"Қытай, Еуроодақ, Үндістан": АҚШ 14 сауда серіктесіне жаңа баж салығын енгізбек

374

Ұсынылған шаралар қоғамдық талқылауға шығарылады.

"Қытай, Еуроодақ, Үндістан": АҚШ 14 сауда серіктесіне жаңа баж салығын енгізбек Фото: ЖИ

АҚШ Еуропалық Одақ пен Қытайды қоса алғанда, 14 экономикаға баж салығын енгізу жоспары бар екенін мәлімдеді. Бұл тарифтер өндіріс көлемінің шамадан тыс артуына қатысты бірнеше айға созылған тексеріс қорытындысы негізінде енгізілмек. Жоспарланған баж салығының мөлшері 20 пайызға дейін жетуі мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап. 

АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілінің айтуынша, айыппұл тарифтері қарастырылған экономикалар нақты сұраныс пен нарық қағидаттарын ескерместен, өндіріс қуатын арттырып отыр. Ұсынылған шаралар алдымен қоғамдық талқылауға шығарылады. Содан кейін ғана күшіне енуі ықтимал. Бастаманы әзірлеу барысында қолданыстағы сауда келісімдері назарға алынғаны белгілі болды.

БАҚ мәліметінше, аталған шаралар АҚШ-тың бірқатар ірі сауда серіктестеріне бағытталуы мүмкін. Олардың қатарында Қытай, Еуроодақ, Үндістан, Бангладеш, Камбоджа, Индонезия, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур, Швейцария, Тайвань, Таиланд және Вьетнам бар.

Қытайға 20 пайыздық баж салығын белгілеу ұсынылып отыр. Бұл – ең жоғары мөлшерлемелердің бірі. АҚШ-тың сауда келіссөздеріндегі өкілі Джеймисон Грир жаңа шаралар Бейжіңмен жүргізіліп жатқан қазіргі сауда келіссөздерінің аясында болатынын жеткізді.

Бұдан бөлек Вьетнамға да 20 пайыз, Камбоджа мен Индонезияға – 18 пайыз, ал Үндістанға 17 пайыз мөлшерінде баж салығы көзделіп отыр. Ал Вашингтонмен сауда келісімдеріне қол қойып үлгерген серіктестер, оның ішінде ЕО, Оңтүстік Корея және Тайвань үшін мөлшерлемелер жалпы алғанда 15 пайыз деңгейінде болуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу