Қытай инвесторлары 125 миллионға сатып алған резервуарларын алты жыл бойы қайтара алмай жүр

3585

Шетелдік инвесторлар сотқа жүгініп, жеңіске жетті, бірақ сот шешімі әлі күнге дейін орындалмай келеді.  

Қытай инвесторлары 125 миллионға сатып алған резервуарларын алты жыл бойы қайтара алмай жүр

Компания Қазақстанның Сыртқы істер және Ішкі істер министрлігіне, Бас прокуратураға дейін жүгінген. Қытай компаниясының өкілі сонау 90-шы жылдарды еске түсіретін оқиғаның мән жайын іnbusiness.kz-ке айтып берді.

Бірнеше жыл бұрын Маңғыстауда сұйытылған газ өңдеу зауытын салу жоспарланған болатын. Ол үшін резервуарлар қажет болды. "Чжунте Қазақстан" ЖШС 2015 жылы "ГММОС Қазақстан" жауапкершілігі шектеулі серіктестікке құрылысқа қажетті 6 резервуарға тапсырыс берді. Ақшасы төленді, тапсырыс бір жылда дайын болу керек болған. Бірақ қытайлық инвесторлардың өз мүлкін қайтара алмай жүргендеріне, міне, алты жыл болды. Қытай компаниясының өкілі, адвокат Олжас Абдулин мүлік зауыт аумағынан із-түзсіз жоғалып кеткенін алға тартты. 

Сұйытылған көмірсутекті газ резервуарларын жасаған кәсіпорын оларды тапсырыс берушіге бергісі келмейтіні белгілі болған кезде, шырғалаңы көп сот процестері басталды. 2019 жылдың қараша айында Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен "Чжунте Қазақстан" ЖШС-нің "ГММОС Қазақстан" ЖШС-не қойған талаптары қанағаттандырылды. Сот "ГММОС Қазақстан" ЖШС-ні 2015 жылғы 7 сәуірдегі GKWC-010/15 жеткізу шартын орындауға міндеттеу және "Чжунте Қазақстан" ЖШС-ға әрқайсысының салмағы 61 300 кг, жалпы құны 125 млн теңгеге жуық алты резервуар беру" туралы қаулы шығарды.

"Чжунте Қазақстан" ЖШС 2015 жылы 112 млн теңге төледі, ал қалған қаражат тауарды қабылдау актісіне қол қойылғаннан кейін берілуге тиіс болған. 2019 жылдың қараша айында сот шешімі шығарылған кезде осы төлем құжаттарының барлығы іске тіркелді. Шешімде көрсетілгендей, сот төлем жасалғанын растады. 11,6 млн теңгеге келетін болсақ, Шартқа сәйкес міндеттемелерді орындамаған тарап өсімпұл төлеуге тиіс. Содан бері "ГММОС Қазақстан" ЖШС уақытты барынша созу үшін соттардың барлығына қатысады, бірақ резервуарларды әлі күнге дейін қайтармады",  деп түсіндіреді "Чжунте Казахстан" ЖШС өкілі.

Оған қоса кәсіпорында оңалту процесі басталады. 2021 жылғы маусымда "ГММОС Қазақстан" ЖШС компанияда оңалту рәсімі жүріп жатқандықтан, оңалтуды басқарушы тұлғасында 2019 жылғы талапты орындауды тоқтату туралы өтінішпен Маңғыстау облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінеді. Сот талапты қанағаттандырмайды. Нәтижесінде, алты резервуарға қатысты қамтамасыз ету шаралары қабылданды, сондай-ақ мүлік "ГММОС Қазақстан" ЖШС меншігі емес, "Чжунте Қазақстан" ЖШС-не тиесілі екені туралы шешім шығарылды.

"Апелляциялық сатыдағы сотта "ГММОС Қазақстан" ЖШС өкілі резервуарлар "Чжунте Қазақстан" ЖШС мүлкі екенін растады. Апелляцияда соңғы шешім қабылданды, соған сәйкес сот актісінде резервуарлар оңалту массасына жатпайтыны көрсетілді. Бірақ оңалтуды басқарушы сот шешіміне қарамастан, біздің мүлкімізді қайтарудан үзілді-кесілді бас тартты. Сонымен біз өткен жылдың желтоқсан айынан бастап бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан сот процестеріне қайта оралдық",  деп атап өтті Олжас Абдулин.

Алайда оқиға мұнымен аяқталмайды. Өткен жылдың желтоқсан айында "Чжунте Қазақстан" ЖШС 6 резервуардың тек 4-і қалғанын естиді, ал қалған екеуінің қайда кеткенін ешкім білмейді.

"Мен зауыттың өзіне барып, талай рет басшылықпен сөйлесуге тырыстым. Зауыт қашан барсаң да жабық, күзетшілер өндіріс орны жұмыс істемейтінін айтады. Менің түсінбейтінім, егер оңалту жүріп жатса, бұл процесс төлем қабілеттілігін қалпына келтіруді көздейді, яғни олар бір жолын тауып жұмыс істеулері тиіс болған, ал онда тек күзетшілер ғана ауысады. Олардың резервуарлар туралы ештеңе білмейтіні айдан анық. 2022 жылдың маусым айында Ақтауда жұмыс істейтін қызметкеріміз қоңырау шалып, трейлерге тағы екі резервуар тиелгенін хабарлады. Біз полицияға дереу қоңырау шалдық. Тәртіп сақшылары келіп, резервуарлардың шынымен жүктелгеніне және зауыттан шығарылғанына көз жеткізеді. Сол күні мен ұшып келдім, ал біздің қызметкер осы уақытта оңалту басқарушысына қатысты полицияға арыз жазады. Біздің қызметкер полицияда болған кезде қайдан алынғаны белгісіз "ГММОС Қазақстан" ЖШС-нің оңалту туралы құжаттары пайда болады. Оларға біз резервуарлардың оңалтуға ешқандай қатысы жоқ екендігі жазылған 19 қаңтардағы сот шешімін көрсеттік. Тергеуші қылмыстық істі объективті жағынан қарайтынына сендірді. Ал таңертең ешқандай іс қозғалмағанын, зауытта тек екі резервуар қалғанын білдік",  деп түсіндірді Олжас Абдулин.

