Қытай COVID-19 жайлы ақпаратты әлемге жеткілікті деңгейде беріп отыр ма?

1678

Осы аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Бейжіңнен эпидемиялық жағдай туралы тұщымды дерек сұрады. Ал қытайлық жолаушылардан тест нәтижесін талап ететін елдер саны көбейіп келеді.  

Қытай COVID-19 жайлы ақпаратты әлемге жеткілікті деңгейде беріп отыр ма?

COVID-19 Қытайды жайлап жатқанда, басқа елдер мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл мемлекетті індет туралы жан-жақты мәліметтермен бөлісуге шақырып отыр. Кейбіреулер тіпті Бейжің жариялаған сандардың көпшілігін мағынасыз деп есептейді.

Бірақ қайтыс болғандар, инфекциялар және ауыр жағдайлар саны сияқты негізгі деректерсіз-ақ бірқатар елдер Қытайдан келген саяхатшылардан вирус жұқтырмағаны туралы құжат талап ете бастады.

Бейжің болса, бұл шаралардың ғылым тұрғыдан негізсіз екенін алға тартып, аталған мемлекеттерге қарсы шара қолданатынын ескертіп отыр.

Қытайда жұрт жаппай инфекция жұқтырып жатқанда, вирустың жаңа нұсқалары пайда болып, басқа елдерге тарала ма деген алаңдаушылық бар.

Айта кетсек, ковидтың "дельта" және "омикрон" варианттары ауру көп өршіген жерлерде дамығаны белгілі.

Қытайдың COVID-19 жайлы деректеріне қатысты не білеміз? Бұл сауалға қысқаша жауап төмендегідей:

Қытай қандай ақпаратпен бөліседі не бөліспейді?

Қытайдың Денсаулық сақтау органдары жаңа жағдайлардың, ауыр жағдайлардың және өлім-жітімнің күнделікті есебін жариялайды. Бірақ, бұл сандар тек ресми расталған жағдайларды қамтып, COVID-пен байланысты өлімнің өте тар анықтамасын пайдаланып отыр.

"Қытай, әрине, өзіндік зерттеулерін жүргізіп жатыр. Алайда, олардың нәтижелерімен бөліспейді", - дейді АҚШ-та Қытайдағы Ауруларды бақылау орталықтарының кеңсесін құрған Рэй Йип.

Бейсенбіде Қытайда 9 548 адам коронавирус жұқтырған, бесеуі қайтыс болған. Дегенмен, кейбір жергілікті билік органдары өз юрисдикциялары аясында сол күні бұл ауруға әлдеқайда көп адамның шалдыққанын жариялады. Ал, шығыс жағалаудағы Чжэцзянь провинциясы күн сайын шамамен 1 миллион жаңа жағдай тіркелетінін айтып отыр.

Пандемия басталғалы Қытай коронавирус жайлы жаһандық деректер платформасы - GISAID-қа 4144 адамның ковид жұқтырғаны туралы мәлімет жіберген. Бұл тіркелген жағдайлардың 0,04% ғана. Және де ол Америка Құрама Штаттарына қарағанда 100 есе аз, ал көрші Моңғолиядағы ковид жұқтырғандар санынан төрт есе кем.

Әзірге не белгілі?

Әзірге Қытай бөліскен деректерде ковидтың жаңа нұсқалары көрсетілмеді. GISAID мәліметінше, осы елде инфекцияларды қоздырған нұсқалар шілдеден бері әлемнің басқа бөліктерінде байқалған версияларға "ұқсас" екен. Алайда, Үндістандағы Веллоре Христиан медициналық колледжінің вирусологы - доктор Гагандип Кангтің сөзінше, бүгінше дүниені алаңдатарлық жағдай қалыптасқан жоқ.

Осыған қарамастан, кем дегенде 10 ел, соның ішінде АҚШ, Канада, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Австралия, Ұлыбритания, Франция, Испания және Италия Қытайдан келетін жолаушылардан вирус жұқтырмағаны туралы тест нәтижесін талап ете бастады. Сонымен қатар, Еуропалық одақ та өз құрамындағы барлық мемлекеттерді осындай шешім қабылдауға шақырып отыр.

 "Бізге зерттеу жүргізу үшін Қытайдың қажеті жоқ. Тек осы елден келетін барлық адамдарды тексеру керек", - дейді бұрынғы денсаулық сақтау қызметкері Иип АР агенттігіне берген сұхбатында.

Канада мен Бельгия болса, Қытайдан жеткен ұшақтардан төгілетін қалдық судан вирус бөлшектерін іздейтіндерін хабарлады.

Қытай жеткілікті ақпарат беріп отыр ма?

Қытай шенеуніктері GISAID-пен және ДДСҰ-мен ақпарат бөлісіп отырғанын бірнеше рет айтты.

Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Бейжіңнен тек генетикалық реттілік туралы ғана емес, ауруханаға түсу, ауыр жағдайға ұшырау және коронавирустан өлгендер жөнінде де тұщымды дерек сұрап отыр. Ұйымның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус осы аптада мәлімдеме жасап, Қытайда өмірге төнген қауіпке алаңдаушылық білдірді.

"Деректер ДДСҰ-ның жаһандық жағдайға тұрақты, жылдам және сенімді баға беруі үшін маңызды болып қала береді", - дейді Біріккен Ұлттар Ұйымының денсаулық сақтау агенттігінің басшысы Женевада өткен брифингте.

Қытай үкіметі, әсіресе, билеуші ​​Коммунистік партияға теріс әсер ететін кез-келген деректі қоғамнан жасыруға тырысады. Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары болса, кремациялардың көбейгені және ем іздеп, ауруханадан ауруханаға сабылған адамдар туралы хабарлардан бойларын аулақ ұстайды. Ал жергілікті биліктің мәлімдеуінше, бүгінде шетелдік БАҚ Қытайдағы эпидемиялық жағдайды қорқынышты етіп көрсетіп жатыр.

Халықаралық денсаулық сақтау сарапшыларының болжамынша, Қытайда қазірдің өзінде коронавирустан күніне 9 мыңдай адам өліп жатыр және ковид құрбандарының саны жыл соңына дейін миллионнан кем болмайды.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу