Бүгінгі әлемдік көшбасшылық тек экономиканың көлемімен немесе әскери қуатпен ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің өз халқының әлеуетін толыққанды пайдалана алу қабілетімен де өлшенеді. Қытайдың демографиялық көрсеткіштері қарқынды әрі тоқтаусыз түрде "қызыл аймаққа" еніп жатқан тұста, Бейжің туындаған бос қуысты толтыруға тиіс технологиялық баламаға бәс тігуде.
Табиғи өсімі шетінен тарихи антирекордтар орнатып жатқан елде ата-анасы жоқ, тексіз, бірақ реттік нөмірі мен жасанды интеллекті бар "азаматтарға" – гуманоид роботтарға төлқұжат тарата бастады, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Кремнийден жаралған "жұрт": көршінің жаңа үлгідегі "тұрғындары"
Күні кешегі ғылыми фантастика бүгінде күнделікті өмірімізге дендей еніп келеді: адам тәрізді роботтар құпия зертханалардан сыртқа шығып, жұрт алдына, көшеге сенімді қадам басуда.
Бұл технологиялық серпіліс бейберекет хаосқа ұласып кетпеуі үшін Бейжің адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қадамға барды: Қытайда әлемде алғаш рет гуманоид роботтарға арналған ұлттық цифрлық төлқұжат жүйесі ресми түрде жұмыс істей бастады.
ҚХР Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі (MIIT) темір "екі аяқтыларды" бақылаудың бірегей платформасын – гуманоид роботтарға арналған ұлттық цифрлық ID жүйесін іске қосты.
Оған сәйкес елдегі әрбір машина адамдардың ЖСН-і сияқты дербес әрі бірегей сәйкестендіру кодына ие болады. Бір айырмашылығы сол, ол 29 таңбалы цифрдан құралады.
Міне, осы тетік толыққанды цифрлық төлқұжат болады. Бұл жүйе әрбір роботты "дүниеге келгеннен" "көз жұмғанға" дейін – зауыт конвейерінен шығып, сатылғаннан бастап, күнделікті жұмысы мен соңғы утилизациялауға жіберілгенге кезеңіне дейін қадағалап отырады.
Бұл қалай жұмыс істейді:
- Кодтың құрылымы төрт бөлімнен тұрады: 2 таңбалы елдің кодын, 4 таңбалы кәсіпорынның кодын, 6 таңбалы модель кодын және 17 таңбалы сериялық нөмірді қамтиды.
- "Коды жоқ па – нарық та жоқ" деген қағида енгізілді: елдегі барлық робот міндетті түрде тіркеуде тұруға тиіс.
- автомобильдің VIN-коды сияқты, роботтар да қайталама нарық ашық бола түсті. Енді оның тозған бөлшектерін ауыстыруды да, жүріс-тұрысын да жасыру мүмкін емес: бүкіл тарихын оңай тексеруге болады.
- егер жүйелі ақау әшкереленсе, өндіруші партияны тегіс кері қайтарып алуға міндетті. Ал, есептен шығарылған, кәдеге жаратуға жіберілген, паспортынан айрылған роботтарды қалпына келтіріп, қайта сатуға қатаң тыйым салынады.
"Гуманоид роботтардың қаптап кетуі бірыңғай ережелері бар стандартталған басқару жүйесін құруды талап етті. Қытайда енді "код жоқ па – нарыққа кіруге де рұқсат жоқ!" деген қатал ереже жұмыс істейді. Бүгінде жүйе 100-ден астам компанияны қамтып, 200 тауарлық үлгідегі 28 000 машинаға идентификатор беріп үлгерді. Сатып алушы енді машинаның VIN-кодын тексергендей роботтың бүкіл тарихын тексере алады. Бұл роботтың жөндеуден өткенін, маңызды тораптары алмастырылғанын жасыруға мүмкіндік бермейді", – деді Қытайдың Электрониканы стандарттау институтының вице-президенті Юй Сюмин.
Сонда шың еліне роботтарға цифрлық төлқұжат үлестіру не үшін қажет? Omdia зерттеу компаниясының дерегінше, 2025 жылы гуманоидтардың жаһандық жеткізілімі 2024 жылмен салыстырғанда 5 еседен астам өсті.
Қытай бұл бәсекеде көш бастап тұр: әртүрлі бағалау бойынша әлемдегі адам тәрізді машиналар өндірісінің 84%-дан астамы жалғыз осы елдің үлесіне тиесілі! Қытайлық AGIBOT стартапы әлемдегі осындай роботтардың шамамен 39%-ын өз бетінше шығарады.
Америкалық Morgan Stanley сарапшылары 2050 жылға қарай дүниежүзінде пайдалануда шамамен 1 миллиард адам тәрізді робот болатынын болжап отыр. Жеткізу тізбектерін, жөндеу және техникалық қызмет көрсету желілерін қамтитын бұл нарықтың көлемі 5 триллион долларға жетеді деп күтілуде.
Соның ішінде Қытай гуманоид роботтардың ең үлкен паркіне – 302,3 миллион бірлікке ие болуды жоспарлап отыр. Осылайша, шығыс көршінің тұрғындарының саны қытайлық паспорты бар "адам тәрізділердің" үш жүз миллионымен толығуы мүмкін.
Morgan Stanley өкілі Адам Джонас роботтарды енгізу 2030 жылдардың соңына қарай үдей түсетінін тұспалдады. Елдің биологиялық халқы азайған сайын, 90%-ы индустрия мен коммерция саласында жұмыс істейтін дәл осы миллиондаған гуманоидтар Қытай экономикасын ілгері сүйрейтін "екінші халыққа" айналғалы тұр.
Адамдар сияқты жұмыс істей алатын миллиард роботтар тез қартайып бара жатқан Қытайдағы жетіспейтін еңбек ресурстарын алмастыруға қабілетті әлеует саналады. Бұлар – империяның роботтандырылған резерві.
Демографиялық тұзаққа түскен ұлт
"ҚХР халқы төртінші жыл қатарынан азаюда. Туу көрсеткіші 1949 жылдан бергі ең төменгі деңгейге құлады. Биліктің барлық күш-жігеріне қарамастан, 2025 жылы елде алдыңғы жылғы 9,54 миллионмен салыстырғанда небәрі 7,92 миллион бала ғана дүниеге келді. Халықтың жалпы саны 1,404 миллиард адамды құрады, яғни, бір жыл ішінде қытайлар саны шамамен 3 миллионға азайды", – дейді Висконсин-Мэдисон университетінің акушерлік және гинекология мәселелері жөніндегі аға ғалымы И Фусянь.
Сарапшы ағымдағы жағдайдың қауіпті екенін жасырмады. Оның пікірінше, бұрынғы демографиялық ресми болжамдар тым асыра бағаланған.
"Соңғы WPP (World Population Prospects) болжамына сәйкес, 2100 жылға қарай Қытай халқы 767 миллион адамға дейін қысқарады. Бұл бұрынғы 1,065 миллиард адамдық болжамнан едәуір төмен", – деп нақтылады қытайлық ғалым.
Демографиялық дағдарыстың тамыры тереңде жатыр. Онжылдықтар бойы қолданылған "бір отбасы – бір бала" саясаты ұлттың мәдени кодын қатты өзгертті: қытайлар арасында бір баламен шектелу немесе мүлдем бала тумау әлеуметтік нормаға айналды.
Физиологиялық себептер де маңызды рөл атқарады: заманауи қытайлық қыз-келіншектер некені кейінге қалдырады, мансапты бірінші орынға қояды. Бұған қоса, елдегі бедеулік деңгейі 1980 жылдардағы 2%-дан 2020 жылы апатты 18%-ға дейін өсті және көрсеткіш ары қарай нашарлай түсуде. 2013 жылдан бері бірінші рет отырған некелердің саны екі еседен астам қысқарды.
Бұл жағдайды экономикалық күйзеліс ушықтыра түсті. Қытай халқының табысы елдің ЖІӨ-сінің небәрі 44%-ына тең. И Фусяньның бағалауынша, жылжымайтын мүлік нарығы 2020 жылы елдің ІЖӨ-сінен төрт есе асып түсті. Баспана ҚХР-да удай қымбат. Егер жылжымайтын мүлік нарығының "көпіршігі" жарылмаса, жас жұптардың бала өсіруге шамасы келмейді. Егер жарылса – ел экономикасы дағдарысқа ұшырау қаупіне тап болады.
Салдарынан, 2050 жылға қарай шың елінде 65 жастан асқан азаматтардың үлесі 35%-ға дейін өседі. Жұмыс істейтіндердің зейнеткерлерге қатынасы 2050 жылға қарай 1,6 адамға дейін құлдырап, зейнетақы дағдарысын гуманитарлық апатқа айналдыруы ықтимал.
Бейжің жауап іздеуде...
Көрші елде демографияны жүйелі түрде қолдау жүзеге асырылуда. Осы мақсатта билік балабақша қызметтері мен неке агенттіктерін қосылған құн салығынан босатты. Сондай-ақ үш жасқа толғанға дейін әр балаға жылына 3600 юань мөлшерінде "туу бонусын" (бізше – "бала туу жәрдемақысын") төлейді.
Сондай-ақ Қытай жас босанған аналардың оқу ақысын төмендету және жас жұптарға бала күтімі бойынша ыңғайлы қызметтер, бала тууға субсидиялар мен тұрғын үй жеңілдіктерін беру сияқты көптеген тетіктер арқылы бала тәрбиелеу шығындарын азайтудың жапондық тәжірибесін көшіруге ұмтылуда. Бірақ Жапониядан айырмашылығы, мұнша көп халықты қаптаған қолдау түрлерімен ұзақ қамтуға қажетті қаржылық қоры Қытайда жоқ.
Бұл жағдайда технологиялық серпіліс – супердержава мәртебесін сақтап қалудың жалғыз жолына айналады. Басты екпін суперинтеллекті бар ЖИ-ді мемлекеттік қолдауға және бірегей, өзін-өзі қамтамасыз етуші жеткізу тізбегін құруға түсіріледі.
Егер ҚХР гуманоид роботтарды барынша көп жасауға қол жеткізсе, экономиканың өзегін құрайтын өнеркәсіптегі жұмысшыларды немесе тіпті әскердегі сарбаздарды босатып, оларды роботтармен алмастырып, сол арқылы жұмыс күшінің тапшылығын өтей алады.
Роботтарды жаппай паспортизациялау – бұл тек мемлекет тарапынан бақылауды күшейту ғана емес, жаңа әлеуметтік моделге қадам басу. Онда тірі халықтың иығындағы ауыр жүк тиісті төлқұжаты бар, жұмыс тиімділігі жоғары гуманоидты "құлтемірлерге" аударылады. Осының арқасында адамдар махаббатқа, отбасына және жұмыстан тыс өмірге көбірек бос уақытын бөле алады.