Қытай компаниясының өкілдері полиция департаментіне кезекті өтініш жазып, кейін барлық инстанцияларға: СІМ, ІІМ, Бас прокуратураға жүгінді. Бірақ хат-хабарлар мен соттар жүріп жатқанда компанияның мүлкі белгісіз бағытта әкетіліп жатыр.

"Біз олардың сатылғанын-сатылмағанын білмейміз. "ГММОС Қазақстан" ЖШС-мен тілдесудің сәті түспейді. Тек сотта "Саттыңдар ма?" деп сұраймыз, "жоқ" деп жауап қайтарады. Онда қайда оны жібердіңдер десек, үндемейді. Мұндай іспен сотқа дейінгі тергеу органдары айналысуы керек. Оны сертификатсыз сата беретіндей қарапайым құрал емес қой. Құжаттардың бір бөлігі, соның ішінде сертификаттар бізде. Егер резервуарлар шекара асырылса, демек, сатылды деп қана болжай аламыз", – деді қорғаушы.

Заңгер полиция департаменті тергеу жүргізуге, мүліктің қайда шығарылғанын анықтауға, сондай-ақ резервуарларды күзетілетін айыппұл тұрағына қоюға міндетті екенін атап өтті.

"Бірақ айтылғанның бірі де жасалмай жатыр! Олар мұны тек азаматтық-құқықтық қатынастар деп, қолдарын бір сілтейді. Дегенмен бұл қарым-қатынас тығырыққа тірелгенін мойындау керек, өйткені резервуарлар оңалту массасына жатпайтынын, "Чжунте Қазақстан" ЖШС-не тиесілі деген шешім заңды күшіне енді ғой. Тағы не керек? Бұл барып тұрған әділетсіздік! Өзіңіз елестетіп көріңізші, сіз кәсіпорынға көлігіңізбен кіресіз, оның аумағынан шыға бергенде есік жабылып, көлігіңіз сонда қалады. Әрине, сіз оны қайтарғыңыз келеді, өйткені оны сіз өз ақшаңызға сатып алдыңыз, тиісті құжаттарыңыз да бар. Ал олар сізге зауыт аумағында оңалту жүріп жатқанын айтып, көлігіңізді басқа біреуге сатып жібереді. Миға сыймайтын жағдай ғой! Біз дәл осындай оқиғаға тап болдық. Сотқа дейінгі тергеу органдары өздеріне ыңғайлы позицияны ұстанып алған деп санаймыз, әйтеуір, оңалту жүріп жатыр деп құтылады. Ал көз алдарында қылмыстық құқық бұзушылық болып жатқанына назар аударғылары келмейді. Тағатсыз уақыт өтіп жатыр, ал мүлік бір жаққа кетіп жатыр. Мен сенімгеріме неге қылмыстық іс қозғалмайтынын түсіндіре алмай келемін. Ол менен "Қанша арыз, шағым жазсақ та неге Қазақстанда бұл істі қарамайды?" деп сұрайды, шыны керек, қалай жауап берерімді де білмеймін", – дейді Олжас Абдулин.

Қытайлық инвесторға жағдайды логикалық тұрғыдан түсіндіру қиын. Өйткені Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап шетелдік капитал үшін ашықтық қағидатын ұстанатынын, сондай-ақ шетелдік инвесторлардың құқықтарын қорғауға кепілдік беретінін жариялап келеді. Және еліміз бұл бағыттан тайынған емес. Мәселен, осы жылдың маусым айында президент Тоқаев "Қазақстан Орталық Азиядағы инвестициялар үшін ең тартымды бағыт болып қала береді. Өткен жылы шетелдік серіктестер шамамен 24 миллиард доллар инвестициялады" деп хабарлады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан инвесторлар үшін ашық есік саясатын жалғастыратынын атап өтті. Бірақ жоғарыда айтылған сынақтардан өткен инвестор біздің есікті қайта ашқысы келе ме? Әрине, екіталай.

Қытайлық компаниялар жағдайында Украинадағы соғыстан кейін пайда болған сынықтарды да ескеру қажет. Енді Азия өңірі барлық жобаларды, соның ішінде жаңа көлік-логистикалық тізбектерді кеңейту мен нығайтуды көздейтін "Бір белдеу – бір жол" жобасын жандандыруда. Жаңа экономикалық жағдайда Қазақстанға маңызды рөл берілетіні туралы осы жылдың қыркүйек айында Си Цзинпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында да нақты айтылды.

Қытайлық инвестор Бас прокуратураға қайта жүгінуді жоспарлап отыр. Егер бұл жолы да нәтиже болмаса, Қытайдың Қазақстандағы елшілігінен көмек сұрауға тура келеді.

"Менің сенімгерім жағдайды халықаралық деңгейде көтеру керек дейді, онда наразылық нотасы болатыны белгілі. Біз сотқа дейінгі тергеу органдарынан төрт резервуар қайда әкетілгенін анықтау үшін қылмыстық іс қозғауды талап етеміз", – деп түйіндеді адвокат.

Inbusiness.kz шетелдік компанияға қатысты оқиғаның жалғасын бақылайтын болады.

Аударған Динара Мұрат 

Фото және видеоны "Чжунте Қазақстан" ЖШС  ұсынған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу