Қытай эпидемия ауқымын жасырды ма?

10950

Америкалық барлаушылар Ақ үйге құпия баяндама тапсырды. Онда Бейжіңнің коронавирус құрбандарының санын толық көрсетпегені айтылған. 

Қытай эпидемия ауқымын жасырды ма?

Қытай өз жерінде коронавирустың өршу ауқымын жасырып, қауіпті дертті жұқтырғандар мен қайтыс болғандардың санын төмендетіп көрсеткен. Мұны осыдан бірер күн бұрын АҚШ-тың үш ресми өкілі барлаушылар  қауымдастығының Ақ үйге тапсырған құпия есебіне сүйеніп мәлімдеді.

"Блумберг" агенттігіне берген сұхбатында аттарын атамауды өтінген шенеуніктер баяндаманың  мазмұнын егжей-тегжейлі түсіндіріп беруден де бас тартқан. Себебі бұл құжатты көпке жариялауға рұқсат жоқ. Дегенмен, олардың сөзінше, Қытайдың жұмбақ вирус құрбандары туралы қалың көпшілікке берген есебі толық деуге келмейді және аталған шенеуніктердің екеуі Бейжің жариялаған сандар шындыққа жанаспайды деген қорытындыға келіп отыр.

Ресми өкілдердің бірі айтқандай, бұл баяндама Ақ үйге өткен аптада жеткен.

Коронавирус эпидемиясы Қытайдың Хубэй провинциясында 2019 жылдың соңында басталды. Бірақ содан бері жергілікті үкімет қауіпті инфекцияны 82 мыңдай адамның ғана жұқтырып, 3300-і қайтыс болғанын хабарлады. Салыстырып көрсек, пандемиялық ахуалды мейлінше ашық жариялаған АҚШ-та, сәрсенбі күнгі мәлімет бойынша, Covid-19-ды 189 мыңнан астам адам жұқтырып, төрт мыңдайы қайтыс болған.

Осы жағдайға байланысты Ақ үйдің баспасөз қызметі де, Қытайдың Вашингтогндағы елшілігі де әзірге түсініктеме бермей отыр.

Қытай жариялаған сандарға елдің сыртында ғана емес, ішінде де айтарлықтай күмән туындап отыр. Ресми Бейжің жұқтырғандарды анықтау әдістемесін қайта-қайта өзгертіп, бірнеше апта бойы симптомы жоқ науқастарды тізімге қоспай, сейсенбі күні ғана 1500-ден астам симптомсыз  адамды коронавирусқа шалдыққандар қатарына тіркей бастады.

Әлем ақпарат құралдарының хабарлауынша, Хубей провициясындағы жерлеу үйлерінің жанында пайда болған мыңдаған табыт та Қытай берген есепке күмәнді күшейтпесе, сейілтпей отыр.

Сейсенбі күні Мемлекеттік департаменттің иммунологы, Ақ үйге эпидемияға жауап беру жөнінде кеңес беретін маман Дебора Биркс мәлімдегендей, Қытайдың жаңа вирус туралы баяндамасы өзге елдердегі есептерден тым тым өзгешелеу.

"Медициналық қауымдастық Қытай ұсынған деректерді қысқаша бұл сандар айтарлықтай, алайда біз күткеннен аздау. Меніңше, мұның бәрін Италия мен Испаниядағы жағдаймен салыстырып көрсек, көптеген мәлімет тасада қалып қойғандай көрінеді",– дейді Биркс.

Небраскадан сайланған республикалық сенатор Бен Сасс АҚШ-та коронавирустан Қытайдағыдан көбірек адам өлді деген ақпаратты жалған есеп деп отыр. Оның сөзінше, Компартия бұрын да өтірік айтқан, қазір де, келешек те сол бетінен қайтпақ емес. 

Дегенмен, Қытайдың Global Times мемлекеттік газетінің бас редакторы Ху Сицзинь Weibo платформасында жазғандай, АҚШ өзінде коронавирус құрбандарының күрт артқанынан назарды басқа жаққа аудару үшін Бейжіңді өтірік хабар таратты деп айыптап отыр. Оның ойынша, Қытайда бүкіл әлем назары ауған проблеманы жасыратынын мүмкіндік болған жоқ және де эпидемияның ауыздықталуына Хубэйге мыңдаған дәрігер мен медициналық жабдықтардың жеткізілуі себеп.

Бірқатар бақылаушының пікірінше, Қытай қалың бұқараға күмәнді есеп берген жалғыз ғана ел емес. Батыс мемлекеттері өкілдерінің сөзінше, Иран, Ресей, Индонезия, Солтүстік Корея да коронавирустың тарау ауқымы жайында шынайы ақпарат таратпай отыр. Осылардың соңғысы – Қытаймен көршілес, экономикалық серіктес. Бірақ онда бірде-бір адамнан әлі күнге дейін Covid-19 табылған жоқ. Сонымен қатар Сауд Арабиясы мен Мысыр да коронавирус жұқтырғандардың санын төмендетіп көрсетті деген болжам бар. 

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео жақында мәлімдеме жасап, Қытай мен өзге елдерді эпидемия жайында ашық болуға шақырды. Бұған қоса, Американың бас дипломаты Қытайды проблеманың ауқымын жасырды, вирус тараған алғашқы апталарда үнсіз қалды және әу баста америкалық эксперттердің көмегінен бас тартты деп айыптады.

"Мәліметтерде маңыз бар. Медициналық терапияны дамыту және қоғам денсаулығын қорғау – оқиғаны жасырмай, ашық жариялап отыруға да байланысты. Менің әрбір елге айтарым – мәлімет жинауға және сол ақпаратты бөлісуге барыңды сал. Біз солай істеп жатырмыз", – дейді Помпео Вашингтонда өткен баспасөз маслихатында.

Ғалымдардың болжамынша, коронавирус 100 000 – 240 000 америкалықты өлтіруі мүмкін. Сондай-ақ, жаңа зерттеулерге қарағанда, бұл инфекцияны жұқтырғандардың 25 пайызынан Covid-19-дың симптомдары байқалмайды.

Президент Дональд Трамп ескерткендей, Құрама Штаттар бұрын-соңды болмаған дағдарысқа әзірленуі керек.

"Алдағы екі апта тозақтай көрінуі мүмкін. Осыған дейін мұндай жағдайды көрген емеспіз", – деді Америка президенті сейсенбі күні Ақ үйде өткен брифингте.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу