Қытай Иранға қару жеткізбеуге уәде берді – Трамп

506

Бейжің бұл мәлімдемені әлі растамады. 

Қытай Иранға қару жеткізбеуге уәде берді – Трамп Фото: REUTERS / Kevin Lamarque

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдың Иранға қару жібермеуге уәде бергенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Truth Social желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап

Ақ үй басшысының айтуынша, Қытай Ормуз бұғазының ашық болғанына дән риза. Сонымен қатар Бейжің Иран билігіне қару жеткізбеуге келіскені де айтылды. Десек те, Қытай тарапы бұл мәлімдемені әлі растамады. 

Бұған дейін америкалық БАҚ беттерінде Си Цзиньпиннің Иранға қару жеткізуді жоспарлауы мүмкін деген ақпараттар тараған болатын. Соның ішінде Қытайдың Иранға тасымалданатын зениттік зымыран кешендерін жіберуі ықтимал деген болжамдар айтылды. Трамптың осы мәселеге байланысты мәлімдемесі осыдан кейін жарияланды. 

Бұдан бөлек бұл тасымалды жасыру үшін Бейжіңнің үшінші елдерді пайдалануы мүмкін екені де айтылған. АҚШ президенті мұндай жеткізілімдер расталса, Қытайды "айтарлықтай қиындықтар" күтіп тұрғанын ескерткен.

Қос мемлекет басшылары телефон арқылы сөйлескенде бұл мәселе де көтерілген. Трамптың айтуынша, Си Цзиньпин Иранға қару жеткізілуі мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарған. Мұндай пікірді Вашингтондағы Қытай елшілігінің өкілі де айтып, бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтқан.

Бұл ретте АҚШ әкімшілігі Қытайдың Иранның зымыран бағдарламасына баяғыдан бері көмектесіп келе жатқанын мәлімдеп отыр. Трамп 14-15 мамыр күндері ұлы Эрикпен бірге Қытайға баруды жоспарлап отыр. Ол Си Цзиньпин оны жақсы қарсы алатынына сенім білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу