жазған. Британияның өнер сыншылары оны "Концерттің жаны" деп бағалаған екен.

Музыканың мәнін білетін, өнерге құштарлығы мол азамат концерт соңында "Екі ел арасындағы теңіздей терең достығымыз музыка арқылы одан әрі тереңдей түссін, өзара мәдени байланысымыз жүректен жүреккке жетіп, ұрпақтан ұрпаққа тарасын", – деген әдемі тілегін жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу